• Вт. Ноя 26th, 2024
Популярные метки

Баланың тілі шықпаса…

Автор:admin

Ноя 10, 2023
Spread the love
«Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаса керек-ті. Алайда кейінгі жылдары сәбидің тілі кеш шығып, ата-ананың уайымы күшейгенін көріп жүрміз. Соның салдарынан логопед, дефектолог мамандарға сұраныс артты. Біз осы жөнінде зерттеп, зерделеп көрдік.
– Менің ұлым бес жастан асты. Әлі толық сөйлей алмайды. Биыл мектепке барады, сабақты қалай оқиды? Ол бәрін ыммен түсіндіреді. Анда-санда ғана былдырлайды. Кейде сөйлегісі келеді. Бірақ, түсінбейсің. Баламның толық сөйлеп кетуі үшін арнайы маман көмегіне жүгінгенді жөн көріп, логопедке ақылы жазылып қойдым. Оның өзінде орын жоқ. Сөйтсем, бұл біздің отбасының басындағы жағдай ғана емес екен, – деді Гауһар дейтін жас ана бізбен әңгімесінде.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Әйткенмен бүгінгі сәби ана әлдиімен емес, отандық және шетелдік эстрада орындаушыларының хит әнімен ұйықтайды. Ойлаңызшы, даңғыр-дұңғыр, шақ-шұқ еткен әуеннен баланың ұйқысы қанық бола ма? Бәлкім, бүгінгі балалардың сөз көтере алмай, сәл нәрсеге бұртия кететіні осыдан болар.
Жазушы Зейнеп Ахметова ұрпақ тәрбиесіне байланысты өте маңызды мәселелерді көтеріп жүр.
– Баланың тәрбиесін бір ережеге сала алмайсың. Ең алдымен, «басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дегім келеді. Сондықтан ананың ақ сүтімен сіңетіні – тәрбие. Ата-ананың тәрбиесі баланың бүкіл болмысына әсер етеді. Кейбір ата-аналар «өзімізде болған жоқ» деп, баласын «үлпілдетіп», айтқанын орындап, өсіреді. Сонда бұл баланың мінезі ата-анаға тек қаржы көзі және тұтынушы ретінде қалыптасады.  Басына іс түскенде ол бала жол таппай, іс-қимыл жасай алмай қалады. Кей кезде балаға қаталдық керек.  Бірақ қатыгездік емес. Оның арасы жер мен көктей. Бала қорыққанынан бағынады. Бірақ, іштей қарсылық өсе береді. Тек, ата-ана емес, қоғамға деген қатыгездігі өршиді. Сондықтан, ең бастысы ата-ана баламен дос болуы керек», – дейді қаламгер.
Шыныңызды айтыңызшы, сіз балаңызбен қаншалықты әңгімелесесіз? Балаңыздың сұрағына толыққанды жауап бересіз бе? Әй, қайдам, бүгінгі ата-аналардың көбі сұраққа жауап бермек түгілі, сұрақты толық тыңдауға жүйкесі шыдамай, қолына телефон ұстады. Сосын бар жауапты телефоннан іздеп, ұлттық таным мен түсінікке сай келмейтін арзанқол дүниені зердесіне тоқиды.
Біз бала кезімізде аналарымыз сәбиінің көзіне қарап отырып, бесік жырын айтатын. Ақ сүтін беріп отырып, жақсы тілектер тілейтін. Үлкендердің айтуынша, қарапайым ғана нәрсе болғанымен, бұның да өз сыры бар. Әдетте дені сау бала ай сайын жетіліп, дамып, көп нәрсені білуге талпынады. Өкініштісі, көп ата-аналар «Қазіргі балалар үш жасқа дейін сөйлемейді екен, төрт-бес жасқа келген соң сөйлейді ғой» деп алаңдамай, уақыт өткізіп алады. Бұл біздің ғана ойымыз емес, қоғамда талқыланып жатқан мәселе деуге болады. Жасы жетпісті еңсерген Әйткүл әжейде біздің сөзімізді қуаттай түсті.
