5 тамыз — Республикалық медиация күніне орай аудандағы медиаторлардың қатысуымен арнайы жиын өтт, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
Шардара аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы А.Сәрсенбайқызы мерекелік жиынға қатысқан медиаторларды аудандағы бірлік пен татулықтың нығаюы жолында еңбек етіп жүргендерін, дауды сотқа дейін шешуде белсенді рөл атқарып жүргендерін ескеріп, кәсіби мерекемен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.
Төраға міндетін атқарушысы А.Сәрсенбайқызы өз сөзінде «Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының маңыздылығы мен ерекшеліктерін, медиаторлардың қоғамда ғана емес, сот жүйесінде де өзіндік орын алғанын атап өтті.
Медиация арқылы көптеген даулардың шешімін табуға болатынын, атап айтқанда, азаматтық, еңбек, отбасылық дауларды, қаржы, банк саласында шешілмей жүрген мәселелер мен қылмыстық істердің жекелеген санаттары бойынша жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығындарды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастығы істерді, әкімшілік әділет бағытында орын алатын әкімшілік дауларды да сотқа дейін шешуде медиаторлардың өз орны бар екенін тілге тиек етті.
Осы ретте, А.Сарсенбайқызы бүгін неке бұзу туралы талап қою бойынша медиатор Ж.Битудың қатысуымен ерлі-зайыптылар татуласып, бір отбасының берекесі сақталып қалғанын, медиатор мамандығы екі тараптың арасындағы алтын көпір іспетті, екі жақтың ашуын емес алғысын алатын кәсіп екеніне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, жиын барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Е.Б.Дәуір құттықтау сөзін айтып, медиаторларға өз алғысын білдірді.
Медиаторлар Ж.Биту мен Ұ.Асылбекова құттықтауларға алғыстарын білдіріп, медиация институтын дамытуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
АУДАНДЫҚ СОТТА МЕДИАЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
