Шымкент қаласында «Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне» орай, әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның отырысы семинар-практикум форматында өтті. Отырыстың басты мақсаты – қала кәсіпорындарын еңбекті қорғаудың тиімді тәжірибелерімен таныстыру және саладағы озаттарды марапаттау.
Күн сайын әлемде адамдар жұмыс орнында да жазатайым оқиғалардан қайтыс болып жатады, сонымен бірге, кәсіби ауруларға да шалдығады, бұл кейіннен өлімге әкеледі. Еңбекті қорғаудың ұлттық мәдениеті-барлық мүдделі мемлекеттік органдар, кәсіпорын басшылары, кәсіподақ ұйымдары, Қоғамдық ұйымдар мен қызметкерлер қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысып, құқықтар мен міндеттерді нақты айқындай отырып, денсаулыққа зиянсыз өндірістік орта құратын және ең жоғары басымдық профилактика принципіне берілетін барлық деңгейдегі қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларына құқықты құрметтеу.
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалғаннан кейін қорытынды сөз «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевке берілді. Ол еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, азаматтардың денсаулығы мәселелері ҚР Кәсіподақтар Федерациясының басым бағыттарының бірі екеніне тоқталып, өндірістік жарақаттануға жол бермеуді насихаттау, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жүйелерін ілгерілету және арттыру мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы биыл 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағанын айтты. Сонымен қатар кәсіподақ тарапынан осы бағытта қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Нақтырағы «Қазіргі таңда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қызметкерлердің жарақаттануы аса өткір мәселеге айналып отыр. Бұл мекеме басшылары мен қызметкерлердің аталған түйткілге жауапкершілікпен қарауын талап етеді. Биыл ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Қауіпсіз еңбек жылы» аясында көптеген шаралар өткізудеміз. Біз үшін ең маңыздысы – адам өмірі. Еңбеккердің денсаулығы мен өмірін сақтау жолында күш-жігерімізді біріктірдік. Бұл орайда, өндірістегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселесіне жіті назар аударылуда. Әр кәсіпорында бекітілген еңбек, ұжымдық шарттарда әр жұмысшының денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтау аса маңызды. Әлеуметке бағдарланған кез-келген кәсіпорын бәрінен бұрын түрлі апаттарды, жарақаттануды төмендетуге мүдделі екенін ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі өткізіліп отырған жиынымыздың мақсаты да — осы» — деді аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев.
Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның отырысында қарастырылған бағыттар бойынша хаттама әзірленіп, ұсыныс пікірлер қабылданып, тараптарға жолданды.