Біз қазіргі таңда «ер адам мәртебесі» деген сөздің мағынасын жете түсінеміз бе?! Жете түсінбейтін сияқтымыз. Себебі, БАҚ беттерінде болсын, күнделікті өмірде болсын ер адам, ер азамат сөздерінің орнына «еркек» сөзі тым жиі қолданылады. Жапы, біздің қоғамда өз мәнінде жете қолданбайтын «терминдер» саны артып барады. Оған бірғана мысал, «бешбармақ» сөзі. Ұлтымыздың сан ғасырлардан бергі тәрбиесіне сызат түсіретін осындай түсініктерді оңды-солды қолдану тым қауіпті. Әріден түсінген адамға, Ахмет Байтұрсынұлы дананың: ер орнында еркек қалды, көлеңкеде үркек қалды деген зары көп жәйттің мәнін ұғындырып тұр. Патшалық, кеңестік Ресейге көгендеулі болған зар замандарда ер адам мәртебесі құрметтелуі мен әйел адамның отбасының ұйытқысы болар рөлдері «патриархалдық тәрбие» ретінде теріс ұғындырылып, ғасырлар қойнауынан келе жатқан әлеуметтік құрылым теріс түсіндірілді. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық дәстүрдің ұлттық мейрамдарда ғана ескеріліп, отбасы құндылығының еуропалық түсінікпен зерделенген уақытында әке феномені мен ана бейнесі өзіндік келбетінен ажырай бастады. Ер азаматты, ананы қадірлеу ісіне қатысты көптеген мәселелер де бас көтеруде. Шәкәрім ғұлама жазғандай: өзіңді кімге сыйлатып, өзің кімді сыйлайсың? Шындығында, да өзіңді өзгелердің сыйлауы үшін өзің қадірлі болуың керексің, ал өзінің қадірін білмейтін адам кімді сыйлап қарық қылады? Өзін сыйлаған адам қана өзгелерге өзіндей көзқарас қалыптастыра алады. Өзін сыйлау дегеніміз дұрыс жүру, дұрыс сөйлеу, дұрыс күлу және тағы тағылар, бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік мәртебеңе сай болу. Ер азамат беделінің жоғары болуына тұрмыс сәні ықпал етті. Ал, тұрмыстан сән кеткен уақытта ер азамат беделі де өзінің түпкі мәнінен айырыла бастады. Осы бір халық мінезінде болған өзгерісті тарқата айта кетсек. Адам санасына тұрмыс салттың ықпал ететіндігі сөзсіз. Ер азамат отбасының асыраушысы қызметін толық мәнде атқара алған жағдайда ғана отбасы билігіне толықтай қол жеткізеді. Бұл жерде билік мәселесіне ұлттық сана тұрғысынан қарағанымыз да жөн. Отбасы билігі деп отырғанымыз ер азаматтың әйел мен бала тәрбиесіне оң ықпал етуге қадам басқызатын қылықтары. Билік жөн көрсетіп түзу басшылық жасай алған адамның қолына жинақталады деп айтсақ, қателеспеген болар едік. Қазақ халқында «әйелді – бастан, баланы – жастан» деген даналықтың астарында тәрбие қуаты жатыр. Түсінген адамға әйел болудың өзгеше өмір мектебі екендігі белгілі. Себебі, әйелдің атқаратын ерекше өмірлік мәні жоғары қызметі сан ұрпаққа жеміс береді. Оны тарих жүзі дәлелдеп отыр. Қыз баланың өз үйіндегі тәрбиесі жат жұртқа барғанда оның одан арғы өміріне бағыт болғанымен, әйелдік міндетті дұрыс атқаруы, барған жерінің үйретуіне әрі өзінің үйренемін деген ықылас ниетіне де тәуелді. Бұл екі жаққа да тәуелді мәселе. Үйретуші мен үйренушінің екі жақты қарым-қатынасы жемісті болғанда ғана елдік санаға ұйытқы болар отбасы қалыптасады. Ата мен ене мектебі жаңа түскен келінге өмір мектебі екендігі рас. Сол өмір мектебіне икемделген жан ғана аз жылдан соң сол әулеттің беделді мүшесіне айналып, ақырында, ақылшы ана кейпіне ене береді. Сөйтіп, өзіне дейінгі әжелер институтының жалғастырушы буынына айналады. Әрине, бүгінде осы бір өмірлік мәселе өзінің алғашқы мәнінен ажырап қалды. Өкінішке қарай, қазақ отбасылары арасынан ата-анасын қарттар үйіне тастап кету және т.б. басқа адам айтқысыз тексіздік істер де жиі кездесуде. Бұл дегеніміз, ел ішіне енген тасбауыр қылық, нағыз трагедия. Қасіреттің ең үлкені ақиқаттан адасу. Ақиқаттан адасқан адам құдайды танудан қалып, құдайдан қорықпайтындар қатарын арттырады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген мақал сөзімізге дәлел. Ал, мұсылман діні ата-ананы құрметтеуге ерекше мән береді.
R-ақпарат