• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

ТҮЛКІБАС: ШАҚПАҚТА ЖЕКЕ ЕМХАНА АШЫЛДЫ

Автор:admin

Ноя 12, 2023
Spread the love

Ұстаз деген ұлы жолда қаншама жыл тер төгіп, зейнеттік жасқа жетіп, ендігі өмірін халықтың сапалы өмір сүруіне арнап жүрген ел ағасы Нұрғазы Албаев сынды азаматты танымайтын түлкібастық жоқ шығар. Оның қолынан хат танып, білім нәрімен сусындап өскен әрбір бала бүгінгі елдің кемел келешегі үшін еңбек етіп жүрген білікті мамандар. Нұрғазы ағайдың аты атала қалса, ел қосқостап құрмет көрсетіп, алғыс пен ризашылық білдіретіндер қатары еселенеді. Осыдан ақ Нұрғазы ағайдың шәкірт жүрегінен орын тапқан сүйікті ұстаз болғанын байқауымызға болады. Еңбекке адал, ісіне үлкен ептілікпен қарайтын Нұрғазы ағай зейнетке шыққаннан кейін жаңаша кәсіп бастап, ел игілігі жолында жұмыс істеуде. Халықтың алғысына бөленіп һәм қуанышына айналған жаңа кәсіптері жайлы ағайдың өзінен сұрап, әдемі сұхбат құрдық.
-Ең алдымен, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап беруге келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Әңгімемізді жеке кәсіпіңізден емес өзіңізден бастасақ. Жалпы, Албаев Нұрғазыкім?
-Мен 1955 жылы Шакпак баба елді мекенінде дүниеге келдім. Осы ауылда білім алып, осы ауылда және аудан орталығында ұстаздық қызмет атқарып, бүгінгі таңда зейнеткер қатарындамын.Қазіргі таңда осы елді мекеннің ақсақалдар төрағасы қызметін атқарамын.
-Халыққа тиімді ең қажетті деп табылатын бұл жеке мекемеңіздің жұмысын қашаннан бастап қолға алдыңыз? «Балбөбек» балабақшасының өзге балабақшалардан артықшылығы бар ма?(қанша маман жұмыс жасайды, қанша бала тіркелген, жалпы жұмысты таныстырып өтсеңіз).
-2014жылы «Балбөбек» бала-бақшасының жұмысын қолға алып, ауыл тұрғындарының 3 жастан 5 жасқа дейінгі 125 баласына қызмет көрсетіп келеміз. «Балбөбек» бала бақшасының басқа балабақшалардан айырмашылығы балалардың дамуына жоғарғы деңгейде жағдай жасалынып, әрбір балаларға бөлінген санаттар бойынша 25 маман қызмет атқарады.Артықшылығы баламен «Ойын арқылы оқыту» технологиясы бойынша жұмыстар атқарылады.Заттық-кеңістік дамытушы орта құрылған.Әдістемелік жұмыстың сапасын арттыру жұмыстары қолға алынған.Жоба жұмыстары,дене шынықтыру,сауықтыру емдік шаралары көптеп жүргізіледі.
-«Балбөбектік» бүлдіршіндердің бір күндік режимі қалай? Олардың қауіпсіздіктері қаншалықты деңгейде сақталған?
-Күндік режімді дұрыс ұйымдастыра білу, баланың өмірге деген бейімділігін арттырып, жұмысқа қабілетін күшейтеді, денсаулығын жақсартуға әсер етеді. Күн тәртібін сақтаған жағдайда еш қиындықсыз жүйке жүйесінің қуатын ұйқыдан сергектікке, демалыстан кейін жұмыс істеуге, жұмыстан кейін әр түрлі ойындарға ауыстыра алатының айтады. Жаттығу баланың күні бойы сергек жүруіне , қан айналымының жақсарып, денсаулығының мықты болуына әсерін тигізеді. «Тазалық -иманның жартысы» дейді қазақта. Өз бойын таза ұстап үйренген бала барлық істе қабілетті,ширақ келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды күнделікті тәрбиешілер жұмыс барысында жүргізіп отырады. Балабақшада қауіпсіздік ережелеріне сәйкес , тиесілі іс-шаралар бекітіліп ,жұмыс атқарылуда.
-Сіз басқарып отырған «Балбөбек» балабақшасында мектепке дейінгі оқыту сыныбы қарастырылған. Ондағы басымдықтарды атап өтсеңіз?
-Балабақшада 2 –кі мектепалды даярлық тобы қызмет атқарады. Мектепке дейінгі 5 жастағы балаларға танымдық белсенділік тән. Өз тәртіптерін еркін реттей алады, оларға зейіннің еріксіздігі тән болса да, өздерін қызықтыратын нәрсеге ерекше назар аударады. Сондықтан болар дәстүрлі әдістердін орның баланың танымдық ,өз бетінше дамуын жеделдетуге бағыттау қажет. Оқытудын белсенді әдістерінің бірі баланы математикаға , мәдениетке, тілдерге, логикаға жан-жақты дамытуға бағыттау керек. Осы аталған басымдықтар арқылы әрбір тәрбиеші жұмыс жоспарына енгізіп өзіндік міндетін атқаруда.
