Мақтааралдық полиция қызметкерлері ұрлық қылмысын ашты. Яғни полиция алтын бұйымдарды ұрлаған 21 жастағы жас қызды дер кезінде анықтап, қылмыстық іс қозғады.
Белгілі болғандай, күдікті жас қыз досының үйіне қонаққа келген кезде тоңазытқыштын үстінде үй иесінің алтын бұйымдарын байқады. Оңай жолмен пайда табу мақсатында қараусыз тұрған алтын жүзіктерін жымқырып кеткен.
Келтірілген шығын көлемі 280 мың теңгені құраған. Күдікті ұрлаған алтындарды ломбардқа өткізіп, бас пайдасына жаратқан.
Полиция қызметкерлері айғақты затты тәркілеп, ұрлаған алтындарды заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда тергеу жүргізілуде және барлық жағдайлар анықталуда.
Айта кететін, ұрлық, қылмыстық құқықта — мүлікті жасырын қымқыру. Ұрлықтың қай заманда болсын қоғамға әлеуметтік әсерінен бөлек, саяси салқыны, мәдени зардабы да орасан.
Ұрлық қоғамдық немесе жеке меншікке қарсы жасалған қылмыстардың қатарына жатады. Жәбірленуші мен басқа адамдар байқамайды деген сеніммен қылмыскердің мүлікті жасырын жымқыруы ұрлықтың тонау мен барымталаудан айырмашылығы болып табылады. Кейбір мемлекеттердің қылмыстық кодекстерінде ұрлықты мемлекеттік немесе қоғамдық меншікті иемдену мақсатындағы ұрлық және жеке меншікті иемдену мақсатындағы ұрлық деп екіге бөледі.
Мемлекеттік немесе қоғамдық меншікті ұрлық үшін жеке меншікті ұрлағаннан гөрі қатаңдау жаза қолданылады. Азаматтардың жеке мүлкін ұрлағаны үшін жауапкершілікті ауырлататын мән-жайларға заң бойынша мыналар жатады: ұрлықты қайталап жасау; ұрлықты бір топ адамдардың алдын ала келісіп жасауы; жәбірленушіге едәуір залал шектіру; ұрлықты аса қауіпті кәнігі қылмыскердің жасауы.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі