Баланың дені сау болып, дұрыс өсуі оны күнделікті тамақтандыруға, ұйқы және тазалық режимін дұрыс сақтауға байланысты. Жас балаға ең кенеулі тамақ — ана сүті. Оның құрамында баланың дұрыс өсуіне қажетті — май, белок, қант, тұз, су және әр түрлі витаминдер болады. Сондай-ақ, ана сүтінде бала организмін әр түрлі жұқпалы аурулардан қорғайтын заттар да болады. Ана сүті тез қорытылып, баланың бойына сіңеді.
Бала емшекті сарқып емсе, ананың сүті көбейе түседі. Ана баланы жарытпаған күнде де оны емшектен мезгілсіз шығармау керек, өйткені ана сүті аздығына қарамай бала организмінің дұрыс өсуіне себепкер болады. Бала еміп болғаннан кейін кекіріп, біраз сүтті құсып тастауы мүмкін. Бұл емген кезде баланың ішіне ауа кіріп кетуінен болады. Егер емгеннен кейін бір сағаттан соң құсса, ол – баланың науқас екендігінің белгісі.
Бала туғаннан кейін оны 6—12 сағаттан соң ауыздандырады. Бұдан соң 3 айға дейін әрбір 3 сағатта бір емізеді де, түнде 6 сағат емізбейді. Одан әрі 6 айға дейін 3,5 сағатта, 7 айлығында 4 сағатта бір рет емізіп, түнде 10—11 сағаттай емізбеуге болады. Бала организмі бір қалыпты жақсы өсуі үшін оған 2 айдан кейін Д витаминін, 4 айға толған соң жеміс шырынын беруге болады. 5—6 айлық балаға су қосылған сүтке манныйдан (ұнтақ жарма) немесе күріштен ботқа пісіріп беруге, 7 айлықта жұмыртқаның сары уызын, жеміс-жидек езіп жегізуге, 10 айлық болған кезде аздап сорпа ішкізуге болады. Сөйтіп, баланы емшектен шығаруға дайындай берген дұрыс. Бірақта баланы жазғы ыстықта емшектен шығаруға болмайды.
Дені сау, дұрыс өсіп келе жатқан баланың екі айда мойны бекіп, басын жан-жағына бұрып қарай бастайды. Одан арғы жерде дыбысты, яғни өзін шақырғанды сезіп, адамға көз тоқтатып қарайды, анасын таниды, 4 айға толған кезде қолына берген затты ұстайды, етпетінен жатқызсаң, екі қолымен жер тіреп, кеудесін көтеруге әрекет жасайды. 6 айда құйрығынан отырып, ойыншықпен ойнайды, етпетінен жата қалып, еңбектеуге талпынады. Бұл кездері «ба», «ма» деген сияқты бірер буын сөз айтуға тілі келе бастайды. 7—8 айда бір нәрсеге сүйеніп, тізерлеп тұратын болады. 9—10 айда стол жағалап жүруге талпынады. 1 жасқа толғанда қаз тұрып, жүре бастайды. Бұл кездері баланың «апа», «аға», «ата», «тәте» деген сияқты сөздерге тілі келіп қалады.
Алты айда балаға тіс шыға бастайды. Тіс жара бастаған кезде баланың аузынан сілекей ағып, емшекті нашар емеді. Бұл кезеңде баланың іші өтуі де мүмкін.
Өсіп келе жатқан жас организм оттекті көбірек талап етеді. Сондықтан жас баланы таза ауаға шығарып тұру керек. Күн жылы кездері оны далада ұйықтатқан өте пайдалы. Жас нәрестенің организмінде туа пайда болған иммунитет бар. Сондықтан 2-3 айлық бала жұқпалы аурулармен ауырмайды. Ал бірнеше айдан кейін бұл иммунитет әлсірейді. Сондықтан жас балаға туберкулезге қарсы вакцина, көкжөтел, полиомиэлит, қызылша, шешек, тағы басқа жұқпалы ауруларды мезгілімен ектіру қажет екенін естен шығармаңыз.
Баланы белгілі тәртіпке үйреткен дұрыс. Бала бір жастан асып, өз аяғымен жүре бастағаннан кейін оның мінезінде күн сайын бір жаңалық пайда болады. Ол әр нәрсені үйренуге, үлкендердің жүріс-тұрысына еліктеуге тырысады. Осындай әр нәрсеге талпына бастаған кезеңінен бастап баланы белгілі күн тәртібіне — мезгілімен ас ішу, ұйықтау, ойнау режимін сақтауға дағдыландыру қажет.
Белгілі күн тәртібін сақтаудың балаға пайдасы аса зор. Сол арқылы бала әр нәрсені өз уақытында орындауға, уақытты дәл пайдалануға, ұқыпты да тиянақты болуға дағдыланады. Дұрыс режим сақтаудың денсаулыққа да пайдасы зор. Өйткені, адам организміндегі тыныс алу, жүрек соғуы т.с.с. процестердің бәрі де белгілі режиммен жүріп отырады. Сол сияқты, күнделікті тұрмыста, ас ішу, ұйықтау, демалуда да режим сақтаудың пайдасы зор.
R-ақпарат