Сауран ауданындағы «Қамқорлық» орталығында аудандық ардагерлер кеңесінің басқосуы болып өтті. Жиынға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, өзбек этно мәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанбай Рысбеков, ардагерлер кеңесінің және әжелер алқасының мүшелері, қоғамдық бірлестіктер, дін өкілдері қатысты. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов ашып, жүргізіп отырды.
Бұған дейін аудандық әжелер алқасының төрайымы қызметін абыроймен атқарған Балымхан Байтенова Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы әжелер алқасының төрайымы қызметіне тағайындалған болатын. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов Балымхан Байтенованың бүгінгі таңға дейін атқарған жұмыстарына жоғары баға беріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен бірге аудандық әжелер алқасының төрайымы қызметіне Райхан Полатованың тағайындалғанын жеткізді.
Райхан Полатова 1964 жылы 11 тамызда туылған. 1971-1982 жылдары Түркістан ауданы, Үшқайық ауылдық округі, Крупская орта мектебін тәмамдаған. 1982-19685 жылдары Сарыағаш ветеринария мал дәрігері техникумы, 1985-1990 жылдары Ленинизм колхозында, 1990-1997 жылдары Шорнақ ауылы «Жұлдызша» бала-бақшасында, 1997 жылдан бүгінгі таңға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді.
2020 жылы «Қазақстан асыл аналары» республикалық кітапқа енген, «Асыл ана» төсбелгісімен марапатталған. 2018-2021 жылдары «Ақ дидарлы әжелер», «Әжелер отбасының берекесі» аудандық байқауының жүлдегері, 2021 жылы «Ұлағатты әже» медальінің иегері, облыстық, аудандық әкімдерінің, қоғамдық ұйымдардың алғыс хаттары мен құрмет грамоталарымен марапатталған.
Қазақ отбасындағы әженің орны ерекше әрі қадірлі. Әже — отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылшысы. Алдымен әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әженің алдын көрген балаға былайғы жұрт тәрбиелі бала деп баға береді. Әже тәрбиесі көбіне «олай істеме, былай істе», «бүйтсең жаман, өйтсең жақсы»деген сипатта, ақылгөйлік мазмұнда болып, әженің мейірімі мен жүрек жылуына бөленіп өседі. Осылайша жас бала қазақы ортадағы моральдық-этикалық нормалармен таныса отырып, адами тұлғаның қалыптасуына ғана емес, дәстүрлі ырым-тыйымдар жүйесінің қағидаттарын біртіндеп бойына сіңіре бастайды.
Қазақ отбасындағы ата мен әженің орны ерекше әрі қадірлі. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туғанның, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, жеткіншіктерді жастайынан адамилықтан алыстатпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жаулықты «әжелер мектебінің» алар орны қашанда бөлек болған. Себебі әжелер өнегесі – ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ғасырдан-ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі. Бұл – ұлттық болмысымызға тән қасиет әрі құндылық. Қарымды қаламгер Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Ал бұл сөздің өз мәнінде жүзеге асуының түп негізін әжелер өнегесінен аламыз. Кез келген адамды, ең алдымен өз елінің салт-дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұратына деген адалдыққа, Отанға деген шынайы тазалыққа үйретер – әже екені айдан анық. Бесік басындағы әжелер әлдиінен басталған тәрбие – сол ұрпақ болашағының бұлыңғырсыз болуына да алтын арқау. Бесіктен тамыр тартқан тәрбие келе-келе әже мен немере арасындағы көзге көрінбейтін нәзік байланысқа, екеуі жазбай түсінетін ортақ психологияның қалыптасуына алып келген. Обал, сауап, ынсап, парыз, аманат, борыш, қанағат секілді ұғымдар маңызының айқындалып, бала санасына тереңнен сіңуіне де әже ықпалы айрықша. Яғни, әрбір отбасындағы әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы.
Қазақ қоғамының сүт бетіндегі қаймағындай болған азаматтарының, тарих парағына есімі өшпестей етіп қашалған тұлғалардың қалыптасуында да әжелердің сіңірген еңбегі зор болған ғой. Мәселен, Абайдың Зере әжесі, Шоқанның Айғаным әжесі, Мұхтардың Дінәсіл әжесі олардың азаматтық болмысының өз тұстастарының ара- сынан дараланып шығуына, ішкі күш-қуаты мен асқақ рухының ерте жетілуіне, көкірек көзінің ашық болуына әсер етті емес пе? Тек қазақтың ғана емес, басқа да халықтардың тарихта аты қалған тұлғалары бойындағы бар құндылықтың ана-әжелерінің ақ сүтінен дарығандығы және оны солардың өзі мойындап кеткені – шындық. Бұл мысалдардың барлығы – ақ жаулықты жандардың ұлағатын айна-қатесіз көрсетеді. Демек, ұрпағын жаза басудан сақтандырып, қайта өнегесімен өрісін кеңейткен әжелер болған. Бола да береді.
Десек те, дүние жаһандану кеңістігіне қарай ойысып, жан-дүниеміз батыс, шығыстан жеткен «сыртқы күштермен» жаңаланып бара жатқан мына заманда біз осыбір рухани құндылықтан ажырап, яғни әжелер салған ізгі жолдан жаңылмасақ екен. Әжелеріміз әрбір үйдің берекесі, шаңырақтың құты, әулеттің ақылшысы, немеренің өнегесі болып аман отырса екен. Бұл ең әуелі, бүгінгі жас бала, ертеңгі ел тұтқасын ұстар азамат бойындағы ең ізгі құндылықтарды дөп басып тауып, оны нұрландыра түсудің әдемі бір үлгісі.