Шараға «Бақытты әйел» қоғамдық қорының өкілдері мен түркістандық 500-ге тарта нәзік жанды қатысты.
Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ұйымдастырылған шарада келушілерге бірнеше бағытта ақпараттық қолдау көрсетілді.
Қатысушылар аталған қоғамдық қордың өкілдерінен психологиялық, құқықтық кеңестер алды. Сондай-ақ, өмірлік азық болар пайдалы кеңестер айтылып, арнайы психологиялық ойындар өткізілді.
Жалпы, “Бақытты әйел” қоғамдық қоры әйелдер қауымына жайлы орта қалыптастырып, бақытқа кенелуіне жол сілтейтін орталық. Мұнда психолог, теолог, заңгер, тәрбие және отбасы ісі жөніндегі мамандар әйелдердің мүддесін қорғайды. Оларға кәсіби тұрғыда кеңес беріп, күйзеліске түспей, жетістікке жетуге баулиды.
Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын жылдары елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей ел экономикасының қарыштауына әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңдар ресми жарияланғаннан кейін, 60 күн өткенде күшіне енеді. Яғни 2024 жылдың 16 маусымынан қолданыста болады. Ал кейбір нормалар 2025 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енбек.
Неке және отбасы туралы заң:
Өзгерістерге сәйкес мемлекеттік отбасы саясаты саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік отбасы саясатын қалыптастыруға басшылықты және сала аралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган ретінде танылады. Мұндай орталықтар дәстүрлі отбасылық құныдылықтарды дәріптеуге, неке және отбасы, әке, ана және бала институтын нығайту бағытында жұмыстар жүргізеді. Отбасын қолдау орталықтары халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен аудандарда және қала аудандарында құрылады.
Мұндай орталықтар мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыра отырып, неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу сынды мәселелермен айналысады. Сондай-ақ өмiрлiк қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасына) қолдау көрсету бойынша жұмысты үйлестiреді. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейін уақытша тұру мүмкіндігімен қатар психологиялық қолдау көрсетіледі.
«Отбасын қолдау орталықтарын қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады», – делінген құжатта.
Сонымен бірге отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша көмек көрсететін «111» байланыс орталығының қызметі осы заң негізінде реттелмек. «111» байланыс орталығы – ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі ақпараттық-анықтамалық, ұйымдастырушылық, психологиялық қызмет функцияларын жүзеге асыратын заңды тұлға саналады.
Жалпы алғанда «Неке және отбасы» туралы заңда осындай орталықтың негізгі функциялары айқындалған. Сонымен бірге осы өзгерістерге орай Еңбек кодексіне де өзгеріс енгізіледі. Оған сәйкес жұмыс беруші қызметкерге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда болған кезеңінде оған жалақысы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік 30 күннен аспайтын демалыс беруге міндетті. Сонымен бірге жалақысы сақталмайтын демалыс қызметкерге оның ұзақтығы көрсетілген жазбаша хабарлама және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы шарттың көшірмесін ұсыну негізінде берілмек.
Қылмыстық кодекске қандай өзгеріс енеді?
Қылмыстық кодекске енген өзгерістерге сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты қылмыс жасағаны үшін жаза күшейеді. Кодекске жаңадан 108-1-бабы енгізілген. Онда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалатыны жазылған.
Сонымен бірге 109-1-бап енгізіліп отыр. Денсаулыққа жеңіл зиян келтірген ұрып-соғу және өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері үшін – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу қарастырылған. Болмаса мұндай заңбұзушылық жасаған адам 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуға, не 25 тәулікке дейін қамауға алу жазасына кесілуі мүмкін. Ал ерекше қатыгездік жасағандарға жаза ауыр.
«Ерекше қатыгездікпен, мазақ етумен, жәбірленушіні азаптау мақсатында жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер арқылы тән немесе психикалық зардап келтіру, егер бұл әрекет денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқпаса, –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген құжатта.
Сондай-ақ құжатта он алты жасқа толмаған адамдарды жыныстық қатынасқа итермелеуге қатысты жаза күшейетіні жазылған. Яғни он алты жасқа толмағаны белгілі адамға қатысты ұсыныстармен, оның ішінде телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернетті пайдаланумен байланысты сексуалдық сипаттағы ұятсыз әрекеттер жасау немесе сексуалдық сипаттағы қол тигізу сипатындағы қылмыстар үшін – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жаза тағайындалады. Болмаса екi жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе үш жылға дейінгі мерзімге немесе одан көп мерзімге белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамауға алынады.
Сонымен бірге қорқыту, қатыгездік көрсету немесе жәбірленушінің адамдық қадір-қасиетін жүйелі түрде қорлау, сол сияқты оны өзін-өзі өлтіруге итермелеу немесе оған ықпал ету арқылы адамды өзін-өзі өлтіруге итермелегені үшін – үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен бірге суицидті насихаттаған адамға – 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады.
Айта кетейік БҰҰ Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғайтын жаңа заңды қабылдағанын құптап, «бұл гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолындағы алға жасалған қадам» деп бағалады.