Ел басына күн туғанда жерін жаудан азат етуге асығып аттанған азаматтардың аман-есен оралғандарының бірқатары милиция бөлімшелеріне жұмысқа орналасқан. Олардың есімдері еш ұмытылмақ емес.
Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Аталарымыз бен әкелеріміздің қанымен, арымен келген осынау қастерлі мереке ерлік пен қаһармандықтың, отансүйгіштік пен патриотизмнің өшпес өнегесі болып тарих бетінде мәңгі қалатыны ақиқат. Бүгінгі ұрпақтың жарқын болашағы, бейбіт өмірі үшін от кешкен майдангерлер қатары қазір қаламызда санаулы ғана қалды.
Сатыбалдиев Сайдакбар — 1918 жылдың 15 мамырда ОҚО Сайрам ауылында дүниеге келген. 1940 жылы 8-жылдық мектепті бітіріп, наубайханаға жұмысқа орналасады. 1941 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, Мәскеуден Берлинге дейінгі шайқастарда болып, 1945 жылдың қыркүйегінде жеңіспен елге оралады.
ІІ-дәрежелі Даңқ, Ұлы Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген соғыс және еңбек медальдарымен марапатталған.
1946 жылы қаңтар айынан бастап Шымкент қаласы Ішкі істер органдары қатарына еніп, мемлекеттік автоинспекцияда жолда жүру бағыттарды реттеуші қызметін атқарған.
Сайдакбар Сатыбалдиев өзінің қызметіне аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Бұл кісінің қаланың орталық көшесіндегі жұмыс орнына кейбір қала жұрты әдейілеп барып тамсанып қарайтын болған. Әрине, жол-реттеуші милиция старшинасы Сайдакбар Сатыбалдиевтің қаланың үлкен қиылысындағы тіп-тіке тұрып, алатаяғымен мәнерлеп, тек қолдарымен би-билеп тұрғандай, автокөліктердің бағытын реттегенде қызығып қарамауға болмайтын еді. Халықтың сүйіспеншілігіне ие болған, еңбегі еленген Сайдакбар Сатыбалдиевке 2004 жылы ТМД елдерінде тұңғыш рет Шымкент қаласындағы Жол автоинспекция ғимаратының алдына қоладан құйылған ескерткіш орнатылған.