Мұсылман баласы үшін мың айдан да қадірлі –қасиетті Рамазан айында садақа беріп, қайырымдылық жасау ең сауапты да, қайырлы істердің бірі болып саналады. Бүгін осыған орай, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы қайырымдылық шарасын өткізді. Аталған шара «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбек Дюсеновтың бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Қайырымдылық акциясына «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков, медицина қызметкерлері қатысты.
Рамазан – қайырымдылық айы, бұл айда игі амалдың, қайырымдылық көмектің сауабы сансыз сауапқа еселенетіні белгілі. Осы сәтті пайдаланып, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы 50 отбасыға қаржылай көмек көрсетті. Жиналғандарға 20 мың теңгені құрайтын ірі сауда орталықтарының бірінен азық-түлік алуға сертификаттар табысталды.
Жиында сөз алған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек Рамазан айының қасиеті туралы айтып, жиналған қауымды құттықтады.
«Баршамызды Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Рамазанның берекесі – мейірімділік көрсету мен ізгі амалдар жасаумен арта түспек. Жетім мен жесірге, жоқ-жітікке қарайласу мұсылманның мерейін үстем қылады,» — деді АКБ төрағасының орынбасары.
Шара барысында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков қасиетті Рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік болатынын және бұл айда мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаудың сауабы мол екенін айтып өтті.
«Рамазан – қайырымдылық пен сауаптың айы. Бүгін баршаңызды жинап отырғанымыз да осы. Баршаңызды сауапты істерімізге үлес қосып, жақсылықтың басы-қасынан табылып, белсенді түрде атсалысып келгендеріңізге алғыс айтамыз. Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін!» – деді салалық кәсіподақтың төрағасы.
Жиын соңында жиналған қауым қасиетті айда қайырымдылық шарасын ұйымдастырып отырған жомарт та сауапқа кенелген кәсіподақ ұжымына өз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.