• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Алға бастаған Ата Заң

Автор:admin

Авг 23, 2023
Spread the love

Кез келген бастама Ата Заңда айқындалған ережелермен сәйкес ғана жетістікке жетпек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық өзінің егемен құқын пайдаланып, қабылдаған Конституция қол сұғылмас қасиетке, жоғары заңдық қана емес, рухани-адамгершілік киеге ие болады, сөйтіп ол қазақ­стандық патриотизмді тәрбие­леудің іргетасына айналады» деген болатын.
Сол сенім жете­гінде Қазақстан өз дамуының стра­тегиялық бағдарын айқындап, әлеуеті артқан, азаматтық қоғам­ның нышандары сомдалған елге айналды. Ата Заңымыз «Мәңгілік Ел» идея­сын ақиқатқа айналдыруға бет түзеген Қазақстанның айшықты бейнесін бедерлеп қана қоймай, оның әлем алдындағы беделін даралап көрсетуге әлі де зор ықпалын тигізері анық. Сондықтан, оның саяси-құқықтық салмағын терең түсініп, құндылығын бағалай білу маңызды.
Қандай мемлекет болмасын өзінің өмір сүруі үшін заңдарын қалыптастырады. Тарихтан оған жүздеген мысалдарды келтіре аламыз. Қазақ жері де одан кемде қалған емес. Бабаларымыз дала демократиясына негізделген «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» ұстанды, соны басшылыққа алды. Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы қабылданған болатын. Кейін Қазақ КСР-інің Ата Заңы 1937 жылы 26 наурызда кеңестердің бүкілқазақстандық Х съезінде қабылданды. Ал, 1978 жылдың 20 сәуірінде ІХ сайланған Қазақ КСР Жоғары кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында «Кемелденген социалистік қоғам» конституциясы бекітілді. Бұл Конституция өзгерістермен 1993 жылға дейін қолданыста жүрді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған еді. 1995 жылы 30 тамызда өткен референдумда сайлау құқығы бар азаматтардың басым бөлігі жаңа Ата Заңды жақтап дауыс беріп, ол өмірімізге енді.
1995 жылы 30 тамызда егемен еліміздің жаңа Конституциясы қабылдануының тарихи маңызы зор болды. Сол кезде халқымыз мемлекеттігіміздің мазмұнын, құрылымын бекіткен аса маңызды құжатқа дауыс беріп, еліміздің болашақ даму жолын айқындады. Ата заңымыз біздің мемлекетімізді нығайтудың шешуші тетігіне айналды. Елдің бүгінгі өрлеуіне бастау болып, келешек қуатының іргетасын қалады. Конституцияны еліміздің негізгі заңы деп атауымыздың да мәні терең. Шынында да ол біздің жетістіктеріміздің негізі, қайнар көзі. Ата заңымыз азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып қана қоймай, әркімге өз әлеуетін іске асыруға жол ашты. Қазақстанның жер байлығын, қойнауының қазынасын халқымыздың пайдасына жаратып, игілігін көруге мүмкіндік берді. Әлеуметтік, экономикалық, саяси үдерістерді реттейтін институттарды құрды, Тәуелсіздігіміздің тірегі ретінде танылды. Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жи­нағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де, яғни Қазақстан Республикасында да ел тәуелсіздігін нығайту барысында қабылданды. Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата Заңы болып табылады.
Былтырғы жылы Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтіп, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені өздеріңізге жақсы мәлім. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақ­тауымыз біздің барлығымыздың, яғни Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Мемлекеттік басқару тетігі Конс­титуция негізін­де және соның ая­сын­да жұмыс істейді.
Адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазына деп жариялап, Қазақстанның демократиялы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуы, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық қағидаларын мәңгілікке бекітті. Өз кезегінде бұл құндылықтар Қазақстанның ішкі дамуындағы және халықаралық аренадағы жетістіктеріне жол ашты. Ел басшылығының көреген, жасампаз саясатының, халқымыздың мызғымас бірлігінің, келісті тірлігінің, қажырлы еңбегінің арқасында ұланғайыр істер атқарылып, мемлекетіміз аяғынан тік тұрды, қанат жайды, іргелі елге айналды, әлемге танылды. Сондықтан, Ата заңымызды қадір тұтып қастерлеу барша азаматтарымыздың басты міндеті. Біз Жаңа Қазақстанға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұрынғыдан да кемелдене түскен Конституциямызбен қадам басып отырмыз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика