Полиция департаментінің жеке құрамы қала әкімдігі ғимаратының алаңында жиналып, сап түзеді. Мемлекеттік әнұранды шырқап, саптық байқаудың элементтерін бұлжытпай орындады.
Гарнизондық қызметке тарату жиынына мегаполистың тәулік ішіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуші мыңға жуық тәртіп сақшысы қатысты. Оның ішінде 5 аудандық полиция басқармалары, патрульдік полицейлер мен учаскелік инспекторлар, жедел қимылдайтын арнайы жасақ пен Ұлттық ұланның әскерилері бар. Ауқымы кең іс-шараға қызметтік автокөліктер де жұмылдырылды.
Жиын мақсаты — полицейлердің қызметтік міндетті атқару үшін қаншалықты талапқа сай екенін тексеру, олардың құжаттары мен құрал-жабдықтарын және сыртқы келбеті мен нысанды киім үлгісін жіті назарға алып, кемшіліктер кездессе, дер кезінде шара қолдану болып табылады.
Тәуліктік нарядқа түсетін тәртіп сақшыларының қызметтік құрал-жабдықтары мен құжаттары, нысанды киім үлгісі жіті тексерілді. Саптық байқаудың әрбір элементін тиянақты орындай жүріп өткен сақшылар өз қызметтеріне даяр әрі қырағы екенін көрсетті.
Гарнизондық қызметке тарату жиыны салтанатты саптық жүріспен тәмамдалды.
Тексеру қорытындысы бойынша басқарма бастықтарына анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою міндеттелді. Жеке құрамға қызметтік міндеттерін орындау кезінде тәртіпті, заңдылықты және азаматтарға сыпайы қарым-қатынасты қатаң сақтау тапсырылды. Тексеруден кейін полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін орындауға кірісті.
Халықпен етене жақын жұмыс істейтін орган қызметкерлері ретінде сыртқы келбетке және нысанды киімді үлгісіне күтіммен қарауды ескертті.
Полиция қызметкері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жедел іс-қимылдарға әрқашан сақадай сай болуы тиіс. Төтенше жағдайларда шұғыл әрекет етіп, адам тағдыры қыл үстінде тұрса құтқару жабдықтарын өз пайдасына жарата білуі қажет. Осы мақсатта тәуліктік нарядқа түсетін тәртіп сақшыларының қызметтік құрал-жабдықтары мен құжаттары, нысанды киім үлгісі жіті тексеріліп, кемшіліктерді түзету үшін басшылық құрамға тиісті тапсырма берілді.