Қазақ отбасының осындай өнегелері жеке бастың мінез-құлқы мен рухани мәдени құндылықтарын қалыптастырудың баспалдақтары болады.
Сонымен, отбасының этникалық-мәдени құндылықтары деп төмендегілерді айтуға болады:
Жетілген адам, яғни «Сегіз қырлы, бір сырлы адам» тәрбиелеу.
Отанды, халқын, жерін, елін сүю «Атаның ұлы емес, халықтың ұлын» тәрбиелеу.
Адал, арлы азамат тәрбиелеу, яғни «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы».
Жеті атасын білуге тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген жетесіз».
Отбасы шежіресі мен мұрагерлік (туыстық қарым-қатынас, үш жұрт, отбасындағы кенже ұлдың рөлі). Ата-баба дәстүрін жалғастыру.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы. Сондықтан да Ислам отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке – екі жанның қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік болса, жұбайлар өмірінің шырайы артып, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, қандай жағдайда болсын, босағасы берік болмақ.
Ер кісі – ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Әйел заты – әуелі күйеуіне бойұсынуы тиіс, содан кейін өз намысын, бала-шағасының, сондай – ақ үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруға міндетті. Өзара жауапкершіліктеріне, түсініктеріне, сонымен қатар эмоцианалдық (сезімдік) жақындықтарына негізделеді. Бір жағынан отбасы – адамдардың өзінің ішкі өмірін, құпияларын, сырларын, қарсы тұрған сыртқы әсерлерден қызғанышпен қорғайтын тұйық бірлестік. Егер отбасының ішкі өмірін қоғамға ашық етсе, онда ол бірден ыдырап, күйзеліске ұшырауы мүмкін, ал екінші жағынан, отбасы адамдардың қоршаған ортаға, қоғамға ашық, айқын бірлестігі. Мұндай отбасыда өз мәселелері қоғам мәселелерімен қатар қарастырылып, шешімі де ыдырамайды. Керісінше, отбасының дамуына қауіпсіздік және сақтану сезімдерін қамтамасыз ететін мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар отбасы қоғамдық қарым-қатынасқа оның барлық өмірінің үрдісіне ықпалын тигізе алады. Отбасы адамдарға қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, бірқатар әлеуметтік қызметтер орындалып, қоғамның әлеуметтік құрылымы, бір элементі болып табылады.
Ғалым-педагогтар мен психологтардың ойынша балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы мен олардың берген тәрбиесіне жететін өмір жоқ. Балалардың дұрыс қалыптасуы олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік, қайырымдылық, сезімталдық, т.б. адамгершілік қасиеттерінің даму негізіне байланысты болады.
Сонымен отбасының өзіндік даму тарихы бар. Отбасы – кішігірім мемлекет, әлеуметтік топ. Ол алғашқы адам баласы пайда болған кезеңнен бері қарай дамуда. Ертеде отбасын құру – күнкөріс қамынан, ерлі-зайып қатынасынан, ұрпақ әкелуден туындаған.
R-ақпарат