• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

КОЛОРЕКТАЛЬДЫ ОБЫР КӨБЕЙІП ТҰР

Автор:admin

Апр 5, 2024
Spread the love

Дүние жүзінде жылдан жылға онкологиялық ауруға шалдыққандар саны артып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығады екен. 2023 жылы 218 мың науқас диспансерлік есепте тұрып, 12 мың науқас қатерлі ісіктен қайтыс болған. Елімізде сүт безі, өкпе, асқазан қатерлі ісіктері өте жиі таралған. Республикада кейінгі 5 жылда – 2014-2015 жылы ісіктер жиілігі бойынша 5-6 орында болған колоректальды обыр 2022-2023 жылы 3-4 орынға шықты. Жекешелеп алғанда тоқ ішек обырына шалдыққандар осы жылдар арасында 0,5 % артса, тік ішек обыры 1,6% жиілеген. Егер қатерлі ісіктің алдын алмасақ, алдағы 25-30 жылда тоқ ішек және тік ішек обыры ерлер арасында ең жиі кездесетін ісікке айналмақ. Онкологиялық ауруларға сараптама жасағанда, колоректальды ісік салдарынан өлу жиілігі ерлерде 4 орынға, ал әйелдер арасында 5 орынға шыққан. Онкологиялық ауруларға шалдығуға негіз болатын факторлардың бірі – адам ағзасындағы иммунитеттің нашарлауы. Күнделікті өмірде адам ағзасы үнемі канцерогендер шабуылына ұшырап отыратыны мәлім. Организмге енген канцерогендермен күресіп, оны жойып отыратын арнайы иммундық жүйе. Иммундық жүйе қызметі нашарлағанда немесе оның ісіктік жасушаны танып, әрекет ету қарқыны төмендегенде денеде қатерлі ісік дамиды. Тоқ ішек және тік ішек ас қорыту жүйесінің соңғы бөлігі болып есептеледі. Сондықтан оған әсер етуші зиянды факторлар да негізінен тамақпен байланысты болатыны сөзсіз. Ол тағам құрамындағы канцерогендер, дұрыс тамақтанбау, асты шамадан тыс артық пайдалану, тамақтанудың батыстық үлгісі, гиподинамия салдарынан туындайды. Тамақтанудың «батыстық түрі» деген жоғары калориялы, жасанды майлар мен көмірсуларға қаныққан әртүрлі дәмдеуіштермен толықтырылған, тез дайындалатын, арзан тағамдар. Сонымен қатар, қатерлі ісіктің дамуына бейімдеуші факторларды да айта кеткен жөн. Олар – семіздік, қант диабеті, тоқ ішек, тік ішектің созылмалы аурулары, іш қатулар, басқа да эндокриндік бұзылысы бар адамдар. Профессиональдық тұрғыда отырып жұмыс істейтін адамдар арасында (есепшілер, жүргізушілер, офис қызметкерлері т.с.с) осы ауру жиірек кездеседі. Кейінгі зерттеулер тоқ ішек пен тік ішек рагы себебінің 70 пайызға жуығы алдын алуға болатын факторларға, тамақтану тәртібі мен өмір сүру түріне байланысты екенін анықтады. Тоқ ішек обырының клиникалық белгілері бастапқыда науқастың себепсіз зауқының болмауы, ішінің оқтын-оқтын ауырып, мазалауы, кейде іш қатуы немесе іштің өтуі болуы мүмкін. Тәбеті нашарлап, лоқсып, құсуы да мүмкін. Уақыт өте келе ауруда әлсіздік, анемия белгілері, нәжісіне қан араласады. Аурудың емделуіне келер болсақ. Әлемдік статистикаға сай, қатерлі ісік бастапқы I, ІІ сатысында анықталса, радикалды ем жасалған науқастардың 80-90 пайыздан астамы толық айығып кетуі мүмкін. Онда да емдеу тәсілі де заманауи, эндоскопиялық тәсілмен жасалады. Даму сатысы жоғарылап, кесел ағзаға жайылған сайын, басқа ағзаларға (бауыр, өкпе, сүйектер т.с.с) метастаздар беріп таралған жағдайда аурудың емі де қиындай береді. Көбіне аурудың асқынған ІІІ және ІV сатыларында толыққанды хирургиялық ем жасау мүмкін болмайды. Тек паллитивті уақытша жағдайын жақсарту емі және химиялық препараттармен емдеу тәсілі ғана тағайындалады. Онкологиялық аурулардың бәріне тән бір ерекшелік – кеселдің бастапқы сатыларында ауру белгілерінің мүлдем болмауы немесе елеусіз болуы. Тұрғындар елеусіз белгілерді ескеріп, дәрігерге дер кезінде көрінсе, обырды ерте сатысында анықтап, емделу көрсеткіші де артар еді. Шымкент қаласы тұрғындарының онкологиялық ауруларының алдын алу және ерте анықтау мақсатында қалалық онкологиялық орталықта жоспарға сәйкес «ашық есік күндері» өткізіліп отырылады. «Ашық есік күні» әр аптаның сенбі күніне түрлі нозологиялық бірлік бойынша жоспарланған. Онда тұрғындар тегін онколог кеңесін алып, қажет деңгейде тексеріледі. Тексерілушілерді арнайы мамандар қарап, тиісті диагностикалық шараларды жүргізіп, ем-дом тағайындайды.

Н. ШАУЕНОВ, Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың хирургі, колопроктолог

Е. БАЙТЕМІР, Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың хирургі

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика