• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Волонтерлік негізінен ақысыз еңбек етуге негізделген!

Автор:admin

Июн 9, 2022
Spread the love

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы № 135 Жарлығымен 2020 жыл «Волонтер жылы» болып жарияланған болатын. Бүгінгі мақалада «Волонтерлік қызмет» дегеніміз не, «Волонтер жылының» ерекшелігі неде, волонтерлік қызметті дамыту үшін қандай шараларды қолға алғанымыз жөн деген сияқты мәселелерді қарастыратын боламыз. Волонтерлік ұғымы: оның әлемдегі және Қазақстандағы даму үдерісі. Волонтер сөзінің этимологиясы латынның voluntarius, яғни ерікті деген сөзінен шыққан. Шығу тарихы XVII ғасырдағы Еуропа елдерінен бастау алады. Тұрақты жалдамалы әскерге жұмсалатын қаржы көлемі көп болғандықтан орта ғасырдағы кейбір билеушілер халық арасынан еріктілерді жинап, олардың әлеуетін өз мақсатын іске асыру жолында пайдаланған. Қайтарымы ретінде түрлі атақ беріп, оларды марапаттап отырған. Волонтерлік алғашқыда әскери сипатта пайда болғанымен уақыт өте келе қоғамның өзге де салаларына тарай бастады. 1844 жылы Англияда «Жастардың христиан қауымдастығы» бүкіләлемдік ұйымы құрылды. Бұл ұйымға кірген адамдар «жанын, тәнін және ақылын» аянбай христиан дінінің ілімдерін насихаттауға жұмсауды мақсат етті. 1851 жылы аталған ұйымның филиалы Америкада пайда болып, азаматтық соғыста зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетумен шұғылдана бастады. Осы сияқты діни, идеологиялық мақсатта пайда болған және үлкен танымалдыққа ие болған волонтерлік ұйымдар өте көп. Волонтерлік негізінен ақысыз еңбек етуге негізделген. Дегенмен қазіргі таңда ұйымдастырушылардың белгілі бір көлемде ақы төлеуі арқылы іске асырылып жатқан волонтерлік жобалар аз емес. Сондай-ақ, тәжірибе жинау, өзін жетілдіру, белгілі бір саланы игеру немесе әр түрлі салаларда еңбек етіп, жаңа кәсіптерді бағындыру мақсатында ақысыз еңбек етуші волонтерлер де жиі кездеседі. Әлемдегі волонтерлік қызметтің ең кең таралған бөлігі білім беру саласына тиесілі. Жалпы волонтерлердің 42 пайызы осы саланы таңдайды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында 20 %, даму саласында 12%, агромәдени саласы 9%, экономикалық даму-байланыс саласында 8%, қоршаған ортаны қорғау саласында 7%, бейбітшілік, татулықты сақтау саласында 2 % волонтер қызмет етеді. Волонтерлікті өзі ұнататын сала бойынша таңдаушылар өте көп. Мысалы спортты ұнататын көптеген фанаттар олимпиада болған жылдары сол елге барып, шетелдік қонақтарға түрлі салаларда ақысыз қызмет көрсетумен айналысады. Сол арқылы да өзі қызыққан спорт сайыстарын тамашалау, атақты спортшыларды көзбен көру мүмкіндіктерін иеленеді. Мысалы 2014 жылғы Сочидегі олимпиада ойындарында 61 елден жалпы 25 мыңға жуық волонтер қызмет еткенін атап өтуге болады. Яғни, олимпиадаға қатысқан сопортшылардың саны 2800 болғанын ескерсек, волонтерлердің саны ресми спортшылар санынан 9 есе көп болған деуге болады. Ал осы олимпиадада волонтер болуға өтініш білдіргендер саны 200 мыңға жуық болғаны айтылады. Іріктеуден өткен волонтерлер шараға келген қонақтарды күтіп алу, навигациялық қызмет, логистика, олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарын ұйымдастыру, тамақтану орындарының жұмысын жүргізу сияқты әр түрлі салаларда мемлекетке көмектескен. Әлемде әйелдер ерлерге қарағанда көбірек волонтерлік қызметпен айналысады екен. Шамамен 3 әйел волонтерге 1 ер волонтер келеді. Бұл әйелдердің эмоцияға берілгіш, жаны ашығыш қасиеттерінен болса керек деп топшылауға болады. Бүгінде әлем халқының шамамен 150 мыңға жуығы тұрақты түрде волонтерлікпен айналысады. Дүние жүзінде волонтерлік бойынша ең үздік мемлекет Скандинавия елдері саналады. Мәселен Дания халқының шамамен 67 пайызы, Норвегия халқының 62 пайызы, Финляндия халқының 58 пайызы, Швеция халқының 56 пайызы волонтерлік қызметпен айналысады (Певная Мария Владимировна «Волонтерство как социальный феномен: управленческий подход» Диссертация на соискание ученой степени доктора социологических наук, Екатеринбург 2016, 146-бет). Қазақстанда да тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еріктілер деген ұғым кең таныла бастады. Дегенмен волонтер деген сөз әлемдік біртұтас терминге айналғандықтан кейіннен «еріктілер» сөзі «волонтер» сөзімен ресми алмастырылды. 2016 жылғы 30 желтоқсанда елімізде «Волонтерлік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Волонтерлік қызметті дамытуға мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп, арнайы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобалары іске асырыла бастады. Өткен жылы Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» ретінде белгілеп, осы саланы дамытуға қатысты нақты шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда Қазақстанда волонтерлік мақсатта құрылған және елдегі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген волонтерлік топтар аз емес. Мысалы Ұлттық еріктілер желісі, Rina.KZ, «Команда SOS» еріктілерді үйлестіру орталығы т.б. волонтерлік ұйымдардың қызметтерін атап өтуге болады. Осы аталған және өзге де волонтерлік топтар елімізде өткен көптеген ірі шараларда (ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі, VII қысқы Азия ойындары, ЕҚЫҰ саммиті т.б.) жемісті қызмет еткенін айта кету керек. Бүгінде әлемді жаулаған коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына байланысты мұқтаж жандарға көмектесу, елді мекендерде медициналық құралдар тарату, құзырлы мекемелермен бірлесіп рейдтік шаралар өткізу сынды бағытта еліміздегі волонтерлер жұмыла қызмет етуде. Қазақ дәстүріндегі волонтерлік қызмет. Көп адам волонтерлік қызметті Қазақстанға енді келіп жатқандай түсіндіреді. Шын мәнісінде тарихымызда аты басқа болғанымен заты волонтерліктен кем түспейтін ғұрыптар бар. Олардың бірі – асар. Бұл туған-туыстарға, көрші-қолаңға, ауылдасқа немесе көмекке мұқтаж өзге де адамдарға ерікті түрде, ақысыз қол ұшын созу деген мағына береді. Адам өмірінде жеке бір кісінің немесе бір отбасының қолынан келе бермейтін күрделі істер аз емес. Мысалы көшпелі қазақ халқында қыста малға азық болатын жем-шөп жинау, қора-қопсы салу, қыстайтын үй-жай салу, егіншілікті кәсіп еткен адамдар үшін арық қазу, жер жырту, астықты жинау сынды күрделі істер бар. Ата-бабаларымыз осындай кезде өзге адамдарды, туған-туыстарды, көршілерді көмекке шақырып, ол істі бірлесе жүзеге асырған. Ал асарға шақырушы отбасы жақсылап дастархан жайып, көмекке келген кісілерді күткен. Бұдан бөлек халқымыз жетім-жесірлерді жылатпауды, оларға көмектесуді міндет санаған. Осы орайда, асыраушысынан айрылған, еңбекке жарамсыз адамдарға да көршілері жұмыла отырып, қолдау көрсеткен сәттер жиі кездеседі. Асар – қазақ халқының дәстүрінде ауызбіршіліктің, көпшілік, туған-туысқандық институттың, патерналистік жүйенің ең жарқын көріністерінің бірі және әлі күнге дейін ауылдық жерлерде бұл дәстүрдің жібі үзілмей жалғасып келеді. Бұл адамдар арасындағы жақындықты, мейірімділікті одан әрі бекіте түсетін игі дәстүр. Сондықтан да халқымызда «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көрші артық» деген тәмсіл қалыптасқан. Кейбір жағдайларда асарды «үме» деп те атаған. Ол туралы қазақтың көне тарихында былай делінеді: «Қазақ арасында ерте заманнан келе жатқан салттардың бірі – «үме» яки «асар салу» деп аталады. Бұл салт бойынша, көпшілік күш біріктіріп, бір-бірінің жұмысына қолқабыс көрсетеді. (Ә.Қ. Бердібаева «Туысқандық қатынастарынан туындайтын келісім-шарттар» Абай атындағы ҚазҰПУ Құқық және экономика институты, Қазақстан, Алматы қаласы, ҚазҰУ хабаршысы. Заң сериясы. №2 (62). 2012 жыл, 6-бет) Қазақ дәстүрінде осыған ұқсас «ағайынгершілік», «жылу», «қызыл көтеру», «өлі сыбаға» сияқты бірнеше ұғымдар бар. «Ағайынгершілік» ұғымы да қазақтың басын біріктірген, қиындыққа, жұтқа тап болған немесе мал-мүлкінен айрылған отбасына қоғам болып көмектесу дәстүрі. «Жылу» да осыған ұқсас. Материалдық қиындыққа тап болған адамға туыстары, ағайы, көршілері, достары болып қаржылай, материалдық тұрғыдан қолдау көрсету мағынасын білдіреді. «Қызыл көтеру» ұғымының мағынасы да көмектесу, жақсылық жасауды білдіреді. Мысалы мал шаруашылығымен айналысқан қазақ қоғамында түрлі төтенше жағдайлар орын алып отырған. Азын-аулақ малымен отбасын асырап отырған кісінің малы пышаққа ілінсе көршілері, ауылдастары, жақындары болып оны бөліп алады. Сәйкесінше бәрі жиналып, еттің ақшасын малдың иесіне төлейді. Зардап шеккен адам өз кезегінде ол ақшаға басқа мал алып, өз кәсібін, тыныс-тіршілішін одан әрі жалғастыра береді. Мұны көбінесе балықшы ауыл қолданады. Бас көтеретін азаматы жоқ қарттарға, асыраушысы дүниеден өткен жетім-жесірлерге, балықшылар үлес береді. Мұндайға ешкім іштарлық немесе қарсылық көрсетуге тиісті емес. Бұл ел ішінде бұлжымас заң болған. Қазақ даласында егіннен – кеусен, малдан – көгендік, мүліктен – шүлен, балықтан – өлі сыбаға беру сияқты жоғары азаматтық пен жомарттықтың, кең пейілдің, қамқорлықтың ғажайып мысалдары ел тарихы мен әңгімелерінде жиі кездеседі. Жаһандану өзгерістері, нарықтық заман, капиталистік қоғамның кейбір қағидалары (өзін ғана ойлау, табыс табу, қаржылық қажеттіліктер т.б.) біздің қоғамда да өзгеге көмектесу, қайтарымсыз жақсылық жасау сынды құндылықтарды азайтып жатқанын айта кету керек. Волонтерліктің батыс елдерінде пайда болу тарихы көбінесе саяси, діни мақсаттардан, пайда табу, өзгенің әлеуетін өз мақсатына пайдалану сынды ойлардан шыққанын мақала басында айтып өттік. Ал қазақ жеріндегі асар, үме жинау, ағайынгершілік, жылу, қызыл көтеру, өлі сыбаға сынды ұғымдардың барлығы шынайы игілік жасау, адамгершілік, татулық мақсатында пайда болғанын да атай кеткен жөн.  Волонтерлікті дамытудың өзекті мәселелері. Елімізде волонтерлік қызметке қатысты халықтың арасында айқын түсінік қалыптаспаған. Волонтерлік термин ретінде көп адамға таныс болғанымен, оның мән-мағынасы, қоғамға пайдасы жайлы толық түсінік жоқ. Мысалы осы мақаланы жазу барысында өзім танитын бірқатар жоғары білімді азаматтармен сұхбаттасып, «Өміріңізде волонтер болып көрдіңіз бе?» деген сұрақты қойдым. Мен сұраған жиырма азаматтың басым көпшілігі, яғни он жетісі «Жоқ» деген жауап берді. Ал «Осы күнге дейін көршіңізге, туысыңызға көмектескен сәттеріңіз болды ма? Асарға қатыстыңыз ба?» деген сауалға барлығы «Ия, бірнеше рет» деген жауап алдым. Яғни, асарлатып көршіге, туған-туысқа немесе қандай да бір мұқтаж жанға көмектесу де шын мәнісінде волонтерлік қызметке жататынын көп адам түсіне бермейді. Сондықтан халық арасында волонтерлік қызметтің шеттен келмегенін, аты бөлек болғанымен қазақтың тарихы мен тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты екенін тереңірек түсіндіру қажет. Осы арқылы волонтерлік қызметтің түбіне барша халықты ментальді түрде топтастыруға болады. Сондай-ақ, ел тұрғындарының санасында волонтерлік қызмет көбінесе бірыңғай жейде киіп, көшелер мен парктерде жалаушалар, белгілі бір заттарды таратып жүретін жастар ретінде қалыптасқан. Шын мәнісінде волонтерлік жас, кәсіп таңдамайды. Кез келген адам жасына, жынысына қарамастан қолынан келгенше арнайы уақыт бөліп қоғамға, адамға пайдалы іспен тегін айналысуды әдетке айналдыруы қажет. Мысалы, білікті музыкант айына екі рет тегін түрде өзінің білгенімен бөлісіп отырса немесе өзгеге үйретіп отырса мұның өзі волонтерлікке жатады. Түптеп келгенде, волонтерлік іс хоббиге айналса, осы салада үлкен өзгерістердің болары анық. Сарапшылар зейнетке шыққаннан кейін айналысатын шаруасы болмайтын адамдардың тез қартайып кетуі жиі кездесетінін айтады. Осы ретте, зейнет жасына жеткеннен кейін уақытын қалай өткізуді білмейтін аға буынның да әлеуетін осындай жолмен игі істерге жұмылдыруға болады. Ағылшын тілінің мұғалімі ретінде зейнетке шыққан азаматтар бос уақытын жастарға өз білгенімен бөлісе алады. Сол сияқты өзге де қоғамға пайдалы мамандық иелерінің әлеуетін мүмкіндігінше пайдалануымыз қажет. Капиталистік қоғамның, нарықтық экономиканың дамуымен қаржы табудың бірінші кезекке шыққанын жасыра алмаймыз. Сондықтан волонтерлік қызметтің имиджін, мәртебесін көтеру, волонтерлік қызметке жетелейтін ынталандыру тетіктерін қалыптастыру сияқты қадамдар мемлекет тарапынан ұйымдастырылуы қажет. Бұл «Волонтерлік қызмет туралы заңда» да айқын жазлған. Сондықтан волонтерлерге белгілі бір көлемде шығынын өтейтін қаражат беру тетіктерін дамытқан жөн. Сонымен қатар, кемі екі жыл волонтерлік қызметпен айналысқан адамдар үшін жоғары оқу орнына түсер кезде, жұмысқа қабылданар сәтте жеңілдіктер қарастыру немесе жеке кәсіппен шұғылданатын тұлғалар үшін волонтерлікпен айналысқаны, әлеуметтік қолау көрсеткені үшін субсидия беру, салық мәселесінде оңтайлы шешім қабылдау, есімін ұлықтау сынды механизмдерді іске қосуға болады. Волонтерлікпен айналысқан азамат жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке тұрғанда да сол қасиетті одан әрі өз ісінде, кәсібін атқару барысында жалғастыра беретін болады. Бұл өз кезегінде игі істің жүйелі түрдегі сабақтастығын қалыптастырады. Осындай қадамдар арқылы да елімізде волонтерлік қызметке қызығушылықты арттыра аламыз. Қазақстанда волонтерлік қызметпен көбінесе жастар айналысады. Бос уақыттарында елге, қоғамға пайдасын тигізгісі келетін жас өрендердің болғаны мемлекеттік ақпараттық саясаттың оң бағытта жүргізіліп келе жатқандығын растайды.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика