Адамды адам ететін еңбек. Тынымсыз ізденістің нәтижесі білікті маман болуға жол ашады. Оған жету жолында көптеген қиындықтар кездесері анық. Кедергілерді еңсеріп, еңбек адамының мүддесін қорғауда кәсіподақтың орны ерекше. Жұмыскерлерге еркіндік беріп, еңбексүйгіш, өз ісінің маманы болуға жағдай жасау «Шымкент қаласы білім, спорт және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұранына айналды. Білім саласы қызметкерлеріне қолдау танытып, жан-жақты жұмыс істеуіне ықпал етіп, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келісімдерді жүргізіп, еңбек адамының құқығын қорғауда, еңбек қатынастары және одан туындайтын басқа да мәселелерді шешу жолында аянбай қызмет атқарады.
Құқықтық жұмыстар: Кәсіподақ ұйымы өз мүшелерінің құқығын қорғау үшін мақсатты жұмыс істеуде. Түскен арыз-шағымдардың қаралуы мен шешілу жолдарын саралап, мүмкіндіктерді барынша пайдаланды. Білім саласы қызметкерлері арасында көптен бері көтерілген түйткілді дүниеге нүкте қойды. Еңбек адамының әлеуметтік жағынан жақсарту жолында ұстаздардың медициналық тексеруден тегін өткізу мәселесін көтеріп, жергілікті бюджеттен қаржы бөлгізіп, оң шешілуіне ықпал етті.
Еңбекақыны төлеу және есептеу, бала күтіміне байланысты демалыс, жеке еңбек дауларын қарау, білім беру мекемелеріндегі кітапханашылардың, медициналық қызметкерлердің еңбекақысын көтеру, әлеуметтік әріптестіктің қолданылуы, ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы мәселелер бойынша кеңестер мен тиісті құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіподақ белсенділерінің бірлігін нығайту, көшбасшыларының жауапкершілігі мен беделін арттыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында оқыту – семинарлары тұрақты өткізілді. Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жұмыстың нәтижесінде педагогтер арасында өткен жылдан қарағанда арызданушылар саны едәуір төмендеді.