– Бүлдіршіндер сағаттап теледидардың алдынан шықпай, ата-анасы болса, өз жұмысымен әуре болып жүреді. Тіпті, ата-әженің өзі немересін жанына алып, сөйлесудің орнына, әлгі телефонға кіріп кеткен ғой, шіркіндер! Сырттай қараған адамға өте күлкілі. Қариялардың жатып алып, бір құрылғыға тесіліп, өзімен өзі айқайлап күліп отырғаны ерсі көрінеді. Бұрынғы үлкендері қандай еді, немересін алдына алып, ғибратты әңгіме айтып, ұлттық қасиетті бойына сіңіруге мән беретін. Келіндердің қолынан да ұялы телефон түспейді. Олар баланы емізіп отырып та ұялы телефоннан көз алмайды. Мұны бала қабылдайды. Сосын ондай балаға телефон көрме деп айтып көр. Ол бала көзін ашқаннан телефоннан толассыз ақпараттарға қанық болып, оны қорыта алмайды. Мұның да сәбидің кеш сөйлеуіне өз әсері бар, – дейді Әйткүл әжей.
Бала тілінің кешеуілдеп шығуы тек ата-аналарды ғана алаңдатып қоймай, дәрігерлер мен арнайы логопед мамандардың жіті назарын аударуда. Дегенмен ата-аналар баласының тілінің кеш шығуын біле тұра, мамандар көмегіне жүгінуге құлықсыз. Осындай немқұрайлылықтан бала тілінің дамуы тежеледі дейді арнайы логопед маман Ақжібек Жүсіпбекова.
– Шыны керек, бала тілінің кеш шығуы, сақаулануы өте көп кездеседі. Мұның бірнеше себебі бар. Құрсақта жатқанда анасының түрлі ауруларға ұшырауы, көп уақыт бойы емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қатты шошынудан тұтығу пайда болуы секілді себептерді айта беруге болады. Ең бастысы, баланың тілінің кеш шығуына ата-ана тәрбиесі үлкен рөлі ойнайды. Негізі бала 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын қабылетке ие болуы қажет. Ал, бізде 3-4 жастан асып кетсе де, тілі шықпаған балалар «ер баланың тілі кеш шығады» немесе «еркелік қой» деп мән бермейді. Бұл дұрыс емес. 2 жаста 200-дей сөзді айтып, 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы тиіс, – дейді логопед.
Осы тұста бала тілінің кеш шығуына түрткі болатын тағы бір жайт бар. Ол – бөтелке мен емізік дейді мамандар. Бала өмірге келгеннен кейін тыныш, жуас болады деп аузына емізік салатынымыз рас. Бұл үрдіс те баланың сақау, кекеш болуына ықпал етеді екен. Бұл сүт тістері шыққан кезде жайсыздық туғызады дейді педиатор маман Ханзада Байнязова:
– Негізі емізікті мүлде қолдануға болмайды. Қолданған күннің өзінде, кемі бала алты айдан асқан соң түбегейлі бас тарту керек. Егер балаңыз емізікті көп еметін болса, баланың ауыз қуысының дәмі өзгеріп, дұрыс тамақтануына зиян келеді. Оны бала қолымен алады-салады, жерге түсіреді, қайтадан аузына салады. Содан кей баланың ішіне инфекция түседі. Емізікпен қатар балаға қосымша сұйық тамақтарды бөтелкемен беріп оған да бой үйретіп қояды. Мұның да зияны тұсу көп, – дейді педиатор.
Жалпы, кейінгі жылдары баланың кеш сөйлеуі ортақ проблемаға айналып келеді. Мамандар айтқандай, мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне селқос қараудан туындап жатыр…
Мамандардың айтуынша, бір жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, екі жастағы бала 300-дей сөзді анық айтып, ал үш жастан асқан соң еркін сөйлесе алатын жағдайда болуы қажет. Бүгінде тілі уақытынан кеш шығатын балалар саны көп. Бала тілінің кеш шығу себептері мен оларды емдеу жолдарын психолог, логопед маман Әлия Ерлан айтуында:
«Ең алдымен әр ата-ана өзінен бастауы керек. Себебі сөйлеу өздігінен пайда болмайды, оны үйрену және балаға үйрету қажет. Бұл тек қарым-қатынас процесінде ғана жүзеге асады. Егер сіз табиғатыңыздан үнсіз, көп сөйлемейтін жан болсаңыз да, балаңызбен міндетті түрде сөйлесіңіз. Себебі балаға өзіне қатысты жағдайды және айналасында не болып жатқанын түсіндірсе, оның айтылған сөзді түсіне алуы оңай болады. Сондықтан өз әрекетіңізді сөзбен түсіндіріп отыруға тырысыңыз», – дейді маман. Екіншіден, кез келген жағдайды баяндап отыруға тырысу керек. Бұны бала сізді тыңдап, көріп отырғанына көз жеткізгеніңізде істеңіз. Өйткені бала үшін сіз – үлгі алатын бірінші адамсыз. Сөйлеген кезде сөзіңіз балаға бағытталуы тиіс. Одан бөлек көзіне қарап сөйлеңіз. Бұл балаңыз мазасыз, бір орында отырмайтын, көп қимылдайтын болса маңызды.
Маманның айтуынша, егер сіздің кішкентайыңыз әлі де тілі шықпаған болса немесе аз сөз айтса, артикуляциялық жаттығуды қолдануға болады. Ол дегеніміз – сөйлеу тілі аппаратының бұлшық еттерін шынықтыратын, оның мүшелерінің қимыл-қозғалыстарын қалыптастыратын және нығайтып, жетілдіретін арнайы іріктеліп алынған жаттығулар болып табылады.
Сонымен қатар түзеу жұмысында белсенді қолданылатын логопедиялық массаж және өзін-өзі уқалауға үйрету артикуляциялық бұлшық еттердің тонусын тез қалпына келтіруге және үйлесімді артикуляциялық қимылдарды қалыптастыруға ықпал етеді. Тыныс алу жаттығуларының да берері мол. Тыныс шығару, үзіліс және тыныс. Сондай-ақ логопед ата-ана әр сөзді, сөйлемді асықпай, анық, түсінікті айтуы керек, дейді. Балалар өте сезімтал. Тіпті бір сөзді тәртібін өзгертіп бірнеше рет қайталап айтыңыз. Бала жаңа сөзді меңгеруі үшін сол сөзді бірнеше рет түрлі бағытта қолданған дұрыс.
Бала тілінің даму ерекшеліктері «Баланың тілі тез және дұрыс шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыруы керек. Балаларға көбіне үлкендердің әңгімелесіп, тілдесуі жетіспейді. Сәби керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін? Сол үшін сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек. Бұл – баланың сөздік қорын молайтудың бір жолы», – дейді Әлия Ерлан. Маман ұсақ моториканы дамыту жағын естен шығармау керектігін де ескертіп отыр. Себебі саусақты қимылдату мидағы сөйлеу функциясына жауапты тітіркендіреді екен. Басында ата-анасы баласының дұрыс сөйлемеуін еркелік деп ойлауы мүмкін. Сол ойымен көп уақытын өткізіп алатын көрінеді.
Кейбірі әкесі бала кезінде кеш сөйлегендіктен тұқымнан деп топшылайды. Маманның айтуынша, бұл – қате түсінік. Мектепке барғанға дейін бала дұрыс сөйлемесе ата-ана дабыл қаққаны жөн. «Әр ата-ана баласының үйлесімді дамығанын армандайды және соған ұмтылады. Баланың мықты және дені сау, ақылды, табысты болуын қалайды, жақсы сөйлесе екен деп ойлайды. Сөйлеудің дамуы балада ерекшелігіне байланысты әр түрлі. Егер кейбірі 1,5 жасында тоқтамай сөйлеп, толыққанды сөйлем құрай алса, басқасы алғашқы сөздерін екі жасынан кейін ғана айта бастайды. Әрине алғашқы кезде сәби анасы не әкесінен естіген әр сөзді қайталауға тырысады. Әріптер мен сөйлемдер көңілді комбинация ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ балаға дұрыс үлгі көрсетсе, тілі тез шығады», – дейді Әлия Ерлан. Логопедтің айтуынша, балада туылған сәттен бастап дыбыстық реакциялар пайда болады.
Бала тілінің 0-ден 2 жасқа дейінгі дамуын бірнеше кезеңге бөлуге болады. Яғни:  • 2-3 ай: бұл уақытта бала уілдеп, былдырлай бастайды. Бала үндемесе, ата-ана дабыл қаға бастауы керек;  • 9-10 ай: ересектердің сөйлеуі мен алғашқы сөздер туралы түсінік қалыптасады. Бірақ бұл жаста бала ересектердің сөйлеуіне емес, жағдай мен интонацияға жауап береді;  • 11-12 ай: сөйлеушінің интонациясына және қоршаған жағдайға қарамастан, не айтып жатқанына реакция бар;  • 1-1,5 жас: баланың ситуациялық сөйлеуі дамиды. Сөздері жағдайға байланысты әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін. Бала дыбыстарды жиі шатастырып, бұрмалайды;  • 1,5-2 жас: ересектердің сөйлеуін түсінудің қарқынды даму кезеңі. Баланың сөздің қорындағы сөз саны тез артады, алғашқы тіркестер пайда болады. Сөздер ситуациялық емес, жалпыланған. Осы кезеңде бала үлгі алуы және қайталауы үшін сөйлеудің қажетті көлемін қамтамасыз ету өте маңызды. Ми жасушалары сөздерді және оларды сөйлемге қосу ережелерін барынша меңгеруге дайын.
