Шымкент қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық қазіргі кезде өршіп тұр. Оны күнделікті әлеуметтік желілерден, БАҚ-тан көріп жүрміз.
Шын мәнінде, әйелдердің мұндайды бастан кешіруі отбасының табысына, әлеуметтік шығу тегіне, діни ұстанымына, ұлттық, нәсілдік негіздерге бөлінбейді. Өкінішке қарай, көптеген отбасында мұндай жағдай бар. Кейбіреуінде ол жасырын түрде жүзеге асып жатады. Бізге белгісі тек 102-ге қоңырау шалып, көмек сұрағандары ғана. Қалғандары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрсе де, жылдар бойы шыдап, оны айтпай, көніп жүре беретін әйелдердің саны өте көп. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша астанада 4433 қорғау нұсқамасы шығарылған. Бұл дегеніміз елордалық 4433 әйелге қауіп төнді деген сөз. Яғни оның өміріне, денсаулығына, психологиясына қауіп төнгендіктен қорғау нұсқамасы шығарылды. Қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған 211 адам әкімшілік сотпен жауапкершілікке тартылды, — деп атап өтті полиция полковнигі.
Сонымен қатар ол көбінесе әйел адамдарға жасалатын зорлық-зомбылық, соның ішінде отбасында орын алған жайттар ішкіліктің кесірінен болады деп отыр. Не ерлі-зайыптылар бірігіп ішеді, не біреуі мас боп шу шығарады. Осындай жағдайлар болған кезде полиция ішкілікке салынған адамдардың, соның ішінде, отбасы, тұрмыстық салада құқық бұзғандарға сотпен мінез-құлқына ерекше талаптар қояды.
Ерекше талаптың ішінде биыл 250 адамға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынған. Жыл басынан бері 1023 адам Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабы және 73-1-бабы бойынша 476 адам, 73-2-бабы бойынша 255 адам жауапкершілікке тартылған. Жалпы бізде отбасы, тұрмыстық саладағы құқық бұзудың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Әрбір бейсенбі күні апта бойы 102-ге қоңырау шалып, өздерінің проблемаларын шеше алмай жүрген отбасыларды кешенді жұмысқа шақырамыз. Мұндағы негізгі мақсат – «1 терезе» тәсілі арқылы сол отбасыға көмектесу – дейді маман.
Оның сөзіне қарағанда бұл шараға түрлі сала мамандары қатыстырылады.
Медиатор, психолог, учаскелік полиция инспекторы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің инспекторы, ювеналды полиция, әлеуметтік сала мамандары. Әр сенбі күні агрессорлармен жұмыс істейміз. Сенбі күнге қойылуының өз себебі бар. Көбінесе отбасында табыс табатын ер адамдар болған соң әрі демалыс күні полиция басқармасына агрессорларды шақырып, олармен тек ер адамдар ғана жұмыс жүргізеді. Мешіт имамдары, белгілі ер психологтар, қоғам қайраткерлері, блогерлер отбасындағы құндылықты, ер адамның, әкенің рөлі, дұрыс адами қарым-қатынасты қалай орнату сынды бағыттарда сөйлеседі. Жыл басынан бері біздің назарымызға түскен 200 отбасы оңалып, қалыпты өмірге оралды. Әйел бірге тұра алмайтындай жағдайға жетсе, әрі баланың өміріне, денсаулығына қауіп төнсе, әрине, ажырасады, — дейді аға инспектор.
R-ақпарат