Өрттен адамдарды құтқару және олардың мүлкін қорғау – өрт сөндірушілердің негізгі міндеті. Әрбір шақырту үлкен тәуекелмен байланысты, сондықтан өрт сөндіруші мен құтқарушы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындай батылдық пен қайсарлықты өрт сөндірушілер өткен аптада «BUY park» сауда орталығында орын алған өрт кезінде көрсете білді.
Ғимараттың екінші және үшінші қабаттарынан қою түтін шығып, адамдар сыртқа ағыла шықты. Алайда, біразы ғимарат ішінде қалып қойып, тіпті шатырдан көмек сұрағандар да болды. Ең қауіпті сәтте үшінші қабаттың терезесінде ер адам түтінге тұншығып тұрған еді.
Оқиға орнына бірінші болып өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау полковнигі А. Сапаев бастаған топ жетті.
Күштер мен құралдар келгенге дейін оның бұйрығымен жедел-штабтық автокөлік жүргізушісі, азаматтық қорғау старшинасы Ш. Исраилов терезедегі секірмек болған ер адамға көмек келетінін айтып, сабырға шақырды. А. Сапаев өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісінің орынбасары азаматтық қорғау майоры Т. Каюповқа жедел-штаб жұмысын ұйымдастыру, күштер мен құралдарды күтіп, газ-түтіннен қорғау қызметінің буындарына бағыт беру, резервін құру және жедел қызметтердің жұмысын ұйымдастыру тапсырма берді. Т. Каюпов барлық жұмысты жедел және кәсіби түрде ұйымдастыра білді.
Сол сәтте азаматтық қорғау полковнигі А. Сапаев жоғарғы қабаттарда адамдар қалып қойғаны және олардың өз бетімен шыға алмай естіп, тез арада а барлау жұмыстарына кірісті, кіре сала электр қуатын қамтамасыз ету құралдарын ажыратты, одан әрі түтінге толы ғимараттың ішінде эвакуация жолдарын тексеру барысында ол жөтелген дыбысты естіп, бірінші және екінші қабат арасынан өздігімен шыға алмай қалған қызметкерді тауып, таза ауаға алып шықты.
Кезекшіліктен тыс уақытта жолда өтіп бара жатқан №6 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Б. Балтанов оқиға орнына келіп, өрт сөндіру кезекші қызметіне адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, өрт сөндіру техникаларына кедергі келтірмеу үшін автотұрақтағы көліктерді шетке шығаруға көмектесті. Алғашқы өрт сөндіру көлігімен келген №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізуші-қызметкері азаматтық қорғау старшинасы Б. Бейбіт терезедегі адамды көріп, шапшаң қимылдап Ш. Исраилов пен Б. Балтановқа үш иінді сатыны берді, олар сатыны үшінші қабатқа орнатып, терезедегі ер адамды құтқарып алды.
Келген күштер мен құралдар дереу өртті сөндіру және адамдарды құтқару жұмыстарына кірісті. №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің газ-түттінен қорғау қызметінің құрамындағы қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры А. Дильмишев, бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты А. Ережепов және өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Д. Тастан ғимарат ішіне кіріп, фитнес-залдың киім ауыстыру бөлмесінен ес-түссіз жатқан әйелді тауып, сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырды.
Сондай-ақ, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің газ-түттінен қорғау қызметінің құрамындағы бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы А. Джаметов, аға өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау сержанты Е. Шегірбай және өрт сөндіруші-құтқарушы Р. Еркінұлы үшінші қабаттағы барлау барысында өздігінен шыға алмаған ер адамды тауып, дер кезінде сыртқа шығарып, медицина қызметкерлеріне табыстады.
Жедел штабтың нұсқауымен №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігін жүргізу жөніндегі аға инструкторы, азаматтық қорғау старшинасы А. Батыр ғимараттың төбесіне автосаты орнатты. Ал мамандандырылған жасақтың аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Б. Лескен автосаты арқылы шатырдан бір адамды эвакуациялады.
Дер кезінде жасалған кәсіби әрекеттердің арқасында өрттен 5 адам құтқарылды.
Бұл оқиға өрт сөндірушілердің батылдығы мен кәсібилігінің айқын дәлелі болып отыр.
