Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, 2003-2016 жылдар аралығында 225 мың адам құлдықтың немесе адам саудасының құрбанына айналған. Бұл тек расталып, анықталған мәліметтер ғана. Анықталмағанын назарға алсақ, тізім бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Мәселен, бейресми деректер жыл сайын адам саудасының құрбаны атанатындар саны екі жарым миллион адам екенін болжайды. Қазақстандағы ахуал қандай? «Әлемде және Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу. Қазақстаннан құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысты» дейді сонда жазылған мақалада. Көршілес Орталық Азия елдерінен, яки Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр екен. Аталған елдерден Қазақстанға құрылыс, ауылшаруашылығы және саудасаттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. Бұл да сол елдердегі экономикалық жағдайдың әсері болса керек. Адам саудасы фактілерінің көшіқон үдерістерімен бірге өсетінін мониторинг жұмыстары дәлелдейді. 2008 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни, еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасқан. Бұл жағымсыз көрсеткіш болғанымен, мұнда ресми деректер айтылмайды. Оның айқын болуының себептері де жоқ емес. Мәселен, алдымен сырттан келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Одан соң құлдыққа түскендер кейін зәбір көргенін, қорқынышын айтып, шағымдана бермейді. Ал әйел саудасына тап болған нәзікжандылар болашағын ойлап, жұртқа масқара болғысы келмейді. Бұл жерде қазақ бойында қанына сіңген менталитет жатыр, әсілінде. Ол – ұят болады. Сол ұят боладының нәтижесі, статистикалық деректердің толық болмауына әкелуде. Осыдан соң тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге алып болжам жасауда. Қазақстан соңғы жылдары адам саудасымен күрес бағытындағы заңнамалық базаны қатаңдатуда. Адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, кейіннен біртіндеп жауапкершілік деңгейі қатаңдай түсуде. Еліміз 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойды. Былтыр АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанды адам саудасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, елдегі заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Бақылаудағы елдер дегеніміз не? Алдымен бұл 4 санатқа бөлінеді. Қазақстан аталған есепте үшінші санаттағы елдер қатарына қосылды. Бұл санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату т.б.) немесе АҚШ бастаған кейбір елдердің санкциясы салынуы мүмкін екенін айта кету керек. Бұл ретте, қалыптасқан жағдайды түзету және адам саудасының алдын алу мақсатында Қазақстанға 11 ұсыныс жолданған. Осыған байланысты, биыл Қылмыстық кодекс ке өзгерістер енгізіліп, адам саудасына бай ланысты кінәлі тұлғаларға жауапкершілік күшейтілді. Бұл да болса көңіл көншітетін жағдай.
R-ақпарат