• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Мерзімінен ерте босану – жүктіліктегі өзекті мәселелердің бірі

Автор:admin

Ноя 12, 2023
Spread the love
Ордабасы аудандық орталық ауруханасы, емхана бөлімінің аймақтық акушер гинекологы Дәуренбекова Шолпан Лағышпанқызының жүкті әйелдерге мерзімінен ерте босану мен қауіпті белгілердің алдын алу бойынша кеңесі:
Мерзімінен ерте босану – жүктіліктегі өзекті мәселелердің бірі. Бұл 37 аптаға толмай босану – уақытынан ерте босануға жатады. Болашақ ана мұндай жағдайдың орын алмауы үшін, дәрігерден кеңес алып отыруы қажет.
Уақытынан ерте босанудың ең жиі кездесетін себебі – жүктіліктің қиын жағдайда өтуі немесе әйел өмірінде орын алған акушерлік-гинекологиялық ауытқулар.
Тағы бір себеп – болашақ анадағы ішкі ағзалар аурулары. Оның қатарына инфекциялар, бүйрек, жүрек – қан-тамыр аурулары, ішкі секреция бездері қызметінің бұзылуы және тағы басқа сырқаттар жатады.
Жүкті әйел әрдәйім жеке басының тазалығына көңіл бөлуі маңызды. Себебі,инфекция баланың тұншығып, сондай-ақ, иммундық тапшылықпен туылуына әсер етеді. Жүктілік жатырдың қаншалықты мықтылығына және созылғыштығына байланысты жүреді. Ол әлсірегенде, ағза баланы сыртқа шығаруға тырысады. Әрине, барлық нәрсенің уақытымен болғаны дұрыс. Дегенмен, мерзімінен ерте босанудың аналарға қауіп төндіретіні жасырын емес. Бұл тек акушерлік мәселе ғана емес. Оның әлеуметтік-экономикалық себептері де бар. Қалай болғанда да, болашақ аналарымыз өздерін күтіп, сәбиінің жарық әлемді уақытымен көруін қамтамасыз етуге тырысуы қажет. Аналарымызға моральдік, физикалық тұрғыдан ауырлық түсірмей, аялай білгеніміз жөн.
Уақытынан ерте босанудың негізгі себептерінен бөлек, мынадай факторлар да бар: жұмыста немесе үйде орын алған күйзелістік жағдай, отбасылық өмірдегі келеңсіздіктер, тұрмыстық жағдайдың қолайлы жасалмауы, ауыр жұмыс, дұрыс тамақтанбау, өте ерте немесе тым егде жас-та босану, дене температурасының қатты көтерілуі. Босанғанға дейін жүкті әйел барлық тексерулерден мерзіміне қарай өтіп, табылған аурулардан сауықтыру емін алып үлгеруі тиіс.
Жүктілік кезіндегі қауіпті белгілер: қынаптан қан аралас бөлінді келуі, аяқ-қол мен беттің жансыздануы, бастың қатты ауруы, көру қабілетінің бұзылуы, жүректің жиі соғуы, ентігу немесе ауа жетпеу, іштің ауруы, құсу, дене қызуының 37,5 градустан жоғарылауы, қағанақ суының ерте кетуі, дененің ісінуі.
Әр әйелде аймақтық медицина қызметкерлерінің қалта телефоны болғаны, аталған белгілер байқалса, тез арада дәрігерге көрінгені абзал. Жүкті әйелдер машинасы, байланысы жоқ алыс жаққа бармауы, жалғыз қалмауы, қауіпсіз жерден ұзамауы, ауруханаларға жақын жерде болуы қажет. Сондықтан әрбір жүктілік кезінде сақтық шараларын күшейіткеніңіз абзал.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика