Енді осы ретте халықтың экономикалық белсенді емес тобының экономика мен әлеуметтік ахуалға түсіретін демографиялық ауыртпалығына назар аударар болсақ, мұндай топқа еңбекке қабілетсіз немесе ішінара қабілетсіз деп танылатын адамдар жататыны белгілі. Яғни, олар балалар, зейнеткерлер, мүгедектер және мүгедек болмаса да денсаулығы жарамайтын адамдар. Ендеше 15 жасқа дейінгі 4 миллион және 65 жастан жоғары 1,4 миллион адамның түгелге дерлік бұл санатқа жататыны анық. Ал қалған 13,5 миллионның тек 11,5 миллиондайы ғана еңбекке қабілетті екен. Сондықтан да бұл аралықта демографиялық ауыртпалық коэффициентін анықтап алу маңызды. Өйткені бұл – мемлекеттің әлеуметтік саясатқа бөлетін қаржылай шығындарының тікелей көрсеткіші. Мәселен, бұл коэффициент көбейетін болса, білім беру мекемелерінің құрылысына, әлеуметтік қорғауға, денсаулық сақтау саласына, зейнетақы төлеуге және тағы да басқа шығындарға қаржы көлемі артуы тиіс деген сөз. Сондықтан бұл көрсеткіш халықтың жұмысқа жарамсыз бөлігінің оның еңбекке немесе өсіп-өнуге қабілетті бөлігіне тәуелділігіне қарай анықталады. Бүгінде ғалымдардың есептеуінше, Қазақстан үшін бұл коэффициент 40,8%-ға тең. Әлеуметтік маңызы бар мұндай мәнді халықаралық ұйым салыстырмалы түрде төмен деп бағалап отыр. Бұл еңбекке қабілетті халықтың бөлігі еңбекке қабілетсіз бөлігінен екі есеге асып түсетінімен байланысты. Мұндай үлестік қатынас салыстырмалы түрде алғанда, қоғамға азғана әлеуметтік салмақ салады екен. Сарапшылар демографиялық-әлеуметтік ауыртпалықты көптеген коэффициент бойынша саралайтынын білдік. Соның бірі зейнетақы жүйесінің экономикаға салатын салмағы. Бұл көрсеткіш халықтың еңбекке қабілетті жастан, яғни 65 жастан жоғары бөлігінің еңбекке қабілетті бөлігіне қатысы бойынша бағаланады. Қазақстанда бұл мән – 13 миллионнан 1,4 миллион, яғни коэффициенттің 10.4%-ына тең. Шынтуайтына келгенде, бұл жағдай қуанарлықтай емес. Өйткені адами капиталдың экономиканың өркендеуіне қосар үлесі қаншалықты зор десек, оның сапасына қойылар талап та соншалықты жоғары болуы тиіс. Ол үшін мемлекеттің демографиялық саясатқа түбегейлі ден қояр уақыты келген сияқты. Әлеуметтік қолдауды одан сайын арттырып, бала тууды ынталандыру керек. Мәселен, былтыр 420 мың сәби дүниеге келген екен. Бұл халықтың репродуктивті тобының потенциалы толық жүзеге асып отыр деген сөз емес. Егер бұл топта шамамен 6 миллион адам бар деп есептесек, елімізде жыл сайынғы бала туу көрсеткіші екі миллион баланы құрауы тиіс. Бірақ әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға қарай отбасын құрмай жүрген жастарымыз көп. Ол бірінші кезекте баспана және жұмыссыздық мәселесімен байланысты. Өз уақытында Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен Қазақстанның демографиялық дамуы немесе демографиялық қауіпсіздік саясатының 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеуді ұсынған болатын. Оның пікірінше, бала тууды шынайы қолдау саясаты нақты және нәтижелі болуы тиіс.
«Мұндай бағдарлама ішкі көші-қон ағымдарын реттеу, демографиялық даму, халықтың өсу динамикасын болжау, репродуктивті денсаулық пен гендерлік теңдікті күшейту, отбасы мен халықтың әлсіз топтарын қолдаумен байланысты мәселелерді бірыңғай мемлекеттік-демографиялық саясат етіп жүйелеу үшін қажет. Ол үшін цифрлық көзбояушылыққа жол бермей, сапалы демографиялық және әлеуметтік индикаторлар бойынша өңіраралық айырмашылықты ескере отырып, ұлттық құжат әзірлеп шығу керек», – деді Л.Сүлеймен.
R-ақпарат