Баланы аспалы бесікке немесе қол арбаға жатқызып ұйықтатуға болмайды. Сондай-ақ, оны қойынға алып жату да дұрыс емес. Жас баланың өзінің арнаулы төсегі болсын. Оны бөлменің жарық молырақ түсетін, шаң-тозаңнан таза жеріне қою керек.
Нәрестеге таза ауа жеткілікті болуы үшін оның жатқан бөлмесінің жазда терезесін, қыста желдеткішін ашып, күніне бірнеше рет ауасын жаңартып тұрған дұрыс (терезені немесе желдеткішті ашқан кезде нәрестені басқа бөлмеге жатқыза тұру керек). Жаз айларында терезеден үйге маса-сона, шаң-тозаң кiрмес үшін оған дәке немесе шілтер тұтып қойған жөн.
Баланы ұстаудан бұрын анасы қолын сабындап жуып алуы керек және жас нәрестені дәрігерден басқа адамның қолына берудің де қажеті жоқ. Жалпы нәрестені қолға ұстап үйретпеген дұрыс. Қолға үйренген бала мазасыз болады және оған адам қолының қызуы өтеді. Егер қолға ұстап отырған баланың байқаусызда жөргегі ашылып қалса, оның ішіне жел қарысып, сырқаттанып қалуы да мүмкін. Сондықтан бөбектi мезгілімен емізіп, су болған жаялығын ауыстырып, төсегіне жатқызып қойғанның өзі жақсы.
Жас нәрестенің терісі өте нәзік болады, оның сәл нәрседен жарақаттанып немесе базданып кетуі мүмкін. Сондықтан жас балалы ана қолының тырнағын өсірмей, тықырлап алып тұруы керек. Сондай-ақ, баланы қолға аларда сақина-жүзік, білезік, сағат сияқтыларды да қолдан алып тастаған дұрыс.
Жас баланың кіндігі түскеннен кейін оны алты айға дейін күнде шомылдырасыз. Шомылдырар алдында қолыңызды сабындап жуып, легенді мұқият тазалап, қайнаған сумен шайқап тастаңыз. Бұдан соң бала шомылдыратын ыдысқа су құйып алып, оның температурасын термометрмен өлшеу керек. Судың жылылығы 36—37 градус болсын. Сіз баланы шешіндіргенше бір градустай салқындайды да, баланың денесі тітіркенбейтін болады. Егер алғашқы шомылдырғанда су ыстық немесе салқын болып, баланың денесі тітіркенсе, судан шошынып шомылдырған сайын жылай береді.
Бала шомылдыратын бөлменің температурасы 20-22 градустан кем болмауы керек. Баланың үстіндегі киімін шешіндіріп, легендегі суға шалқасынан саласыз да, сол қолыңызбен басын көтеріңкіреп ұстайсыз. Су баланың иығынан жоғары аспайтын болсын. Баланың аузы-мұрнына, құлағына су кетпеуін, көзіне сабын тимеуін қадағалау керек. Әуелі оң қолыңызбен баланың мойнын, кеудесін жуасыз. Одан кейін қолыңызға сабын жағып алып, маңдайынан желкесіне қарай сипап, басын жуасыз. Бұдан соң бір жұмсақ шүберекті сабындап алып, сонымен баланың барлық денесін жуасыз. Әсіресе, баланың құлағының сыртын, қолының, алақандары, мойны мен қолтығын мұқият тазалап жуыңыз. Баланың бетін бөлек ыдысқа құйып салқындатып қойылған қайнаған сумен жуған дұрыс. Жуындырып болғаннан кейін баланың үстінен иығынан бастап, таза су құясыз да, дереу жұмсақ сүлгіге немесе жаймаға орап алып, еппен сүртіп, денесін құрғатып барып киіндіресіз.
Бала қырқынан шыққанша оны жетісіне екі рет қана сабынмен жуындырасыз. Басқа күндері бір күн жай жылы сумен, бір күн тұзды сумен немесе аздап марганцовка қосылған сумен шомылдыру керек. Тұзды сумен немесе марганцовка қосылған сумен шомылдырған күні баланың денесіне балаларға арналған вазелин жағып, сылайсыз. Сылап болғаннан кейін баланың қол-аяғын керіп-созып, гимнастика жасатасыз. Әсіресе, екі қолын жоғары-төмен қозғап тұрмасаңыз, баланы жауырыны жабысып, қолын қозғай алмай қалуы мүмкін.
Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін және кешке ұйықтар алдында баланың беті-қолын жуып тұру қажет. Оны, әрине, жай сумен жумайсыз, бір ыдысқа қайнаған жылы су құйып аласыз да, соған баланың өзінің сүлгісінің бір шетін сулап алып, беті-қолын, мойнын, құлағының сыртын сонымен сүртесіз. Алты айға толғаннан кейін баланың беті-қолын кәдімгідей жылы сумен жууға болады. Баланың тырнағы өсіп кетсе, ол өзінің бетін тырнап тастайды. Сондықтан оның тырнағын өсірмей алып тұру керек,
Әр күні таңертең баланың көзін қайнаған суға немесе бор қышқылының ерітіндісіне (1 стакан суға 1 шай қасық бор қышқылын қосасыз) Шыланған мақтамен сүртіп тұру керек. Баланың бір көзін сүрткен мақтамен екінші көзін сүртпеңіз және бір көзін жуған су екінші көзіне қарай ақпайтын болсын.
Нәрестенің мұрны бітіп, дем алуы қиындап бара жатса, оны қатты нәрсемен, шұқымай, таза мақтаны босаңдау бұрап ширатып, қайнаған (жылы) суға шылап алсаңыз, сонымен ептеп бұрап отырып танауын тазалауға болады. Құлағын да осылайша тазалаған дұрыс.
Баланың шабы, қолтығы, мойны, құлағының түбі базданбау үшін оған арнайы опа сеуіп тұру керек.
Баланың дені сау болып, дұрыс өсуі оны күнделікті тамақтандыруға, ұйқы және тазалық режимін дұрыс сақтауға байланысты. Жас балаға ең кенеулі тамақ — ана сүті. Оның құрамында баланың дұрыс өсуіне қажетті — май, белок, қант, тұз, су және әр түрлі витаминдер болады. Сондай-ақ, ана сүтінде бала организмін әр түрлі жұқпалы аурулардан қорғайтын заттар да болады. Ана сүті тез қорытылып, баланың бойына сіңеді.
R-ақпарат