Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты №1 А. Пушкин атындағы мектеп-гимназия базасында педагогтерге 5-8,10-сынып оқушыларымен «Қазақ тілі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінен емтиханды ұйымдастыру және өткізу бойынша әдістемелік кеңес беру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында «Аралық аттестаттау емтиханын ұйымдастыру және өткізу тәртібі» тақырыбында семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды R-FACTOR.KZ ақпарат агенттігі қалалық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинар барысында «Орта білім беруді және тәрбие жұмысын дамыту, қосымша білім беру» бөлімінің басшысы А.Адеев ағымдағы жылы қазақ тілі бойынша емтихан Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығының 35-тармағына сәйкес білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында негізгі орта (5-8 сыныптар), жалпы орта (10 сынып) деңгейінде академиялық жыл аяқталған кезде оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптарға «Қазақ тілі» және оқыту өзге тілде жүргізілетін сыныптарға «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бойынша МЖМБС-қа (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) сәйкес жазбаша нысанда өткізілгелі отырғандығы туралы баяндады.
Сонымен қатар емтиханды өткізу уақыты білім беру ұйымының педагогикалық кеңесімен айқындалатынын, тапсырмаларды академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, педагогтер құрастыратындығы мен білім беру ұйымының әкімшілігі бекітетіндігі туралы ақпараттармен таныстырды.
Қатысушылар тарапынан емтихан тапсырмаларының мазмұны мен критериалды бағалау өлшемдеріне, тапсырмаларды бойынша қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Білім алушыларды аралық аттестаттау – білім алушылардың оқу аяқталғаннан кейін бір оқу пәнінің бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын игеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім.