• Вт. Ноя 26th, 2024
Популярные метки

МӘМС ЖҮЙЕСІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Автор:admin

Ноя 9, 2023
Spread the love

МӘМС жүйесіне қатысушылардың алатын қызметтері жөнінде көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевтан емделушілердің сұрағына жауап алған едік.

-Аяққа жоспарлы ота жасататын едім. Тіркелген ауруханада мұндай ота түрі жасалмайды. Таңдауым бойынша басқа медициналық ұйымнан ем алуыма болады ма?

-МӘМС жүйесіне қатысушы өзіне қажетті қызметтерді алу үшін медициналық ұйымды еркін таңдауына болады.

Емхана пациенттің сұранысына байланысты медициналық қызметпен қамту үшін бірлесіп орындаушыларды тартады. Ең бастысы бірлесіп орындаушылар Қор жеткізушілерінің базасында болуы қажет.

Сіздің жағдайыңызда медициналық ұйым сізге МӘМС бойынша жұмыс жасайтынын және сізді жолдама бойынша қабылдауға дайын екенін растап отыр. Сіз өз емханаңызда барлық қажетті медициналық орталықты көрсете отырып, сізді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркейді.

-Талдауды жасатып, флюрография және электрокардиограммадан өтіп жүргенімде күндізгі стационарға жататын күнім өтіп кетті. Не істеуге болады?

-Медициналық ұйым белгілі бір медициналық қызметтерді көрсету үшін Қормен шарт жасаса отырып, өзіне оның талаптарын орындау бойынша міндеттемелерді алады. Қажетті дәрігерлердің, жабдықтардың және басқа факторлардың болмауы пациентке медициналық қызмет көрсетуді ұсынбаудың немесе кешіктірудің обьективті себебі болып табылмайды. Бұл жағдайда, егер емхана сізге күндізгі стационарға жатқызу үшін қажетті ЭКГ қызметін уақытылы ұсына алмаса, сізді бірлесіп орындау шарты бойынша басқа медициналық ұйымға жіберу керек.

Егер пациентке қажетті медици-налық көмектер уақытылы көрсетілмесе, онда медициналық ұйымдағы пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметіне жүгінуге болады.

-Учаскелік дәрігердің жолдамасымен қаладағы аурухананың тар бейінді маманның кеңесіне жүгінген болатынмын. Дәрігерге дейінгі талдамаларды қағазға шығарып әкелмесем, қорытынды бермейтінін айтты. Бұл қаншалықты заңды?

-МӘМС медициналық қызметін жеткізушілерге қойылатын талаптардың бірі – көрсетілген қызметтерді ақпараттық жүйелерде тұрақты енгізу қажет. Сондықтан медициналық жазбалар дәрігерлер мен пациенттерге қол жетімді.

Жалпы, МӘМС аясында медициналық қызмет көрсеткен дәрігер ақпараттық жүйеде өзіне қажетті барлық мәліметтерді көре алады және оларды қағазға басып шығарудың қажеті жоқ.

Егер пациентке талдаулардың нәтижелері қағаз жүзінде керек болса, дәрігер сараптамаларды шығарып беруі керек.

-Тіркелген емханадағы рентгенге бұзылып, басқа медициналық ұйым қағаз түріндегі жолдамасыз қабылдамайды. Ал, емхана оның электронды базада көрінетіндігіне сілтеме жасай отырып, жолдаманы қағазға шығарып берген жоқ. Егер медициналық ұйым қағаз түрінде жолдамасыз қабылдаудан бас тартса, не істеймін?

-Тіркелген емхана пациентті бірлесіп орындау шарты бойынша басқа клиникаға жолдайды. Пациенттің ауру тарихы ақпараттық жүйелерде қолжетімді. Кейде ақпараттық жүйелердің интеграциясында қателіктер болады. Сондықтан, мұндай жағдайларда емхана пациентті жедел қабылдау үшін жолдаманы қағаз түрінде көрсетуді сұрайды.

-Менің ұлым 2021 жылдың соңы мен 2022 жылдың соңы аралығында әскери борышын өтеу барысында МӘМС жүйесі үшін қарыздарының жиналғанын білдік. Бірақ, ол кезде ұлым жеңілдік санатта болған. Яғни, мемлекет есебінен сақтанды-рылған. Сонда да болса, МӘМС жүйесі үшін қарыз неге жиналады?

-ҚР Қарулы күштерінде мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңі МӘМС жүйесі үшін төлемнен босатылады. Әскери борышын өтеуші жарналар мен аударымдар жасамауы керек. Сарбаздар туралы деректерді қорғаныс бөлімдері ақпараттық жүйелерге енгізеді. Егер қандай да бір себептермен сарбаздың мәліметтері деректер базасына енгізілмесе, онда берешек пайда болады.

Азамат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығының атына берешекті жою туралы өтініш жазып, әскери билеттің сканерленген нұсқасын тіркеп, қызмет өткеру мерзімін растауымен kanc@fms.kz электронды поштасына жолдағаны жөн.

Ал, берешекті төлеген болсаңыз, онда egov.kz мемлекеттік қызметі арқылы қате төленген жарналарды қайтаруға өтініш беруге болады.

-Мен ресми түрде жеке компанияда жұмыс жасаймын. Мен үшін МӘМС жүйесі үшін аударымдар мен жарналар жасалынады. Жақында телеграмдағы Сақтандыру бот арқылы ЖСН бойынша тексеру кезінде жүйедегі мәртебемнің сақтандырылмағанын білдім. Жұмысқа орналасқанға дейін шетелде ЖОО оқыған едім. Осы кезеңдерге берешек жиналған. Енді қордаланған қарыздарды төлеуім қажет пе?

-Егер сіз шетелде күндізгі оқу бөлімінде оқысаңыз, онда осы кезеңде сіз жеңілдік санаты ретінде МӘМС жүйесінде мемлекет есебінен сақтандырылғансыз. Шетелде оқитын студенттің деректері ақпараттық жүйеде көрсетілуі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі egov.kz электрондық үкімет порталының «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» бөлімінде растайтын құжатты (оқу орнынан анықтама) қоса беру арқылы өтініш қалдыру керек. Әр оқу жылының деректер базасында семестрінде жаңарту жүргізіледі. Осы кезеңдердің бірінде студент оқуды жалғастырғанын растауы қажет. Сонда ғана мемлекет жеңілдік санатқа жарна төлейтін болады.

Оқу кезеңінде жиналған берешекті өтеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшылығының атына kanc@fms.kz электронды поштасына берешекті жоюға байланысты мемлекеттік немесе орыс тіліне аудармасы бар білім туралы құжатты қоса өтініш жолдау қажет. Тиісті тексеруден кейін берешек жойылады. Егер қалған кезеңдерде жарналар мен аударымдар төленген болса, сіздің мәртебеңіз сақтандырылған болып өзгереді.

Ескерту: Егер пациентте медициналық қызметтерге қатысты сұрақтар туындаса, онда медициналық ұйымдағы пациенттерге қолдау көрсету және ішкі бақылау қызметіне жүгінуге болады. Не болмаса әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Қолдау 24/7 мобильді қосымшасы, телеграмдағы Сақтандыру бот арналары арқылы өтініш қалдыруға болады. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жүргізілген төлемдерді ҚР egov.kz электронды үкімет сайтының «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.

 

А.ӘЛХАНОВА,

Түркістан қалалық емханасы СӨСҚ дәрігері.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика