«Баланы жастан» дегендей, баланы кішкентайынан үсті-басына кір жұқтырмай таза ұстаңыз, ол соған дағдыланып, таза да ұқыпты болып өседі. Баланы таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін және кешке төсекке жатарда беті-қолын жууға, ас ішерде дастарқан басына қолын жумай отырмауға дағдыландыру керек. 4—5 жасқа келген балалар өз бетінше беті-қолын жуатын, тісін тазалай алатын, ас ішерде өзі барып қолын жуып келетін болсын. Жас баланың өзіне арналған тіс щеткасы, бет сүртетін сүлгісі болуға тиіс. Қыстыкүні күнара, жазда әр күні кешке баланың аяғын сабындап жуғызу керек. Жетісіне бір рет сабындап, жылы сумен шомылдыру қажет.
Үйдің ішінде баланың ойыншықтарын т. б. заттарын қоятын белгілі бір орны, сыртқы киімдерін ілетін (өзінін бойы жететіндей жерге қағылған) ілгешегі болуға тиіс. Бала ойнап болғаннан кейін ойыншықтарын шашып тастамай, өзі жинап, жәшігіне салып қоюға, даладан келгеннен кейін сыртқы киімін шешіп, тиісті орнына іліп қоюға дағдылануға тиіс. Бұл баланы ұқыптылыққа, тәртіпке үйретеді.
Баланың тілін жетілдіру. Тіл – қатынас құралы, санадағы ойдың айнасы дейміз. Сондықтан баланы дұрыс сөйлей білуге үйретудің маңызы зор. Тілі жаңа шығып келе жатқан кезде бала сөйлеуге әрекет жасап, былдырлай бастайды. Осы кезде бала мен сөйлесіп, оған тілі келетін дыбыстардан құралған түсінігі жеңіл сөздерді үйрете беру керек. Егер бала анасынан яки басқа кісіден естіген сөздерді қайталап айтуға әрекет жасамай, айтқан сөзге құлақ қоймайтын болса, оны дәрігерге көрсетіп, құлағының естуін тексерту қажет. Өйткені, құлағы сау бала үлкендерден естіген сөзін қайталауға, анасының сұрағына жауап қайтаруға тиіс. Ал егер құлағы естімесе, бала сөз білмейді де, сөйлеуге әрекет жасай алмайды. Кейбір балалардың тамағы ауырғандықтан даусы қарлығып, сөзді ашық айта алмайды. Мұндай жағдайда да баланы дәрігерге көрсетіп, тамағын емдету қажет.
Баланың дұрыс сөйлей білуі өзін қоршаған ортаға байланысты. Қас бала өз төңірегіндегі үлкен кісілердің сөзіне еліктеп, соларша сөйлеуге тырысады. Кейбіреулер баланың былдырлап сөйлегенін қызық көріп, онымен бірге өзі де тілін бұрап, шолжыңдап сөйлеседі. Жас баламен бүлай сөйлесу дұрыс емес, қайта онымен неғұрлым түсінікті тілмен сөйлесіп, сөзді дұрыс айтуға үйрету қажет.
Бала аяғын апыл-тапыл басып жүре бастаған кезде төңіректегі түрлі түсті нәрселерге, мысалы, аулаға шыкқанда ондағы өсіп тұрған қызылды-жасылды гүлдерге қызығып, соны жұлып алып қарайды, үлкен кісілердің гүлді иіскегенін көріп, оны мұрнына апарып «һа!» деп қояды. Қорадағы қозы-лақтарды көрсе: «мә-ә» деп, бұзауды көргенде «мө-ө» деп тіл қатады. Итті көрсе «ап, машинаны көрсе «бип» дейді. Осы сияқты айналасындағы заттар, әр түрлі ойыншықтар оның сөйлеу тілінің калыптасуына, сөздік қорының көбеюіне себепкер болады. Жас бала көзіне көрінген нәрсенің бәрін білуге, айналасындағы дүниені тануға құмар келеді. Мәселен, 3-4 жасар балалар: «Анау не? Мынау не?», «Ол неге олай болған?» деп әр нәрсені сұрай береді. Бұл оның дүние тануға, әр нәрсені білуге құмарлығын көрсетеді. Кейде балалардың мұндай сұрақтарына үлкен кісілердің өздері де жауап таба алмай сасып қалады.
Баланың көпшіліктен оқшауланбай, өзі қатарлы балалармен ойнап, араласып жүргені жақсы. Мәселен, бала бақшада тәрбиеленіп жүрген баланың тілі де, ой-өрісі де үйде жалғыз-жарым өскен баладан анағұрлым жақсы дамиды. Өйткені, балалар бақшасында олар жаңа да жақсы мағыналы сөздер үйренеді, әр түрлі ойын ойнайды, өлең жаттайды т. с. с.
R-ақпарат