• Вт. Ноя 26th, 2024
Популярные метки

Бала тілі неге кеш шығады?

Автор:admin

Ноя 9, 2023
Spread the love

Қазір бала тілінің кеш шығуы жиі кездеседі. Бұл көпшілік ата-ананы мазалайтын және уайымдататын сұрақ. Бірі оны балалардың гаджеттерде көп отыруынан десе, басқалары экологияны кінәлап жатады. Біз бұл сұрақ бойынша логопед маманының пікірін білуді ұйғардық.

«Марқабат» қоғамдық қорының директоры және логопед Алмат Тасыбеков бала тілінің кеш шығуының бірнеше негізгі себебін атап өтті:

Жүктілік кезінде ана көңіл күйінің дұрыс болмауы, күйзелісте болуы;
Тұқымқуалаушылық фактор;
Таңдайда не ерінде жырықтардың болуы;
Дыбыс шығару жүйесінің жұмыс істемеуі;
Ауыз қуысы бұлшық еттерінің дұрыс жұмыс істемеуі;
Баламен сөйлеспеу (ата-ананың баламен әңгімелеспеуінен, қарым-қатынастан оқшаулануынан баланың тұйықталуы);
Қатты қорқып қалудан болған тұтығу;
Өзге аурулардың, қолданған дәрі-дәрмектердің әсері;
Логопед бала тілінің кеш шығуына мультфильмдерді көп көру де әсер беретінін ескертті.

«Мультфильм көп қараудың тілдің кеш шығуына әсері бар, өйткені көру, тыңдалым бар да жауап беру, сөйлеу тілі жоқ. Яғни, диалог жоқ», — дейді Алмат Тасыбеков.

Егер бала тілінің кеш шығуының себебі анықталмаса, ол ем курсын қиындатады. Сондықтан мұндай кезде кешенді тексеріс керек. Ол үшін невропатолог, логопед, психиатр, балалар психологы секілді мамандарға қаралу керек. Көп жағдайда бас ми жұмысына анализ қажет болады: ЭКГ, МРТ, ЭХО-ЭГ және т.б.

Маман ата-аналарды баламен барынша көп әңгімелесуге шақырды.

«Бала өмірге бірнеше апта бұрын келсе де және сізді мүлдем түсінбесе де, онымен барынша көп сөйлесуге тырысыңыз. Оған өлең айтып беріңіз. Балаға 6 айдан бастап кітап оқыңыз. Балаға сөзді анық айтып, суреттер көрсетіңіз. Егер ол қандай да бір дыбыспен сізді бөлсе, үзіліс жасап, оны тыңдаңыз. Баланың жетістіктерін мақтаңыз. Бала кішкентай кезінен бастап, ата-анасының дауыс ырғағынан оны мақтағанын айыра алады және түсінеді», — деді Алмат Тасыбеков.

Бала тілі – бал. Бала тілінің дамуы күрделі процесс екендігі баршамызға белгілі. Соңғы уақытта бүлдіршін тілінің уақытынан кеш шығуы жиілеп барады. Сондықтан анық сөйлеуін ерте жастан қалыптастырған дұрыс. Ата-ана бұл жағдайға уақытылы мән беріп, дер кезінде мамандардан кеңес алған жөн. Жалпы қазіргі баланың кеш сөйлеуіне не себеп? Баласының бойынан кемшілік байқаған ата-ана не істеуі керек? Осы сауалдарға логопед, психолог Нуриддинова Бақытгүл Насирдинқызы жауап берді.

«Бала шыр етіп жерге түскенде дыбыспен бірге туады»,- дейді Жүсіпбек Аймауытұлы. Сәби кішкентай кезінен бастап, өзінің қажеттіліктерін осы дыбыстар арқылы жеткізеді. Ал, баланың жасы өсе келе, дыбыстан сөйлеу деңгейіне жетеді. Баланың тілі қанша жастан бастап шығады? Бұл жайында логопед Бақытгүл Насирдинқызы былай деп жауап берді.

– Бала 2 жасқа дейін уақытының 85% анасымен бірге өткізеді. Ал 1 жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, 2 жастағы бала 300 дей сөзді анық айтып, ал, 3 жастан кейін еркін сөйлей алуы керек. Анасы осы уақыт аралығында баланың ерте, жақсы, әріптерді анық сөйлей алуына ең бірінші көмекші адам ретінде септігін тигізеді. Егер баланың 3 жасқа дейін тілі анық шықпаса, ата-ана тиісті мамандарға көрсеткен жөн. Өкінішке қарай, кейбір ата-ана 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе де, әлі ерте, бала ғой, тіліп шығып кетеді, еркелік қой деп алаңсыз жүре береді. Алайда, оның алдағы уақытта ойлау қабілеттеріне белгілі әсерін тигізуі мүмкін. Себебі сөйлеу мен ойлау қабілеті бір-бірімен тығыз байланысты.

Тілінің дамуында тежеліс немесе сөйлеу белсенділігінің жоқтығы көп жағдайда қоршаған ортаның әсерінен де болады. Бала тілінің кеш шығуының себептері қандай? Бұл жөнінде логопед, психолог маман былай дейді.

 Негізінен бала тілінің кеш шығуы әртүрлі себептерге байланысты болады. Ең бірінші анасының жүкті кезге дейінгі, және жүктілік кезеңіндегі денсаулығы да маңызды рөл атқарады. Себебі, жүктілік кезеңінде жұқпалы аурулармен ауыру немесе күйзеліс, депрессияның болуы, және алкогольді ішімдікті пайдалану секілді факторлардың барлығы айналып келгенде теріс әсерін тигізеді. Сондай-ақ, ұзақ уақыт емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы, және тұқымқуалаушылық себептерден болуы мүмкін. Дегенмен, ата-ананың бала дүниеге келгеннен кейінгі кезеңіне немқұрайлы қарайтыны тағы бар. Балаға жеткілікті түрде көңіл бөліп, сөйлеспесе бала жас ерекшелігіне сай дамымайды. Сонымен қатар бала теледидардың алдында немесе планшет, телефонның алдында көп уақыт өткізуі баланың тілінің кеш шығуына әсер етеді. Гаджеттер басып алған заманда, бала еркін сөйлеуден қалып барады. Себебі күні-бойы телефонға телмірген балақайлармен, ата-ана сөйлеспейді, салдарынан тіл құрылысындағы фонетика, лексика, грамматика жүйелері дамымайды. Ал, жасы өскен сайын, бұл кемшіліктердің қалпына келуі, қиындай түседі.

Логопед маман ата-аналардың назарына баланың тіліне массаж жасағанда қандай қателік жасамау керектігіне тоқталып өтті.

– Логопедиялық массаж ерін, тіл, бетті босаңсыту арқылы дыбыстардың дұрыс айтылуын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Логопедиялық массаж – дизартрияда, тұтығуда, тілдегі тонусты қалыпқа келтіруде, жақтардың дұрыс орналаспауында, тілдік жүйенің аппаратын дұрыстауда қолданылады. Егер массаж дұрыс жасалса, онда оның көмегімен үлкен жетістікке жетуге болады. Массажды жасау үшін ең алдымен дәрігермен кеңесіп, логопедпен сөйлеу кемістігін анықтап алған абзал. Содан кейін ғана мимикалық және артикуляциялық техникалар қолданылады. Әрине, жаттығулар логопед маманның көмегімен не көрсетуімен жүргізілуі керек. Логопедиялық массажды бірден бет, ауыз, жақтан бастап жасауға болмайды. Алдымен қолдан бастап, ақырындап бетке көшеміз.

Логопедиялық массаж жасаудың да қарсы көрсетілімдері бар. Олар: егер балада жұқпалы аурулар болған жағдайда, логопедиялық массаж жасалмайды. Себебі бала өзін нашар сезініп, теріс әсерін беретін жағдайлар да кездеседі. Екіншіден тері аурулары кезінде баланың денсаулығын нашарлау мүмкін. Сондай-ақ коньюктивит, гингвит, стоматит, герпеспен ауырғанда массаж тағайындалмайды.

Балада тұтықпа (заикание) болған кезде, көп жағдайда ата-аналар қай маманға апарарын білмей жатады. Баланы логоневроз деп логопедтерге жіберсе, кейбірі психикалық жағдай деп психиатр кеңесіне жіберіп жатады. Тұтықпаның пайда болу себебі? Қай кезде тұтықпаға логопед көмектесе алмайды? Бұл сауалдарымызға Бақытгүл ханым былай деп жауап берді.

– Тұтықпа ерте жастағы балаларда кенеттен немесе біртіндеп пайда болады. Әсіресе бұл 2-5 жас аралығындағы балаларда жиі кездеседі. Егер ерте жастан емдемесе, тілінде мұндай ақауы бар естияр бала сөйлеуге қысыла бергендіктен, көбінесе тұйықталып кетеді. Мұның арты психологиялық травмаға әкелуі мүмкін. Ата-ана баланың тұтығып сөйлейтініне көз жеткізген бойда, арнайы маманға жүгініп, оның себептерін анықтауға тырысу керек. Тұтықпа міндетті түрде кешенді қолдауды қажет етеді. Алдымен, невропотолог дәрігердің кеңесін алып, содан соң логопед сабақтарына барған жөн. Бұл әдеттің пайда болу жолдарына байланысты психолог маманның да көмегі керек. Жалпы, тұтықпа мұлде жазылмайтын дерт емес. Тек ұзақ уақыт кешенді түрде емделуді қажет етеді. Тұтықпамен жұмыс істеуде ата-анаға және маманға шыдамдылық қажет. Нәтижеге жеткенше жұмыс жасауды үйрену керек. Көп жағдайда маманнан 1-2 курс алып нәтиже болмады, ешқандай ем көмектеспеді деп жарты жолдан тастап кетуге болмадйы. Тұтығу сияқты тіл мүкістіктері баланың физиологиялық ерекшелігіне байланысты емес. Бала бір нәрседен қатты қорқып қалса, кішірек кезінде қатты травма алуынан, қатты соққы алуы т.б факторлардан туындайды. Сол себепті балаңыздың тілінен қандай да бір кемшілік байқасаңыз тез арада комплексті түрде жұмыс жасайтын арнайы маманға көрсеткен жөн.

 

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Ұлт тазалығын сақтауда тіл тазалығына ерекше мән берген жөн. Осы тұста логопед, психолог Бақытгүл Насирдинқызы ата-аналарға мынадай кеңес береді.

 

– XXl ғасырда адамдарға соның ішінде балаларға эмоционалды жылулық жетіспейді. Көпшілік ата-ана жұмыс басты болып, өздерінің балаларына толыққанды көңіл бөле алмайды. Отбасында бала мен ата-ана арасында толыққанды қарым-қатынас үзілген немесе әлсіз болған жағдайда балаларда тілі кеш шығады. Себебі, отбасында баланың дамуына ең қажетті дүние коммуникация жоқ. Ата-анасымен, айналасындағылармен сөйлеспеген соң бала да тұйықтала береді. Бар ермегі телевизор мен телефон болғаннан кейін бала да сөйлеу аппаратын дұрыс қолданып, жағын қимылдатып дұрыс сөйлеп үйренуге деген де ұмтылыс болмай қалады. Соның салдарынан қазір 6-7 жасар балалардың өзінде сөздік қорының аздығы, кейбір әріптерді айта алмауы көбейіп кетті. Сол үшін ата-аналар баламен жиі сөйлесуі керек. Балаңызға тек логопед, психолог мамандар емес, ата-ана тарапынан да қолдау керек. Баласына анасынан артық ешкім де көмектесе алмайды. Себебі бала-ананың бауыр еті. Күнделікті кем дегенде 1,2 сағатыңызды баламен сөйлесуге арнаңыз. Уақытым жоқ деп қиындатпай, балабақшадан алып келе жатып та әңгімелесуге болады. Тамақ жасап жүріп ойын сұраңыз, не қалайтынын біліңіз. Сонда балаңыздың дұрыс сөйлеуіне көмектесіп қана қоймай, логопед маманға кеткен шығыныңызды да үнемдейсіз.

Логопед төменде бала тілін шығарудың 7 жолын атап өтті:

– Бала 3 жасқа толып дұрыс сөйлей алмаса да мән бермей жатады. Қазақылыққа салынып «ол жалқау», «еркеліктен», «атасы, әкесі 5 жасында сөйлеген», «бәрін түсінеді, сөйлеп кетеді» деп созып жүріп алады. Ақыр соңында бала ойын жеткізе алмай, керегін сұрай алмай, достарымен араласа алмай қиналады. Осы уақыт аралығында, баланың тілі қатып кетеді, ол табиғи заңдылық. Уақытылы балаға көңіл бөлмесе баланың психикасы, мінезі бұзылады. Сондықтан бала уақытымен дамып, өсуі керек.

– Баланы тыңдау, келісім шартқа отыру тәсілі. Балаңыз ашуланшақ немесе тұйық па? Көп алдында сөйлемей қалады ма? Неге? Себебі, баланың бойында ойын анық, нақты жеткізе алмаған соң «комплекс» пайда болады. Баланың бабын тауып, психологиясымен жұмыс жасасаңыз, балаңызды өзіңіз танымай қаласыз.

– 1 сағат жаттығу жасауға қинамау. Бала тілге арналған жаттығуларды жасағысы келмейді. Әрине ол кішкентай бала, 1 сағаттан соң сізде балада бір-бірлеріңізден қаша бастайсыздар. Енді не істейміз?! Тілге жаттығу керек, себебі, аяғымызбен күнде жүрмесек кері кету процесі болады, тілде дәл сол секілді. Сол себепті күнделікті аз-аздан тілге ойын ойнап отырып, жаттығулар жасату керек.

– «Яблоко жейсіңбе?», «пошли далаға шығайық» осы қос тілділік, билингвизм біздің балаларымыздың тілін, ойын анық жеткізуін, тақылдап сөйлеуін құртып жатыр. Бұл үлкен проблема. Осының салдарынан балалар «қасықты-тасық», «суды-фу», «гүл- дүл» деп қате айтады. Бала сізді үстемдік етуіне жол бермеу керек. Мысалы: «Мама пошли далаға», десе «пошли» деп емес, «кеттік» деп өзіңізден бастау қажет. Балаңызға телефон бермеңіз емес, беріңіз бірақ уақытпен шектеу қажет. Пайдалы аудиоертегілер тыңдатуға болады, бала көз алдындағы оқиғаны елестетіп, қиялы дамиды. Телефонда кері байланыс жоқ болғандықтан, бала тек ақпартты құр қабылдайды.

– Баламен қарапайым, анық сөйлесу керек. «Дудуд қайда», «Абаб», «Нәнә жейсіңбе» деп айтуға болмайды. Баламен қарапайым тілде сөйлесу қажет. Бұл баланың сөйлеу тіліне тікелей әсер етеді. Керісінше баламен үлкен адамдармен сөйлескендей қарым-қатынас орнатсаңыз, сөздік қоры байып, жаңа заттармен танысады.

– «Дұрыс тыныс алу» тәсілі. «Бала неге ентігіп сөйлейді. Бәрін тез айтқысы келеді немесе сөздері түсініксіз шығып кетеді. Себебі тыныс алу дұрыс емес, баланың дауысы анық, жарқын-жарқын шығу үшін, ең бірінші тыныс алу дұрыс болу қажет. Егер баланың тыныс алуы дұрыс болмаса үйден шар үрлеу, сумен көпіршіктер шығару секілді ойындар ойнату керек. Баланың тынысын реттеу үшін бассейнге, хорға, театр үйірмесіне қатыстырған жөн. Сол кезде баланың міндетті түрде тынысы ашылады. Екіншіден «Тоқта» әдісі. Бала ентігіп келіп бәрін айтқысы келген кезде 3 секундқа «тоқта» деп балаға дем алуға мүмкіндік беру қажет. Себебі миға жеткен оттегі баланың ойын тез жинақтайды.

– «Иә, иә» саусақ жаттығуы. Шын мәнінде саусақ біздің нағыз сөйлеу тілін дамытушы дене мүшеміз. Ол тілге тікелей әсерін береді. Ұсақ моторикасы дамымаған баланың сөйлеу тілі дамымайды, бұны ғалымдар тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Кез-келген бала ойыншықтан тез жалығады. Анасымен бірге асханада, далада жүргісі келеді. Бала қасынызда болған кезде илеп жатқан қамырыңыздан кесіп беріп, немесе күрішті т.б тағамдарды бергенде баланың ұсақ моторикасының дамуына көп керемет дамиды.

 

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика