Бүгін аудан орталығы Шаян ауылындағы «Даңқ» мемориалында Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шара соғыс жылдарында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлерімізді бір минут үнсіздікпен еске алып, құран оқылып, «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Сабыржан Нәлібаев аудан тұрғындары мен іс шараға қатысушы қонақтарды Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 79 жылдық мерекесімен құттықтады.
— Кеуделерін оққа тосып, кең байтақ жерімізді қорғап, бейбіт өмір үшін, ұрпағымыздың бақытты болашағы үшін отқа түскен майдангер аталарымыздың рухына әрдайым бас иеміз. Олардың ерліктері мен ержүректіктері, табандылықтары мен еңбекқорлықтары және Отанға деген сүйіспеншіліктері өскелең ұрпаққа баға жетпес үлгі болып қала береді.Тұғырлы, тәуелсіз мемлекетіміз барда батырларымыздың есімдері мен ерліктері ешуақытта өшпейді, — деді Бақыт Қырғызалиев.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі