Шымкент қаласында «Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне» орай Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша Үш жақты комиссияның отырысы семинар-практикум форматында өтті. Отырыстың басты мақсаты қала кәсіпорындарын еңбекті қорғаудың тиімді тәжірибелерімен таныстыру және саладағы озаттарды марапаттау болып табылады.
Аталмыш отырысқа Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, комиссияның тұрақты мүшелері мен жұмыс беруші бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Комиссия отырысының қарауына «Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне» орай ұйымдастырылған конкурс жеңімпаздарын марапаттау; Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша комиссия мүшелерінің құрамына өзгерістер енгізу және 2023 жылы Еңбек күнін мерекелеу мен «Еңбек жолы» конкурсын Шымкент қаласында ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту, Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауда озық тәжірибелерді таныстыру (BI Group, Petro Kazakhstan Oil Products компанияларының презентациялары) мәселелері ұсынылды.
Комиссия отырысын ашқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлы отырысқа қатысушыларды «Дүниежүзілік еңбек қорғау күнімен» құттықтап, өңірде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды ұйымдастыру, жазатайым жағдайларды алдын алу сияқты мәселелер бұрынғыдан да өзекті екенін атап өтті.
Комиссияның бүгінгі отырысы «Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне» орай ұйымдастырылғандықтан өңірлік деңгейдегі конкурс жеңімпаздары марапатталды.
«28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» орай ұйымдастырылған арнайы конкурсқа қала аумағындағы 51 кәсіпорын қатысып, комиссия қорытындысы бойынша жеңімпаздар іріктелді. Конкурс нәтижесі бойынша 3 номинация бойынша 9 адам марапатталып, 1 кәсіпорынға «Сенім сертификаты» табысталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша комиссия мүшелерінің құрамына өзгерістер енгізу және 2023 жылы Еңбек күнін мерекелеу мен «Еңбек жолы» конкурсын Шымкент қаласында ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту жайлы баяндап өтті.