Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа карсы күрес басқармасы арнайы іс-шаралар барысында 37 жастағы тұрғынның басқаруындағы Volkswagen Touareg автокөлігін ұстады. Көлік ішінде марихуана салынған 2 пластик сыйымдылығы табылды.
Азаматтың жалдаған пәтерін тексеру кезінде фитозертхана анықталды. Арнайы желдету жүйесі, диодты шамдар, ылғалдылықты өлшеу құралдары, термометр және автоматты суарумен жабдықталған бөлмеде ер адам қарасора өсірген.
Дәл осындай зертхана ер адамның сыныптасының үйінде де анықталды.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 13 келіден асады. Оның ішінде қарасора бұталары мен көшеттері және 15 дана бір литрлік сиымдылықтарға салынған марихуана бар.
Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Ғаламтор арқылы сан алуан құйтырқы әрекетке баратын есірткі саудасын құрықтап оған тосқауыл болу бір министрлік емес, барша елдің бірігіп, жұмыла жүргізетін әрекеті болуы керек деген ой келеді. БҰҰ мәліметінше, әлемде 275 млн нашақор бар. Әрине, бұл нақты сан емес. Дегенмен бұл санның артып кетпесе, кемімейтіні өкінішті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды отырыстардың барлығында дерлік есірткінің ұлт саулығына үлкен зиян әкеліп отырғанын айтып, сананы улаған осы бір кеселмен барынша күресу керектігі туралы тиісті тапсырмалар да беріп келеді. Президент тапсырған соң Үкімет Қаулысымен Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.
Нәтижесінде, 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақмерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.
Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ. Кешенді жоспарда көрсетілген өзге де шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған. Қазір алғашқы қадамы жүзеге асырылу үстінде.