Шымкент қаласының Білім басқармасының қамқорлық пен қорғаншылық бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, «Балалардың құқығын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Шымкент қаласының Білім басқармасының басқармасының қамқорлық пен қорғаншылық бөлімінің басшысы мен мамандары, Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі –бала құқықтары жөніндегі уәкілі, №1, №2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының басшылары, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры, Қосымша білім беру оқу салалық орталығының әдіскері және Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді ашқан Шымкент қаласының Білім басқармасының қамқорлық пен қорғаншылық бөлімінің басшысы Нұрдаулет Абылаев «Адам құқығы – бала құқығын қорғаудан басталады. «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекенжайына қарамастан барлық баланың құқығы тең. Бүгінде бала құқығын қорғау – мәселесі өте өзекті. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында бала құқығының сақталуына ерекше мән беруге тиіспіз. Біздің басты мақсатымыз – балалардың құқығын қорғау, құқығы бұзылған болса, оны қайта қалпына келтіру. Оқушылар мәселесі ата-аналармен, жеке тұлғалармен, мемлекеттік орган, мемлекеттік ұйымдармен бірлесе шешіледі», – деп атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарын әзірледі. 2025 жылға дейін балалар онкологиялық ауруханаларының материалдық-техникалық базасын күшейту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту және аталған қызмет мамандарының біліктілігін арттыру шаралары қарастырылған. Балаларға арналған ұлттық онкогематологиялық орталығын құру жоспарлануда.
Қазақстан Үкіметі балалардың жан-жақты дамуы үшін жайлы әрі қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырады. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдауда жоғары стандарттарды енгізу Қазақстанның барлық салаларда одан әрі дамуына көмектесетін жаңа прогрессивті ұрпақты қалыптастыруға мүмкіндік береді.