Еліміздің оңтүстік өңірінде кәсіподақтар 1934 жылдан бері жұмыс жасайды. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі осы кезең аралығында еңбеккерлердің құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз ету мен кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін нығайту жолында қызмет етіп келеді.
Қазіргі уақытта орталық құрамында 56 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі бар, 300-ден аса бастауыш ұйымын қамтыған 8 салалық кәсіподақ филиалдары мен 7 жергілікті кәсіподақ құрылымдарының қызметін үйлестіреді.
Шымкент қаласының кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын жүзеге асырып, жергілікті билік өкілдерімен, жұмыс берушілермен жиі кездесіп, олармен түйінді мәселелерді талқылаумен қатар шешу жолдарын да қарастырады.
Өткен жылы Шымкент қаласында 4 мыңнан аса кәсіподақ мүшесін қамтитын 21 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.
«Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев. Оның өмірлік тәжірибесі мол, озық ойлы, кез-келген ортада өзінің білгір ісін көрсететін өршіл мақсаты бар нағыз кәсіподақ көшбасшысы.
Ол өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысында өзекті мәселелерді көтеріп отырады.
Бауыржан Ілімшеұлы — Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі. Сонымен қатар, өңірлік Қоғамдық кеңестің төрағасы болып табылады. Халық қамын көп ойлайтын тұлға.
Халқымызда «Көп жас жасағаннан емес, көп игілікті ісі бардан сұра»-демекші ұжымды жетістікке жеткізуге дем беретін басшының ықпалы өңірде кәсіподақтың мерейін үстем етіп жүр.
Төраға іс-сапармен кеткен жағдайда, орнын жоқтатпай, жұмысты жүйелі жүргізіп, қарапайым да парасатты мінезімен ерекшеленген «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек өз ісінің шебері. Кез-келген форматтағы іс-шараларды ұйымдастыру, жұмыскерлермен кездесу, Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын, ұйым мүшелеріне жеткізу секілді тапсырмаларды өз деңгейде орындайды. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Басшы ретінде қызметкерлерге қоятын талабы да мықты.