• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ЕСІРТКІ – ҚОҒАМ ДЕРТІ

Автор:admin

Сен 26, 2024
Spread the love

Бүгін қаламызда Шымкент қаласының Полиция департаменті мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шымкент – есірткісіз қала» атты іс-шарасы өтті. Науқанға 1500-дай еріктілер, студент жастар қатысты. Аталған акцияның мақсаты – жастарға синтетикалық есірткінің зияндылығын түсіндіре отырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады.
Елімізде де, бүкіл әлемде де алаңдаушылық тудыратын өзекті мәселелердің бірі – нашақорлықтың таралуы. Бұл құбылыс жеке адамның ғана емес, жалпы ұлттың денсаулығына қауіп төндіреді.
Нашақорлық – есірткіге немесе психотроптық затқа тәуелділіктен туындаған ауру. Есірткіні қолдану нәтижесінде психикалық және физикалық тәуелділік қалыптасады. Тәуелділіктің қалыптасу жылдамдығы және оның ауырлығы әр түрлі болуы мүмкін. Яғни жасына, қолдану жиілігіне, ағзаның ерекшеліктеріне әсер етеді. Психикалық тәуелділіктің жағдайы адамның есірткінің көмегімен ішкі тепе-теңдікке қол жеткізгісі келетіндігінде және есірткінің әсерін қайта-қайта сезінуге тырысатындығында көрінеді.
– Қазіргі таңда елімізде белең алған синтетикалық есірткінің әсіресе жастар арасында кең таралуы және оның алып келетін салдары мен жауапкершілігін түсіндіру біздің мақсатымыз. Қалада 70 учаскелік полиция пунктері жұмыс істейді. Осы пунктерге 1500 ерікті жастарды бөліп, қаланың түкпір-түкпірін қалдырмай, аула, көшелерді аралап, есірткі жарнамаларын жоямыз, – деді Шымкент қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Арман Бейсенбаев.
Жиын барысында мамандар тәжірибе жүзінде есірткі таратушыларды байқаған жағдайда, әрекет ету тәртібі туралы толыққанды көрсетіп, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға үгіттеді. Жастар тиісті сала мамандарына көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алып, өзара еркін пікір алмасты.
Сонымен қатар, белсенді жастар еліміздегі ең маңызды шешімдердің бірі АЭС салу, рефернедум мәселесіне де үн қосып, өздерінің өзіндік пікірілерімен бөлісіп, маңызды шешімді ел болып қабылдауға, референдум күні белсенді болуға шақырды. Ал еріктілер қаладағы есірткі тарататын жазуларды жоюмен қатар, есірткі нүктелерін анықтауға қатысып, 10000-дай үнпарақтар тарататын болды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика