«Intellectual Volunteer» еріктілер жобасы туралы
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» — деп атап өткен болатын.
Ерікті (волонтер) – латынның «voluntaries» сөзінен шыққан. Өз еркімен, өзінің есебінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласушы деген мағынаны білдіреді. Бұл термин әлемде ең алғаш 1600 жылы қолданылды. Соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды солай атаған көрінеді. Кейін келе барлық салаға өз бетімен, ешбір қайтарым күтпей жұмыс істеуді қалайтындарға осы теңеу таңылды. Қазіргі қоғамда түрлі діни көзқарастардың белең алуы, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында қылмыстың өсуі, маскүнемдік, шылым шегу, нашақорлық, өз-өзіне қол жұмсау, жас отбасылардың ажырасуы жағдайларының көбеюі өзекті мәселе болып тұр. Осы түйткілді мәселелерді шешуде де еріктілердің кіршіксіз таза жүрекпен жасаған ізгілікті қызметтері керек-ақ.
Еріктілер көне дәстүрімізде «асаршылар», Кеңес одағы кезінде «тимуршылар» деген атпен белгілі болса, бүгінде бұл игі іспен әлем бойынша миллиондаған адам айналысады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда еріктілер қызметі 1991 жылдан бастау алады. Ал Еуропа елдерінде бұрынырақ, яғни ХІХ ғасырдың 20 жылдарынан пайда бола бастаған.
Еріктілер қызметі бұл – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты жәрдем. Қайырымдылық адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі және ізгіліктің анық көрінісі болып есептеледі. Волонтерлік қызмет – өз еркіңмен баратын қайырымды шара. Дегенмен, бұл жүрек қалауының қызметі қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ежелден келе жатқан – жылу жинау немесе асар жасау дәстүрлерінің тарихи жалғасы. Табиғат апатынан немесе өзге де бақытсыздық салдарынан баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған отбасыға ауыл болып көмектесуді қазақта «жылу жинау» деп те айтады. Сондықтан, «ерікті» сөзі кейін пайда болған немесе жаңа заманның термині деп қабылдаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл сөздің түбірі біздің халықтың дәстүрінде әу бастан қайырымдылықпен қанаттасып жатыр.
Бүгінде қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, түрлі әлеуметтік жобаларға атсалысып жүрген қоғамдық қорлар мен еріктілерден құралған ұйымдар бар. Олардың бірі бизнесте, экономикада жүрсе, енді біреулері әлеуметтік көмек көрсетіп қоғамға пайдасын тигізіп келеді. Солардың қатарында Еріктілер жылына орай құрылған «Intellectual Volunteer» еріктілер жобасы да бар. Адамдарға көмек көрсетіп, тәжірибе жинауға, жастардың өз белсенділіктерін көрсетіп қана қоймай, интеллектуалды тұрғыда дамытуды көздейтін еріктілер жобасының ұйымдастырушысы – «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы, «Intellectual Volunteer» жобасының координаторы – Қуаныш Молдақашев. Ерікті жастар ұйымдастырған жобаның жұмысының алға басуына себепкер болған республика көлеміндегі «Асыл мұра», «Таза әлем», «Қамқор» және «Сабақтастық» сияқты ірі жобалар. Ал негізгі қолдаушысы — «Азаматтық бастамаларды қолдау қоры». «Intellectual Volunteer» еріктілер жобасы аталған қордың грантын ұтып алып, бүгінде қарқынды жұмыстар атқарып келеді.
– Жалпы биылғы жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланғаннан кейін еріктілік туралы жан-жақты мәліметтер қарастырдық. Оның түрлеріне де аса назар аудардық. Қазақстанда мәдени көпшілік іс-шараларда жұмыс істейтін, қайырымдылық жасауға бағытталған еріктілікпен айналысатын ұйымдар саны басым әрі жақсы дамыған екен. Содан ойлана келе интеллектуалдық бағытта еріктілікпен айналысамыз деп шешім қабылдадық. Сонымен қатар интеллектуалдық ойындарды дамыту мақсатында «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» деген қоғамдық қор құрдық, – деді Қуаныш Панарбекұлы.
Жалпы заман дамыған сайын интеллектке қойылатын талап пен көзқарас өзгеріп келеді. Интеллектуалдық күш-қуаттың негізі – қабілеттілік болғандықтан әрбір адам өз қабілетінің қандай екендігін бір іске кіріскенде ғана біледі.
– Жалпы әр адам еріктілікті әр түрлі түсінеді. Менің ойымша, бұл дұрыс. Себебі еріктілік деген нақты ұғым болмауы керек. Адам әр жасаған ісін еріктілік деп қабылдаса ғана жұмыс жемісті болады. Еріктіліктің негізгі анықтамасы кіршіксіз, қайтарымсыз жәрдем ету, өзінің қолында барын, қабілетін еш көмексіз, ешкімнен қайтарым күтпей көмектесу. Менің түсінігімдегі инттелектуалдық еріктілік бірінші кезекте әрекет емес, білім арқылы, әр түрлі шешімдер арқылы қолдау білдіру. Екіншіден адамдарды интелектуалды тұрғыдан дамыту, қажетті ақпаратты қайдан алуға болатындығын түсіндіріп, анализ жасауға үйретіп, әлеуметтік желідегі әр түрлі мүмкіндіктерді көрсету, – дейді жоба жетекшісі Қуаныш Молдақашев.
«Intellectual Volunteer» еріктілер жобасы тиімді жұмыс жасауға арналған онлайн білім алатын білім ошақтарын, YouTube және telegram каналдарды, подкастарды, пайдалы мәліметтерді табуға көмектеседі. Бұл тек жастар ғана емес, барша адамдардың интеллектуалдық тұрғыдан дамуына көмегін тигізеді. Тренингтер, курстар мен түрлі ойындарды ұйымдастырумен қатар жастарды қоғамдық жұмыстарға жұмылдырып, өздерінің қабілеттерін қоғамға ұсынады.
Бүгінде «Intellectual Volunteer» еріктілер жобасы Семей қаласының Ішкі саясат бөлімі, Семей қаласының жастар ресурстық орталығымен бірлескен жобаларды атқарып келеді.
– Ең бірінші біз мақтан тұтатын жобалардың бірі – «Үш анық» интеллектуалды ойыны. Одан өзге квиз-паб, квиз-плиз, ми батл деген ойындар бар. Мұндай интеллектуалды ойындардың елімізде қазақша түрлері енді дамып келеді. Алматы мен Астана қалаларында бірнеше қазақша квиз құрылып жатыр. Осы форматта біз интеллектуалды ойын жасадық. Бірақ пабты өткізген жоқпыз. Бірінші кезекте аудитория жинап алуды алдыңғы орынға қойдық. Және де интеллектауалды орта қалыптастыру мақсатында аталған интеллектуалдық ойындарды кітапханаларда өткіздік. Көбіне оған студенттер қатысты. «Үш анық» интеллектуалдық ойыны былтырғы жылдан бастап жүзеге асқан болатын. Карантин кезінде онлайн түрде болды. Бір қуантарлығы екінші маусым республикалық деңгейде өтті. Мықты блогерлер мен әр түрлі пікір сайыстың мықтылары қатысты. Сәтті жобалардың бірі болды деп айтуға болады. Одан кейінгі іске асыратын маңызды жобалардың бірі «Асыл мұра» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асып келеді. Жеке өзім екі жобаны іске асырамын. Оның бірі «Аманат» деп аталады. Жоба барысында қаламыздағы тарихи ескерткіштерге мониторинг жүргізіп, олардың жай-күйін қараймыз. Екі ай көлемінде ескерткіштердің жағдайы, ондағы тұрғындар пікірі, жөндеу жұмыстарының қажеттілігі туралы материал жинақтап, қаламыздағы мәдениет бөліміне ұсынатын боламыз, – дейді еріктілер жобасының жетекшісі Қуаныш Молдақашев.
«Intellectual Volunteer» жобасының координаторы – Қуаныш Молдақашев
(«Intellectual Volunteer» жобасының координаторы – Қуаныш Молдақашев)
Сонымен қатар интеллектуалды еріктілер Семей қаласында тазалық жұмыстарын ұйымдастырып жүр. «Таза ескерткіш» жобасы аясында олар ескерткіштерді жуып, тазалайды. Бір қарағанда қарапайым көрінетін жоба болғанымен олар интеллектуалдық бағытты ұстанады. Екіншіден ескерткіштер туралы мәлімет беріп, оның қандай оқиғаға қатысты қойылғандығын, маңызын жастарға ұғындырады. Одан бөлек «Eco қаптар» жобасы аясында сенбіліктерде түрлі қаптарды үлестіреді.
– Адамдар көбіне сенбілік барысында табиғатқа етене жақын болады. Сондықтан біз пластикке, шыны мен металлға арналған қаптарды дайындап, жалпы қалалық сенбіліктерде таратамыз. Таратып қоймай, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қоқысты жинау кезінде оны сұрыптауға болатындығын көрсетеміз. Қоқыстың табиғатқа әсері мен оның сұрыпталу маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Адамдар көбіне сенбілік барысында табиғатпен жақын болады,– деді еріктілер жобасының жетекшісі.
«Intellectual Volunteer» еріктілер жобасы әлеуметтік «Керуен», «Қолдау» атты жобаларға атсалысады. Қарттарға көмек көрсетіп, тұрғындарға электронды порталда жұмыс істеуге үйретеді. Одан бөлек ауылдық жерлерге барып мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіреді.
– Ауылдық жерлердің тұрғындары көп жағдайда интернетпен қамтылса да, көп бағдарламалармен таныс емес. Сол себепті біз қаладағы мемлекеттік мекеме мамандарына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сияқты әр түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып жатқан мекеме өкілдерін ауылдағы елді-мекендерге апарып, консультация беруге мүмкіндік жасаймыз. Олар үй алу, кредит рәсімдеу немесе бизнесін дамыту бойынша көптеген ақпарат алады. Жобаларды дамыту тұрғысында жұмыстар жүргізіп келеміз. Одан бөлек біздің instagram парақшамызда көптеген пайдалы мәліметтермен бөлісіп отыратын боламыз. Әр түрлі пайдалы тегін курстарды ұсынамыз. Бүгінде көп жастар интернетті пайдаланғанымен маңызды, пайдалы ақпараттарды қайдан алу керек екенін біле бермейді. Одан бөлек қазақстандық мықты азаматтардан сұхбат алуды жоспарлап отырмыз. Біз көп сұхбаттарды көргенде, шет елдік адамдарды көреміз. Олар бізге қол жетпейтіндей көрінеді. Ал отандастарымыздан сұхбат алып, түрл жобалар жасасақ көптеген жасқа үлгі болып, мотивация алар еді. Алда барлық жоспарларымызды сәтті жүзеге асырамыз деп ойлаймын,– деді Қ.Панарбекұлы.
Әңгіме барысында интеллектуалды еріктілер жобасының еріктілерін де сөзге тарттық.
– Ерікті болу деген адамның өзінде бар мүмкіндігін, қабілетін жақсылыққа жұмсау. Жақсылық жасау кезінде одан бір қайтарым пайда келеді деп ойламау. Яғни жалпылай айтқанда ерікті болу біреуге немесе қоғамға жақсылық жасаған кезде қайтарымсыз әрекет ету. Осы анықтамаға сәйкес келетін барлық нәрселерді мен еріктілікке теңеймін. Адамдар ерікті деген ол табиғи апаттар болған кезде қалпына келтіру, іс-шараларды ұйымдастыру деген сияқты әрекетке көбірек негіз қояды. Менің ойымша ол дұрыс емес. Біздің елімізде төтенше жағдай кезінде көп адамдар қайырымдылыққа қаражаттарын берді. Қаражатты тек беру ғана емес, оны ұйымдастырып, жинап, дұрыс үлестірген жандар бар. Егер адам әрекет етсе, өзінің мүмкіндігін ұсынса, әрекетпен ғана емес, біліммен немесе көңіл сыйлап, өзінде бар мүмкіндікті біреуге жақсылық әкелуге жұмсауы керек деп есептеймін, – Қуаныш Молдақашев.