-Жеке клиника аудан бойынша жалғыз Шақпақ Баба елді мекенінде өзіңіздің мұрындық болуыңызбен салынды. Мұндай жаңашылдық орнатуыңызға не түрткі болды?
-Елімізде ендірілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің бір мақсаты – денсаулық сақтау мекемелері арасында бәсекелестікті арттырып, медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту болып табылады.
Бүгінгі таңда, ауылдық елді-мекендерінде тек қана мемлекеттік денсаулық мекемелері ғана қызмет атқарып келеді. Мемлекеттік медициналық мекемелер ауылдық жерлерде халық сұранысын толық қанағаттандыра алмай жатқанын көзімізбен көріп, туған ауылымда стоматологиялық сұраныстың жоғарылығын сараптай келе, жеке стоматологиялық және логопед- дефектолог кабинеттерін ашып, жұмысымызды бастадық. Тұтынушылардың көңілінен шығу үшін сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, сұраныстарына сәйкес қосымша қызмет түрлерін көбейтіп келеміз. Негізгі мақсат- ауылдас ағайындарыма қолайлы жағдай жасау, барлығын қолжетімді ету болды. Денсаулық адам үшін ең құнды байлық. Осы тұрғысынан ауданға қарай ағылған ауылдастарыма сапалы қызмет түрін ұсынып, салауатты өмір салтын насихаттауға барымды салдым. Енді ел игілігі үшін сапалы қызмет көрсетуге дайынмын.
-Ондағы ерекшеліктер мен маңызды қызмет түрлерін атап өтсеңіз? Жалпы жұмыс барысы қалай?
-Қазіргі кезде Қазақстанда ел Президентімен жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі өз азаматтары үшін денсаулық сақтаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету болып табылады. Осыған орай, жекеменшік медициналық орталықтар мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа тегін ем-дом жүргізуді бастап кетті,Бұл клиника 2023 жылдын кантар айынан бері мемлекеттік тапсырыс алып келеді. Жекеменшік деген статусы болғанымен, мемлекеттік емханалардан айырмашылығы жоқ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы көп. Осы уақытқа дейін жекеменшік орталықтар ақылы қызмет көрсетсе, енді МӘМС жүйесінен кейін біз де өтініш беріп, халыққа қызмет көрсету құқына ие болдық.Бұл әрине мемлекеттің бізге деген үлкен сенімділігі.
Бүгінде қазақстандықтардың шамамен 41 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Оның ішінде 3,6 миллион адам немесе 46 пайызы балалар мен қарт адамдар болып табылады. Ал оларды медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету ерекше назар аударуды және жаңа тәсілдер қолдануды қажет етеді. Ауылымызда 3,5 мыңнан астам халық бар. Сол мақсатта терапиялық және педиатриялық бағытта 2 участік аштық. Клиникамызда 15 – дәрігер (Жалпы тәжірибелі дәрігер, педиатр, стоматолог, кардиолог, балалар және ересектер невропатологы, хирург — травматолог, ЛОР, офтальмолог, гинеколог, кардиохирург, УДЗ мамандары, реабилитолог, инфекционист, логопед-дефектолог, массаж мамандары), 8 — орта медицина қызметкерлері, 2 тазалық бикесі ауыл халқына сапалы медициналық қызмет атқаруда. Медицина орталығының негізгі ерекшеліктерінің бірі – өз ауылында мүмкіндігінше медициналық қызметтер көрсету болып табылады.
-Бұл клиника тек шақпақтық азаматтарға жауапты ма?
-«Балбөбек – 1» медициналық орталығы тек қана Шақпақ Баба ауылының азаматтарына ғана медициналық қызмет көрсетпейді. Өз еркімен тіркелген Түлкібас ауданының азаматтары да сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндігі бар. Тіпті, бізге тіркелген Жамбыл облысының тұрғындарыда бар. Олар да арнайы келіп, біздің емханамыздан тексерілуден өтеді. Өйткені, мамандарымыз біраз жыл,һғы еңбек өтілі бар, білікті, кәсіби мамандар. Өз ісіне ең бірінші ұқыптылықпен әрі жауапкершілікпен қарайтын азаматтар ғана адам өміріне араша бола алады деп ойлаймын. Сол себепті де мен мамандардың ең әуелі біліктілігіне қараймын. Маған сапа қажет.
-Естуімізше, сіздің клиникаңыздың филиалы аудан орталығынан да бой көтерді? Ондағы жұмыс қалай жүруде?
-Иә, аудан орталығынан біздің медицина орталығымызға көптеген азаматтар тіркеліп жүргенін көріп жүрмін. Күн санап сұраныста артуда. Арғы-бергі ауылдардан да азаматтар орталықтан болса барып көрінер едік, Шақпақ бізге кері өтініштерін білдірген болатын. Соған байланысты, аудан орталығынан клиникамыздың филиалын ашу жоспарда бар. бұйырса, ол қуанышымызға да аз қалды. Бірге сүйіншілейтін боламыз.
-Тұрғындар екі тарапқа бөлінді. Бірі жеке клиниканы жөн көрсе, енді бірі мемлекеттік емханаларға тіркелді. Жалпы, екеуінің ерекшеліктері мен айырмашылықтары неде?
— Біздің мақсатымыз — ауданымыздың тұрғындары Міндетті әлеуметтік медициналық көмек қоры арқылы тегін және сапалы медициналық қызметке қол жеткізсе, дер кезінде алғашқы медициналық көмек алса, ауырып жатса ертерек диагностика жүргізіп, емін тиянақты алса деп ойлаймыз. «Сұраныс бар жерде — ұсыныс бар» дейтін маркетинг заңы бар. Соған байланысты мемлекеттік емханалармен бәсекелестік туғызып жатырмыз. Мұндай іс-шара мемлекеттік және жекеменшік емханаларды теңестіріп, медициналық қызмет көрсетуде сапаны алдыңғы қатарға шығаратын болады.
Айталық, қазір тұрғындар сапалы қызмет алуда өз емханасын таңдауға мүмкіндігі бар. Мұндай тізімге жекеменшік емханалардың кіретінін айтып өткім келеді.
Бұл медициналық орталықтың материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Клиникада соңғы үлгідегі (УДЗ, ЭКГ, СМАД, Холтер, Видеокольпоскоп апараттары жане зертхана) жұмыс жасайды. Соның нәтижесінде науқастарға нақты диагноз қоюға, қажетті ем алуына және уақытын үнемдеуге, дер кезінде көмек алуына жағдай жасалған.
Қазіргі таңда бір емхананың өзінде 50-60 мыңға дейін халық тіркелген, мұның соңы қызмет көрсетудің сапасын төмендетеді. Жаңа жүйе медициналық мекемелер арасында бәсекелестік орнатады, ал бұл өз кезегінде халықтың денсаулығының жақсаруына мүмкіндік береді. Өйткені, алдағы уақытта тұрғындар сапалы медициналық қызмет көрсететін мекемелерді және білікті мамандарды өздері таңдайды. Біз бұл бәсекелестікке дайынбыз.
— Туған жеріңізге, еліңізге, ауылдастарыңызға айтар ұсыныс-тілегіңіз болса, мархабат.
-Ең әуелі сұранарым балаларды болашағым деп түсініп тәрбиелесек. Оларға жақсы жағдай жасауға, жылы жұмсағын әперуге, тоңып, ыстықтамайтындай киіндіруге қауқарлы болсақ деймін. Баланың хақысына кірмей ел қатарына қоссақ. Ол үшін әрине ең әуелі жауапкершілік сосын қаражат керек. Сол дүниелерді жасай білсек балаларымыз бақытты болар еді. Одан кейін сапалы білім қажет. Баланы білім беру арқылы дамытамыз. Міне, кезінде даналарымыз «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп айтып кеткен ғой. Міне, сол сөздің байыбына барып, тірлік істейік.
Сосын ел-жұртымды салауатты өмір алтын ұстануға, денсаулық дегенге атүсті қарамауға шақырамын. Ауырмайтын жол ізде деген қазақ. Сол үшін бір жеріңіз сәл ауырып сыр берсе, өтіп кетер басылар демей, дер кезінде дәрігерге барып қаралыңыз. Өйткені, сәл ауырып бастаған жеріңіз ертең басқаша жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол себепті адам баласы Алла сый қылып берген әр нығметке үлкен жауапкершілікпен қарау керек.
Жалпы, сіздерді Балбөбек-1 медициналық орталығына шақырамын. Сіздер үшін сапалы қызмет көрсетуге дайынмыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіздер» дегім келеді. Есігіміз әрдайым ашық.
-Елге деген құрметіңізге, сеніміңізге үлкен рахмет. Еңбегіңіз жанып, берекелді болсын. Уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін де ұжым атынан алғыс айтамын.

 

Сұхбаттасқан: Аяжан МӘМЕТ.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика