Түркістан облысында алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Осы орайда өткен жылы Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылды.
- Егін шаруашылығы
Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылға қарағанда 13,3 мың гектарға артып, 827 мың гектарды құрады. Егістікті әртараптандыру бойынша мал азықтық дақылдар 11 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 201 мың гектарға жетті. Соның ішінде жүгері 2 мың (барлығы 46 мың гектар), арпа 6 мың (барлығы 44 мың гектар), сонымен бірге картоп, көкөніс, бақша дақылдары 5,1 мың гектарға артып, жалпы егістік аумағы 119 мың гектарға көбейді. Есесіне бидай 3,6 мың гектарға азайып, 186,8 мың гектарға, мақта 1,5 мың гектарға қысқарып, 131 мың гектарға егілді.
Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен 77,2 мың тонна жанар-жағармай, 96 мың тонна минералды тыңайтқыштар босатылды. Соның нәтижесінде агроқұрылымдар масақты дақылдардың түсімділігін 20 центнерге жеткізіп, 462 мың тонна астық бастырды. Өткен жылмен салыстырғанда өнімділік әр гектардан 5,2 центнерге өсіп, қамбаға 125 мың тонна қызыл дән артық құйылды.
Көкөніс, картоп, бақшадан 3 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жүгері түсімділігі гектарына 47,3 центнерден өнім берді. Соның арқасында 218 мың тонна өнім алынды. Мақта түсімділігі 27 центнерге ұлғайып, 347 мың тонна «ақ алтын» жиналды. Мақта теріміне 339 комбайн жұмылдырылып, шитті мақтаның 75 пайызы комбайнмен терілді.
Ауа райының қолайлы болуына байланысты және шаруалардың еселі еңбегінің арқасында бір жарым жылдық мал азығы дайындалып, жемшөп қоры 4 млн. тоннаға жеткізілді. Салаға озық технологияларды енгізудің нәтижесінде еңбек өнімділігі артты. Мәселен, жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісі жаңадан 7 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 16,8 мың гектарға жетті. Жаңбырлатып суару технологиясының тиімділігі сол – ағын су шығынын 2-3 есе үнемдеп, өнімділікті 3-4 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге 173 гектарға қосымша жылыжайлар салынып, оның жалпы аумағы 1108 гектарды құрады. Республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы – біздің облыста. Жаңадан 673 гектарға қарқынды бау егіліп, барлығын қосқанда аумағы 3,4 мың гектарға өсті. Соның нәтижесінде 190 мың тонна жеміс-жидек пен жүзім өндірілді, ол республикадағы үлестің 57 пайызына тең.
- Су шаруашылығы
Су нысандарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 су нысаны: «Бөген», «Қосқорған» су қоймалары, «Түркістан», «Арыс», «Қараспан» магистральды каналдары және «Қараспан» су торабы облыстық меншікке өткізілді. Су нысандарын тиімді пайдаланудың арқасында 75 мың гектар суармалы алқапқа ағын су тұрақты беріліп отырды. Түркістан қаласы аумағында ағын су тапшылығын жою үшін құны 29,3 млрд. теңгеге 4 жоба жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, олар – «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Түркістан магистральды арнасын күрделі жөндеу», «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу» және «134 дана тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру» жобалары. Осылар іске асса ағын су қосымша 196 млн. текше метрге көбейіп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Бұдан бөлек, 19 су шаруашылығы нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, соның есебінен 5,2 мың гектар алқаптың сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Сондай-ақ, 1150 гектар және жаңадан 400 гектар суармалы жер айналымға қосылды.
- Мал шаруашылығы
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биылғы 10 айда ірі қара мал 5,4 пайызға (саны 1,1 млн., республика бойынша 3-орын) қой-ешкі 5 пайызға, (саны 4,5 млн., республикада 1-орын), жылқы 9 пайызға, (саны 332 мың, республикада 3-орын), түйе 7 пайызға (саны 29,3 мың, республикада 3-орын) және құс 9 пайызға (саны 2,1 млн.) өсті.
Шетелден 3910 асыл тұқымды ірі қара мал аналығы сатып алынып, тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,8 есеге артты. Қолда бар 403 мың аналық малдың 136 мыңы немесе 34 пайызы тұқымдық түрлендіруге қатысып, бұл бойынша берілген тапсырма 103 пайызға артық орындалды. Сыйымдылығы 8 мың басты құрайтын 5 жаңа мал бордақылау алаңы ашылып, осындай алаңдардың жалпы сыйымдылығы 164 мың басқа жетті. Бұдан бөлек ірі қара мал ұстайтын 8 жаңа отбасылық сүт фермасы ашылып, 2 тауарлы-сүт фермасы кеңейтілді. Бүгінде ет өндірісі 3 пайызға (178,9 мың тонна), сүт өндірісі 3,5 пайызға (625,8 мың тонна) артып, 159,7 млн. дана жұмыртқа өндірілді.
Ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 36 млн. доза вакцина алынып, профилактикалық іс-шаралар атқарылды. Қазіргі таңда эпизоотиялық жағдай өңірімізде тұрақты.
- Қайта өңдеу
Облыстағы 11 ет өңдеу кәсіпорны – 12,4 мың тонна ет, 24 сүт өңдеуші зауыт – 181,5 мың тонна сүт, 21 жеміс-көкөніс өңдейтін өндіріс орны – 96,1 мың тонна жеміс-көкөніс өңдеп, оның қаржылай көлемі 54,8 млрд. теңгені құрады. 10 айда облыста 2 жеміс-көкөніс және 2 сүт өңдейтін кәсіпорын ашылды.
- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты
Түркістан облысының өсімдік шаруашылығында барлығы 394 мың тонна, мал шаруашылығында 28 мың тонна өнім шетелдерге шығарылып, экспорт көлемі 157,3 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артты. Атап айтқанда, 15,2 мың тонна ірі қара мал, 3,7 мың тонна қой еті Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елдеріне экспортталды. Сөйтіп, күнгей өңірдің өнімі республика экспортының 50 пайызын құрады. Ал, 394 мың тонна көкөніс, бақша өнімдері Ресей, Беларусь, Латвия, Литва, Германия, Украина мемлекеттеріне жөнелтілді. Бұдан бөлек, балық шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдаудың нәтижесінде барлығы 2 390 тонна балық өнімдері Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан және Чехия елдеріне экспортталды. Алдағы кезеңде Қытай еліне түйе сүтінің өнімдерін экспорттау жоспарланып, жыл соңына дейін экспорт көлемін 264 млн. АҚШ долларына жеткізу көзделуде.
- Азық-түлік белдеуін қалыптастыру
«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасын жүзеге асыру жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті. Жоба бойынша жалпы құны 70 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Соның нәтижесінде қосымша 30 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Биылдың өзінде 4 ірі инвестициялық жобаны іске асырудың алғашқы кезеңдері басталды. Мәселен, «Түркістан Агро XXI» ЖШС-нің жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын 1 000 гектарды жаңбырлатып суару, машина техника паркін ашу жобасы өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Екіншіден, аталмыш жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 1 200 ірі қара малға арналған заманауи тауарлы-сүт фермасының жобасы келешегінен көп үміт күттіреді. Оның құны – 3,6 млрд. теңге. Қазіргі таңда 4 бірлік (200 гектарды қамтитын) жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылды. Үшіншіден, «Сити строй» ЖШС 10 000 бас ірі қара мал бордақылау кешенін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жобаның құны 4,3 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, жоғарыда аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестік те 1 000 гектар алқапқа жаңбырлатып суару әдісін қолданбақ. Жаңа жобаны жүзеге асыру үшін 1,5 млрд. теңге қажет. Бұдан бөлек, «Стандарт ойл» ЖШС-інің жобалық құны 10,4 млрд. теңгені құрайтын етті бағыттағы құс фабрикасының болашағы зор. Жылына 20 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік беретін кәсіпорын бірнеше жұмыс орнын ашатыны даусыз. Мұны бес деп қойыңыз. Алтыншыдан, YDA INSAAT түрік компаниясының жобалық құны 40,2 млрд. теңге болатын 500 гектар алқапқа орналасатын заманауи жылыжай кешені де ел игілігін еселеуге өз үлесін қосатын болады. Жетіншіден, жылына 20 миллион дана жұмыртқа өндіруді «Яссы құс» ЖШС қолға алмақ. Бұл жобаның құны 1,4 млрд. теңгені құрайды. Сегізіншіден, «Golden Camel Group» ЖШС-інің жылына 2,5 мың тонна түйе сүтін қайта өңдеу кешені іске қосылса нұр үстіне нұр. Жаңа жобаның құны 7 млрд. теңгені құрайды.
Аталған ірі жобаларды іске асыру үшін қала аумағындағы алқаптарды заманауи технологиялармен суландырып, жасыл белдеу жүйесін қалыптастыру қажет. Бұл Түркістан қаласының климат ылғалдығын жақсартып, облыс орталығында халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге тікелей әсерін тигізеді.
- Агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды жобалар
Облыс әкімінің бастамасымен ауыл шаруашылығы саласында 18 бағытты қамтитын жалпы құны 89,4 млрд. теңгені құрайтын 695 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күнге дейін құны 31,3 млрд. теңгені құрайтын 590 жоба пайдалануға беріліп, 2 287 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы мен құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын 107 жоба жүзеге асырылып, 39 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Алдағы уақытта әрбір ауылдық округте 10 жобадан жүзеге асыру жоспары түзілді.
- Агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау, қаржыландыру
Агроөнеркәсіп саласына «ҚазАгро» Ұлттық Басқару Холдингі» акционерлік қоғамы тарапынан 41,3 млрд. теңге несие қаржылар беріліп, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,4 есеге артты. 2 813 жоба қаржыландырылып, 3 512 жаңа жұмыс орны ашылды.
- Экономикалық өсім
Ағымдағы жылы 10 айда ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 560,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен 83,3 млрд.теңгеге артып, еліміз бойынша екінші орынға қол жеткізілді. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемі 619 млрд. теңгеге, индексі 104,0 пайызға жеткізілетін болады. Салаға тартылған инвестиция 27,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Ал, ол бойынша республикада бірінші орында тұрмыз.
R-ақпарат