Шымкент қаласының Білім басқармасының қамқорлық пен қорғаншылық бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, «Балалардың құқығын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту – ҚР Үкіметінің жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл бағытта бірқатар бастамалар мен түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жетім балалар құқығының кепілдіктерін сақтау, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бойынша пәрменді шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.
2024 жылдың басты бастамаларының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Мемлекет басшысының бастамасын орындау мақсатында енді инвестициялық табыстың жартысы 18 жасқа дейінгі барлық қазақстандықтарға жыл сайын бөлінетін болады. Кәмелетке толған кезде, ақшаны білім алуға немесе үй сатып алуға жұмсауға болады.
Жиынға Шымкент қаласының Білім басқармасының мамандары, Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі –бала құқықтары жөніндегі уәкілі, №1, №2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының басшылары, Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры, Қосымша білім беру оқу салалық орталығының әдіскері және Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында қоғам мәселесіне айналған бала тәрбиесі, қоғамдағы рөлі, бала психикасымен жұмыс жасау жолдары талқыланды.
Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, ұрпақ үшін келер қауіпке қарсы тұру, қазіргі қоғамдағы балалардың тәрбиесін жақсарту бағыттарында ұсыныстар жайы талқыланды.