Интеллектуалды еріктілер жобасы биылғы жылы Семей қаласында қазақ тілді интеллектуалды ойындар лигасын құрған. Елімізде орнаған пандемияға байланысты ойындар мен жобалар онлайн форматта ұйымдастырылып республикалық командалардың қатысуымен өткізілген шара барысында қарқынды жұмыстар жүргізілді. Еріктілердің саны көп болмаса да, интеллектуалды жастар қауымдастығы Семей қаласында толық пікір сайыс қозғалысын, Интеллектуалдық ойындар лигасын ұйымдастырған. Онда шамамен 20-30 ерікті жұмыс істеп жатыр.
– Біздің интеллектуалды еріктілікпен айналысудағы басты мақсатымыз – жастарымыздың қоғамға бейімделуі. Олардың ойы мен сөзін бір арнаға тоғыстыруға көмектесу. Демек өз ойын ашық әрі нақты жеткізуге аудиториямен жұмыс жасауға, көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында жұмыстар жүргізуді қамтимыз. Осы орайда біз оларға теориялық лекциялық, тренингтік сағаттар өткіземіз. Мысалы ретінде саяси, экономикалық бағыттарда білім бердік. Осы алған білімдерін дамыту үшін практикалық тұрғыда турнирлер ұйымдастырдық. Турнир барысында жастарымыз өз ойларын ортаға салып, пікір таласты. Бұның барлығы олардың жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Тек қана бұл бағыттарда ғана емес, жастарымыздың басқа да қырларын ашу үшін көптеген іс шаралар ұйымдастырамыз. Солардың бірі – «Жүрегіңді еріт» атты кітап жәрмеңкесі. Ол жерде балалар өздерінің оқып, аяқтаған кітаптарын бізге өткізу арқылы қайырымдылық жасайды. Біз ол кітаптарды басқа оқымаған жастарымызға сату арқылы қаражат жинап, ол қаражатты сырқаттанған бауыр-қарындастарымызға береміз. Қандай іс-шара болмасын жастарымыздың ауызбіршілігін, қайырымдылыққа деген көзқарастарын өзгертеді және де олардың жан-жақты дамуына үлкен септігін тигізеді, – дейді Семей Медицина университеті «Салауат» дебат клубының координаторы Азамат Елдар.
– Ең алдымен интеллектуалды еріктілікпен айналысып жүрген себебім – осы іске өзгелерді тарту. Оларға пікір сайысты көрсету, өз артына сапалы шәкірт қалдыру. Еріктілікпен айналысып жүргеніме үш жылдан астам уақыт болды. «Оратор» интеллектуалды пікір-сайыс клубының мүшесімін. Жыл аясында пікір-сайыс клубына жаңа студенттердің келуіне ықпал еттім. Қойылған жоспарларға сәйкес жаңа құрам жасақтап, тренингтер өткіздім. Карантин уақытына дейін көптеген кездесулер ұйымдастырып студенттердің турнирлерге шығып, жүлделі орындардан көрінуіне септігімді тигізіп келемін, – ерікті Қазез Жұмаханов. Адамдардың ой-өрісінің биік, жан-жақты дамуына атсалысып, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген «Intellectual Volunteer» еріктілер жобасының болашақтағы жұмыстарына сәттілік тілейміз. Қоғамдағы ерікті түрде жүзеге асырылатын көмек жастардың белсенділігін көрсетіп қана қоймай, өмірілік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретіндігіне сенім білдіреміз.
R-ақпарат