Отбасы – ежелден келе жатқан әлеуметтік институттардың бірі. Сондай-ақ ол бір жағынан әлеуметтік институт, ал екінші жағынан өзінің қалыптасу және даму заңдылықтары бар, қандас туыстыққа негізделген, ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен балалардың, туысқандардың туыстық қарым-қатынастарын реттестіруші кіші топ. Қазақ қоғамы ер кісінің беделі мен билігіне негізделген отбасындағы дәстүрлі қарым-қатынастар жүйесімен ерекшеленеді. Отбасы әлеуметтік институт ретінде қазақ мәдениетінің салт-дәстүрлерін ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды.
Қазақстанда әлеуметтану ғылымының дамуы үшін қажырлы еңбек еткен ғалым Н.А.Аитовтың көзқарасы бойынша, шығыс қоғамдарына тән ерекшелік, бұл, жеке тұлғаның еркіндігінің болмауы. Осы көзқарасты басшылыққа ала отырып, қазақ қоғамында әлеуметтік иерархияға негізделген ұжымдық қатынастардың басымдығының әйелдер еркіндігіне де өздігінше әсер еткендігі туралы тұжырым жасауға болады. Салт-дәстүрлерді бойларына сіңіріп тәрбиеленген қазақ арулары ұжымдық көзқарастарға сәйкес ұлттық құндылықтарды да өз еріктерімен қабылдап отырды. Осыған сәйкес отбасындағы әке билігі ұлттық құндылық ретінде қалыптасты. Ал бала тәрбиесіндегі ананың беделі ерекше болатын, өйткені ер кісі отбасының асыраушысы, әл әйел адам отбасының ұйытқысы, балалардың тәрбиешісі еді. Әкенің беделі қаншалықты жоғары болса, ананың балаға, баланың анаға махаббаты шек келтіруге болмайтын шындық болатын. Ананың отбасындағы, бала тәрбиесіндегі рөлін бейнелейтін қазақ халқының мақал-мәтелдері көп-ақ, атап айтатын болсақ, «сақау баланың тілін шешесі біледі», «ана алдында құрмет, ата алдында қызмет», «анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман» (Қорқыт), «анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа», «анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың», «анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш», «анасын сүйгеннің баласын сүй». Мұндай мақал-мәтелдер қазақ этносының ділі мен отбасындағы тәрбиесінің айнасы деуге болады. Қазақ отбасылары үшін баланың өмірге келуі шексіз қуанышқа бөлейтін оқиғалардың бірі болған. Сондықтан да баланы өмірге әкелу, ұрпақ жалғастыру отбасының аса маңызды қызметтерінің бірі болып есептелінді. Баланың өмірге келгенін бірінші болып жеткізіп, «сүйінші» сұраған адамға сыйлық беру жақсы хабар жеткізген адамға деген құрметті білдірген. Өмірге келген баланы ата-анасын, үлкенді, айналасындағыларды сыйлайтын кішіпейіл, мейірімді азамат етіп өсіру бала тәрбиесінің отбасында маңызды рөл атқарғандығын көрсетеді. Өз елін, жерін сүйетін патриоттық сана қазақ балаларында ата-анасын сыйлаудан бастау алады. Бұл – рухани құндылықтарды сақтаудың бірден-бір бастамасы. Әке асқар таудай қорғаныш, ана мейірімділік пен махаббаттың, ізгілік пен шыдамдылықтың мысалы болды. Сондықтан да Отанды анаға теңеу қазақ қоғамындағы ана тәрбиесінен бастау алған деп айтсақ та артық емес. Қазақ әйелдері үлкенді сыйлауды балаларына әрдайым ұлттық тәрбиенің бастауы ретінде өнеге етіп отырды.
R-ақпарат