• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Дау мұраты — ­бітім

Автор:admin

Июн 29, 2023
Spread the love

«Ел іші даусыз болмас» дегендей, қазіргі таңда дау көп. Оның тағы бір себебі бүгінгі күні меншік түрлерінің көбеюі, әрбір адамның өз құқығын қорғауға тырысуы, нарықтық қатынастардың ор­науы, халықтың құқықтық сау­аты мен талабының артуы болса керек. Сондықтан халық түрлі ұсақ-түйек дау-шармен де сотқа жүгінетін болды. Ал бұл өз кезегінде соттардың жүктемесінің артуына ықпал етуде. Сондықтан соттар бітімге келіп, екі тараптың татуласуын қолдауда, яғни медиация жүйесін кеңінен насихаттау арқылы мүмкіндігінше екі тарапты да риза қылып, істің сотқа жетпей шешілуіне мүдделі болуда.
Негізі елімізде медиация институтының құрылғанына он жылдан асты. Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Аталмыш Заң еліміздегі медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін реттейді. Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптардың өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор болып, істі оң шеше алады.
Медиацияны қолдану сот қызметінің жұмысын оңтайландырып, жұмыс жүктемесін анағұрлым азайтуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Медиация рәсімін енгізу мен қолдану сайып келгенде қоғамдық қарым-қатынастың мәдениетін арттырады. Шиеленістерді шешудің соттан тыс институттары табысты жұмыс істейтін елдерде дау-дамайдың 90%-ға жуығы сотқа жетпей шешіледі екен. Сондықтан біздің елімізде де медиацияның қолданыс аясын кеңейту міндеті тұр. Негізі елімізде 2018 жылдан бастап барлық қаламызда соттан тыс татуласу орталықтары құрылды. Тараптарды сотқа дейін татуласуға ынталандыратын заңдар қабылданды. Нәтижесінде соңғы 4 жылда сотқа түсетін талап арыздар саны 2,5 есеге, яғни 900 мыңнан 370 мыңға дейін азайғаны байқалып отыр. Мамандар мұны жоғары бағалауда. Соттар да тараптарды татуластыруға үндеуде. Бұрын бар болғаны 2-3% іс татуласумен аяқталса, қазір бұл көрсеткіш 34%-ға жеткен. Демек, әрбір үшінші істе тараптар бітімге келуде.
Медиацияны дамыту бағытында соттан тыс және соттағы татуласуға «Цифрлық сот талдауы» атты Жоғарғы Соттың жаңа IT сервисі де ықпал етуде. Онда жасанды зерде элементтері алғаш рет қолданылуда. Бағдарлама қандай да бір талап арыз бойынша сот шығаратын ықтимал шешімді болжай алады. Осылайша, тараптар жеңіске жету мүмкіндігін бағамдап, ұзақ уақытқа созылатын соттасу әлегінен құтыла алады. Тағы бір атап өтер жайт, елімізде 2021 жылдың желтоқсанында «Сотқа дейінгі хаттама» атты жоба пилоттық режимде сынақтан өтті. Тараптар сотқа дейін-ақ бір-біріне барлық уәждерін айтады. Осылай ету арқылы олар соттасқан дұрыс па, бұрыс па деген сұраққа жауап табады. Нәтижесінде талап арыздардың 80% татуласу арқылы аяқталған. Аталған тәсіл тараптарды келіссөз жүргізіп, ымыраласу жолын іздеуге ынталандырады. Жалпы елімізде аталмыш жүйенің жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуда. Сондықтан алдағы уақытта медиацияның әлі де қолданыс аясы кеңейе түсуі әбден мүмкін.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика