Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап уақыт сұранысына сай болуға тырысқан салалардың бірі еліміздің сот жүйесі. Осы жылдар ішінде салада өте көп реформалар жасалып, өзгерістер енгізілді. Нәтижесін сезініп те отырмыз. Қазір еліміздің сот жүйесі цифрлық жүйеге көшкен. Адам факторы араласпастан көптеген қызметтер автоматты түрде атқарылады. Соның бір мысалы қазір сот істері автоматты түрде бөлінеді. Яғни ешкімнің судья таңдауға немесе судьяның өзі қарайтын істі бөліп алуына мүмкіндігі жоқ. Бұл ең алдымен халық сеніміне сай болу үшін, екіншіден автоматтандырылған сот жүйесінің мүмкіндігінің көрсеткіші деуге болады. Бұл сот жүйесінің уақыт сұранысына сай болып отырғанының бір ғана мысалы. Ал салада уақыт тамырын дөп баса білген өзгерістер өте көп. Тағы бір мысал осыдан бірнеше жыл бұрын пандемиялық жағдаймен карантиндік режимде жұмыс бастағанда елімізде талай мекеме жабылып қалды. Жұмысын онлайн жалғастырып әкете алмаған талай қызмет қаңтарылды. Ал еліміздің сот жүйесі еш саспастан жұмысын одан әрі жалғап алып кетті. Бүгінде сол кезден басталған онлайн сот істер әлі жалғасып келеді. Яғни карантиннің өзінен өзіне ыңғайлы жұмыс жүйесін жасай білген еліміздің сот жүйесінің уақыт пен заман көшінен қалыспай келе жатқанын аңғартады.
Сәйкесінше елімізде халықтың құқығын қорғау деңгейі де артып келеді. Яғни осы жылдар ішінде еліміз өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде толығымен таныстыра білді. Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары екендігі мемлекетіміздің басты құжаты – Ата Заңымызда тайға таңба басқандай анық жазылған. Еліміздегі Ата Заңымыз кепілдендірілген осынау өзгерістерді кез келген қазақстандық пайдалана алады.
Осы орайда еліміздің сот жүйесінде өзгерістерге себеп болып отырған реформаларға тоқтала кетсек, олардың қай қайсысы болмасын сот жүйесінің сапалы дамуына айтарлықтай ықпал ете білді. Сот төрелігінің сапасы артып, жылдан-жылға сот жүйесін жетілдіру жұмыстары сәтті жүзеге асып халық көңілінен шығуда.Мәселен бұрын сот шешіміне наразы болатындар көп болса, қазір сот шешіміне наразылық хаттары айтарлықтай азайған. Сот жүйесінің діңгегі заң десек. Осы жылдар ішінде елміздің сот жүйесінде Қылмыстық-процессуалдық, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс, Еңбек кодексі секілді халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігіне қатысты көптеген өзгерістер орын алған. Қазір олардың әрқасысы сот жүйесінің дамуын жаңа арнаға бұрды. Судьяларымызға да қойылар талаптар күшейтіліп, олар қатаң іріктеуден өтетін болды. Елімізде 2000 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің маңызды қадамы болды. Аталмыш заңның аясында судьялардың әлеуметтік жағдайы ескеріліп, тәуелсіздігі біршама қамтамасыз етілді. Сапалы сот шешімдерінің санын арттыру үшін мамандандырылған соттар құрылды. Медиация институты, Алқабилер институты енгізіліп, медиацияның екінші тынысы ашылды, қамауға алу құзыреті прокуратурадан алынып соттарға берілді. Қазір еліміздің барлық сот кабинеттері заманауи техникалармен жарақтандырылған. Еліміздегі барлық деңгейдегі соттар заманауи аудио-видео құралдарымен жабдықталуы да саланың ауыз толтырып айтарлықтай жетістігінің бірі.
Осы жылдар ішіндегі саланың жетістігі дегенде бес сатылы сот жүйесінің орнына үш сатылы сот құрылымына көшуімізді, жоғарыда айтып өткендей Судьялар корпусы мен сот актілерінің сапасына қатысты талаптың күшейтілуін де айта аламыз. Қазір судьяларға талаптың күшеюінен олар қатаң іріктеуден өтуде. Цифрлы жүйенің арқасында «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті» сервисі, енгізіліп, сотқа қатысушыларға «Электронды шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «СМС-хабарлама» сервисі, «Талдау» форумы секілді жаңа электрондық қызметтер іске қосыла бастады. Таспаланатын сот процестерін ешкімнің өзгерте алу құқығы жоқ. Яғни кез келген адам өзі қатысқан сотының жазбасын алып көруіне мүмкіндік берілген. Кейін бұл дау шығармас үшін де керемет көмекші болып отыр.
Салаға жаңа ақпараттық технологияларды көптеп енгізудің арқасында арызданушы азаматтар мен сот қызметкерлерінің тікелей қарым-қатынасқа түсуіне жол берілмеуде. Бұл жемқорлқ деректерінің жолын кесіп, халықтың сотқа сенімі артуына мүмкіндік беруде. Жалпы «Сот төрелігінің 7 түйіні», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалар да салаға серпін берген өзгерістер болды. Мемлекетпен бірге дамып келе жатқан сот жүйесіндегі мұндай өзгерістер халқымыздың құқығының биік дәрежеде қорғалуына ықпал етері де сөзсіз!
Еркенұр Қонысбай