Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ғимараттарының құрылысына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар нысандарды инженерлік коммуникациялармен қамту, абаттандыру жайын, сондай-ақ құрылысты салу және пайдалануға беру мерзімдерін егжей-тегжейлі пысықтады. Сонымен қатар, нысандарды салу кезінде қаланың жергілікті кәсіпорындарының, атап айтқанда, жиһаз фабрикаларының өнімдерін пайдалану қажеттілігі айтылды.
Шымкент қаласы әкімдігінің білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын аясында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде 2000 орындық – 8 мектеп, 1500 орындық – 2 мектеп, 1200 орындық – 7 мектеп және 600 орындық 1 мектеп бар.
2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 20 мың оқушыға арналған 23 мектеп ашылғанын атап өтті. Бұл үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге көмектесті. Қарқынды дамып келе жатқан демографияны ескере отырып, өңірде тағы да жаңа білім беру нысандарын іске қосу жоспарлануда. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 28000 оқушыға арналған 18 мектеп бар. Сонымен қатар 9 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілді, тағы 25-і 2025 жылға дейін жөнделеді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесі жоспарлы түрде шешілуде. Өткен жылы ғана 28 балабақша ашылып, мемлекеттік тапсырыс 3 мыңға жуық орынға ұлғайтылды. Нәтижесінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеумен 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 95% қамтылды.
Жобаны іске асыру қала басшысының тікелей бақылауында. Мәжіліс қорытындысы бойынша қала басшысы құрылысты сапалы, мерзімінде аяқтау бойынша жауаптыларға нақты тапсырма берді. Мектептерді заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету және жайлы мектептерге білікті мамандарды даярлау мәселелерін шешуді тапсырды.