Бала қалай сөйлеп үйренеді? «Әр балада тілінің даму ерекшелігі әр түрлі жүретінін айттық. Сол себептен баланы дамыту және тәрбиелеу мәселесін тиімді шешу үшін ересек адам өзінің дамуының белгілі бір кезеңінде баланың нені білуі керек екенін нақты түсінуі керек», – деген психолог маман екі жастағы баланың даму деңгейіне тоқталды. Екі жастағы бала тілінің орташа даму деңгейі:  • Балалар қарапайым сюжеттік суреттерде көрсетілген әрекеттер мен заттарды және үстелге қой, диванға отыр деген сияқты сөздерді түсінеді;  • Екі бөліктен тұратын ересектердің өтініштерін орындай алады;  • Бір жарым жасқа дейін баланың сөздік қоры шамамен 50 сөзді құраса, екі жасында 200-400 сөз болады. Баланың сөздік қорының басым бөлігі ойын және тұрмыстық тақырыптағы заттарды білдіретін зат есімдер, сондай-ақ қарапайым әрекеттерді білдіретін етістіктерден тұрады. Бір жарым жастан асқаннан кейін балалар «бұл қалай аталады?», «бұл не?» деген тараптағы сұрақтарды жиі қоя бастайды. Десе де сөйлеу әлі де аграмматикалық тұрғыда, яғни сөздің грамматикалық құрылысындағы қателер болады. «Балалар 2-4 сөзден тұратын сөз тіркестерін қолданады, қазіргі кездегі 3-ші тұлғаның етістіктерін зат есімдермен келістіреді. Кейбір жағдайлардың формаларын қолданады. Етістіктердің бірінші жағы және «мен» есімдігі пайда болады. Баланың сөйлеуіндегі қателік ана тілінің көптеген дыбыстарының дұрыс емес дыбысталуымен сипатталады (физиологиялық тіл сатысы). Баланың әрбір қимылын қадағалаңыз. Әрбір бала өз жасына сай жетіліп-дамуы қажет. Оның денесіндегі, қимылындағы әрбір өзгеріс оның дамуын тежеуі мүмкін. Сөйлеуде де солай. Кекештеніп сөйлесе, ойын жеткізуде қиналса, сөйлегенде ауыз қуысының мүшелерін қалыпты жағдайда қимылдатпай, өзгеше әрекет жасаса, мұның бәрі баланы дәрігерге апаруға себеп болуы мүмкін», – дейді психолог. Балаға жаңа сөзді қалай үйретеміз? «Балаға жаңа сөздерді үйрету кезінде есте сақтау керек бірінші нәрсе: «Жақсы көңіл-күй – сәттілік кепілі». Бала білмейтін жаңа сөздерді эмоционалды жағымды жағдайда айтыңыз. Психологтар мұндай жағдайда бала он есе жақсы оқып, тез үйренетінін байқаған.
Сондай-ақ баланың көру, жанасу, иіс сезу, яғни тақырыпты әртүрлі тәсілдермен зерттеу мүмкіндігінің болуы маңызды. Егер сіз баланың бір затты алып, ұстап отырғанын байқасаңыз, зат атауын түсінікті, анық әрі мәнерлеп бірнеше рет айтыңыз», – деген логопед маман бала сізбен сөйлескісі келсе, көңілін қайтармау керек екенін айтты. Маман баланың сөйлесуге деген ынтасын әрдайым қолдап отыруы керек дейді. Егер баланың былдырлауы бірсарынды болса, өзгертуге тырысыңыз. Нақтыласақ, басқа да дауысты, дауыссыз дыбыстарды (ля-ля-ля, ку-ку, дю-дя) пайдалана отырып, өзгешелеу керек. «Жалпы бала 6 жасқа дейін барлық әріпті толық айтуға тиіс. Сөйлеуінде кедергі, ақауы бар балаларды 3-сыныпқа логопед мамандарға көрсетсе, түзеліп кетеді. Ал логопедтің жұмысынан кейін де әріптері дұрыс болмаса, ол баланы сөйлеу кемістіктерін түзейтін арнайы мектептерге берген жөн», – деп қорытындылады Ә.Ерлан.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика