• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Гендерлік теңдік стратегиясы

Автор:admin

Окт 3, 2022
Spread the love

2003 жылы 27 қарашада ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасының гендерлік саясатының Концепциясы дайындалып, қолданысқа енген болатын.

Бұл құжатта еліміздің гендерлік саясатының бағыты айқындалып, билік құрылымдарында ер-азаматтар мен әйелдердің тең жағдайда қызмет етуі тайға таңба басқандай анық көрсетілген болатын.

Бұдан басқа, отбасындағы әйелдердің экономикалық тұрғыдан еркінді, шағын және орта бизнеспен айналысу және мемлекеттік қызметте сатылап өсу мәселесі жан-жақты атап көрсетілгенін айта кетуіміз керек.

Ал 2005 жылы 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданды. Осы стратегияның арқасында 2009 жылы ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды.

Бұған қоса, 2016 жылы Қазақстанда 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды. Гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жиі жүзеге асырылып келеді.

«БҰҰ әйелдері» құрылымының Қазақстандағы өкілі Илейн Конкиевичтің ойын тыңдағанымызда, Қазақстанда гендерлік бағытта кадрлық саясат табысты жүргізіліп жатқанын алға тартқан болатын.

Өз кезегінде әлем бойынша гендерлік саясатты дамытушы маман мемлекеттік Қазақстанда қызметтің барлық деңгейінде жұмысқа орналасу және қызмет бабымен көтерілу үшін тең мүмкіндіктер жасалғанын, әйелдердің еңбек құқықтарын қорғау қамтамасыз етілгенін тілге тиек еткен-ді.

Гендер ұғымының аясы кең

Бүгінгі еліміздегі нәзік жандылар жоғары деңгейде шешім қабылдау жұмыстарына толықтай араласуда. Олар Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Конституциялық кеңесінде, Орталық сайлау комиссиясында, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары сияқты жоғары лауазымдарда қызмет етуде.

2019 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша елдегі мемлекеттік қызметшілердің 55,4%-ын әйелдер құрайды. Ал басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 39,8%. Басшылық лауазымдағы әйелдердің көрсеткішіне жекелей қарағанда, өңір әкімдерінің орынбасарлары болып жүрген нәзік жандылар – 10,7%, орталық мемлекеттік органдар комитеттерінің төрағалары мен департаменттерінің директорлары – 30,4%, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары – 14,2%, облыстық басқармалар басшылары – 17,6%, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары 15,4%-ды құрайды.

Гендер ұғымын тек қана әйел теңдігін қорғайтын бағыт немесе оның құқықтарын асыра пайдалануды көздеуге бетбұрыс деп қана түсінуге болмайды. Гендер тек әйелдің ғана емес, ер адамның да тұлғалық ерекшеліктерін қорғайтын, ал кемсітушілік болған жағдайда оның да мүддесін сақтауға атсалысатын қоғамдық үдеріс.

Егер адамның биологиялық, әлеуметтік, саяси, психологиялық сияқты жан-жақты қырлары бар екендігін ескерсек, шындығында, ер мен әйел абсолютті тең бола алмайды.

Осы тұста, «тең» деген түсінікті кейбір батыстық көзқарастар «бірдей» деген ұғыммен алмастырып алады. Сондықтан олар екі жыныстың биологиялық болмысын да теңестіріп жібереді.

Еліміздегі гендерлік саясат жыл өткен сайын ел азаматтарының толыққанды тұлға ретінде қалыптасуында өзіндік оң нәтижесін беріп келеді. Бірақ бұл әйелдерге немесе ерлерге толыққанды абсолютті еркіндік беріп, жауапкершіліктерін алып тастау дегенді білдірмейді, керісінше, қоғамдағы биологиялық-психологиялық болмысын және мәртебесін сақтай отыра, игілікті-оңды, болмыс тағайындаған дәрежедегі тиісті парыздарын күшейте түсуі тиіс.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика