NEET санатындағы (оқымайтын және жұмыс істемейтін) жастардың үлесін азайту және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау мақсатында Жастар ресурстық орталығының мамандары үй-үйді аралап, жастармен және олардың ата-аналарымен жеке кездесулер өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – 14 пен 34 жас аралығындағы білім алмайтын, жұмыс істемейтін, кәсіби даярлықтан өтпейтін жастарды анықтау және оларға нақты қолдау тетіктерін ұсыну. Осы мақсатта арнайы құрылған жұмыс тобы қала мен ауылдық елді мекендерді аралап, әрбір жас азаматпен жеке сұхбат жүргізді.
Кездесулер барысында жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары, атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Кәсіптік оқыту», «Жас кәсіпкер» және гранттық бағдарламалар туралы толыққанды түсіндірме берілді. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен қысқа мерзімді курстар жайлы ақпарат ұсынылды.
Мамандар жастарды өз әлеуетін дамытуға, кәсіп бастауға, кәсіби бағыт-бағдар алуға және қоғам өміріне белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, ата-аналармен әңгіме жүргізіліп, олардың балаларының таңдауын қолдау және өмірлік бағыт табуына көмектесу қажеттілігі айтылды.
Кездесу кезінде жастардың ұсыныстары мен пікірлері де тыңдалып, олардың қызығушылықтары мен қабілеттеріне сай бағыттар айқындалды. Бірқатар жас азаматтар бос жұмыс орындарына жолдама алуға ниет білдірсе, кейбірі кәсіптік оқуға немесе гранттық бағдарламаға қатысуға өтініш білдірді.
Аталған жұмыс NEET жастарының санын азайтуға, олардың әлеуметтік бейімделуін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта осындай үй аралау, кездесу және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.
Жастар ресурстық орталығының мамандары бұл бағыттағы іс-шаралар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және әрбір жастың қоғамдағы өз орнын табуына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
