• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

АКБ ТӨРАҒАСЫ «KAMEYA CLINIC» МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ӨТКЕН НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНА ҚАТЫСТЫ

Автор:admin

Мар 18, 2023
Spread the love

Бүгін Ұлыстың ұлы мерекесі қарсаңында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің Шымкент филиалының құрамындағы «Kameya Clinic» медициналық орталығында өткен Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты. Бейбітшілік пен ынтымақ салтанат құрған жиында арнайы дайындалып келген қызметкерлердің қазақтың ұлттық нақыштағы бөрігі мен ою-өрнекпен көмкерілген көйлектері тойдың сәнін ажарландыра түскендей. Жиналған жұртшылық ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлық мейрамның басты дәмі – Наурыз көжеден ауыз тиді. Мерекелік жиында сөз алған АКБ төрағасы клиника ұжымын келе жатқан Әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі лебізін білдіріп, орталықтың бірқатар белсенді қызметкерлеріне Алғыс хат табыстады.
Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол.
Бауыржан Ілімшеұлының іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде мыңжылдық тарихы бар Наурыз елдің ең жақсы көретін және асыға күтетін мейрамы екенін, бұл мейрам жаңару нышанын танытып, адамдардың өзара ынтымағын және табиғатпен тұтастығын көрсететін көктемгі күн мен түннің теңелер шағының айрықша нышаны ретінде тойланып келе жатқанын айтты.
Салт-дәстүріміз насихатталып, халықты тату тірлікке үндеген жиында ұлттық құндылықтар барынша дәріптелді. Наурыз тойда тұсау кесу мен бесікке салу рәсімдері өтті. Бауыржан Ілімшеұлымен кездесу сәтін тиімді пайдаланған бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері ұлттық рәсімге сай «Үлкен кісінің жолын берсін!» деген ниетпен балдарының тұсауын кестірді. Жиын соңында күмбірлете күй төгіліп, жырдан шашу шашылды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика