• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

«Берекелі шаңырақ» атты кездесу.

Автор:admin

Авг 15, 2024
Spread the love

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы » Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен Сауран ауданында 12 қыркүйек — «Отбасы күніне» орай, қоғамдағы отбасы мәртебесін арттыруға және рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Берекелі шаңырақ» атты кездесу өтті.
Іс шараның жалпы мақсаты-отбасы құндылықтарын ажырата алу және сақтауға тәрбиелеу; Бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру. Жанұядағы ата-ана және бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Ата-анаға деген бала махаббатын ояту. Отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдық. Қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, үлкенді сыйлауға, сыпайы, ілтипатты болуға тәрбиелеу. Сондай-ақ отбасындағы қаржылық сауаттылық арттыру.
Халқымыздың рухани байлығының бірі – отбасы құндылықтары десек қателеспейміз. Мемлекет дегеніміздің өзі сол жекелерген отбасылардың қосындысынан құралады. Елдің келешегі әр отбасында тәрбиеленіп өскен азаматтарға байланысты. Ендеше отбасы құндылықтары әрқашан елдің де, биліктің де назарында болуы тиіс. Отбасы құндылықтары дегеніміз не? Оған қандай принциптерді, қасиеттерді жатқызуға болады. Топтап көрейік.
Отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және мәдениет пен адамгершілікті қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады.
Отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді.
Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды күшті байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.
Екінші маңызды отбасылық құндылық – құрмет көрсету. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу – сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Сенім – бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын үшінші отбасылық құндылық болып саналады. Бұл – отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тасмайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде адамдар өз ойлары мен сезімдерін ашық білдіре алады деген сөз, яғни қауіпсіздік атмосферасын құрылады. Сенім, сонымен қатар, эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.
Бақытты отбасына байланысты тағы бір құндылықтың бірі – жауапкершілік. Жауапкершілік әр отбасы мүшесінің отбасы өміріне өзара қатысуы мен қосқан үлесінен тұрады. Бұл өз міндеттерін орындауды, басқа отбасы мүшелеріне көмектесуді және олардың шешімдері мен әрекеттері үшін жауапкершілікті қабылдауды қамтиды. Жауапкершілік отбасы ішіндегі сенімділік пен меншік сезімін дамытуға ықпал етеді.
Білім мен дамуды қатар алып жүру де маңызды отбасылық құндылықтар болып табылады. Білімді бағалайтын отбасы өз балаларын немеме басқа мүшелерін үнемі оқытуға және дамытуға баса назар аударады. Білімге ұмтылуын, мектептер мен университеттерге баруын және білім беру процестеріне белсенді қатысуын ынталандырады. Білім отбасының әр мүшесінің жеке дамуына ғана емес, сонымен бірге өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Жалпы, отбасылық құндылықтар отбасы ішіндегі салауатты және бақытты қарым-қатынастың негізін құрайды. Құндылықтар үйлесімділікті, сенім мен сыйластықты қалыптастыруға, сондай-ақ жеке тұлғалардың дамуына және отбасы мүшелері арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Шексіз сүйіспеншілік, құрмет, сенім, жауапкершілік және білімге деген ұмтылыс отбасына қиындықтарды жеңуге және бірге бақытты, тұрақты өмірге қол жеткізуге көмектесетін негізгі принциптер болып табылады.
Міне осындай принциптерге негізделген отбасы тату, кикілжіңді бірге отырып шешетін, психологиялық тұрғыда сау азаматтарды өсіріп шығарады. Бұл мемлекетіміз үшін аса маңызды дүние. Өз халқымыздың тарихы тұрғысынан қарайтын болсақ, қазақта үлкенге құрмет, кішіге ізет о бастан дәріптеліп, отбасының бұзылуына көп күш салған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, отбасында әке мен шешенің жанжалын көріп өткен бала, азамат болғанда өзі көрген отбасын құратын болады. Мұны психолог мамандар да растайды. Ата-анасы тату, айрандай ұйыған отбасында тәрбие көрген баланың бойына отбасылық құндылықтар сіңіп, жанұя құру деген түсінікті маңызы зор, қасиетті ұғым деп қабылдамақ. Сондықтан қоғам тарапынан ғана емес, мемлекет тарапынан да ұлттық идеологияға назар аударылғаны дұрыс.
Мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясатты қолдауда азаматтық қоғамның түрлі институттарына үлкен көңіл бөлінетінін атап өткен жөн. Соңғы уақытта «Аналар мен Әкелер күнін де» енгізу жоспарланып жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жас отбасыларға, жалғызбасты аналарға, балаларға, қарттарға жан-жақты жәрдемдесу мәселелерін шешетін көптеген қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Олардың қатарында қазіргі заманғы үрдістер мен алдыңғы буындардың жинақтаушы тәжірибесін біріктіретін «Отбасы» ұлттық құндылықтар орталығы да бар. Өйткені отбасы — ұлттың генетикалық кодын алып жүретін негізгі құндылық.
Жанұя — адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Жанұя — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы.
Кездесуге Бағлан қоғамдық қорының төрағасы Құрбанов Әбілқайыр Жүсіпбекұлы, Педагогика ғылымдарының магистр, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы, » Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімі психологі Өміртаева Жансая Ержанқызы және Түркістан қаласының жас отбасылар қатысты.
Кездесуге қатысқан жас отбасылар, ата-ана мен бала және әйелі мен күйеуінің қарым-қатынас қалай жақсартуға сонымен қатар қазір таңдағы отбасылық бюджетті басқару туралы спикерлердің кеңесін тыңдап, тақырып төңірегінде толғандырған сұрақтарын қойып, арнайы мамандар қойылған сауалдарға жауап берді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика