«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында Қазақстан халқы бірлігі күніне орай салтанатты шара өтті.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Б.Нарымбетов, партия филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырысты қалалық филиал төрағасы Нарымбетов Бахадыр Мәдәліұлы ашып, жиынға қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады.
Кездесу барысында Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының қорытындысы, қойылған міндеттер мен атқарылатын жұмыстар туралы айтылды.
Шымкент қалалық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, Шымкент қаласы Корей этномәдени орталығының төрайымы Роза Пак, «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің мүшелері, Шымкент қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов, қалалық орыс драма театрының директоры Игорь Вербицкий сөз сөйледі.
Бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсат – еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынас саласындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру болатын. Қазір мемлекет ең бірінші кезекте халық құндылығын бағалайды. Яғни, біз үшін халықтан биік ұғым жоқ. Ал халықтың күші одан әрі мықты әрі бекем болуы үшін бейбітшілік қажет.
«– Мен былтырғы сессияда Ата Заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді. Бұл – Ата Заңымыз қабылданғаннан кейінгі алғашқы референдум. Біз осы бастама көтерілген кезде ел тағдырын айқындайтын маңызды жолдың бастауында тұрдық. Мақсатымызды айқындап, нақты жоспар құрдық. Дәл осындай тарихи сәтте халықтың бірауыздан қолдау білдіруі өте маңызды болды. Осыған орай түрлі ұсыныс айтылды. «Өзгерісті Парламент арқылы жасау қажет» деген пікірлер де болды. Бірақ біз әрбір азаматтың пікірін білген жөн деп шештік. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағидатты ұстандық. Осылайша, «Келісіп пішкен тон келте болмайтынына» бүкіл ел болып көз жеткіздік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында этно-мәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Н.Ибрагимов, күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы И.Сулейманов, т.б. және азаматтық қоғам өкілдері партияға қабылданып, партиялық билеттер табысталды.
