• Вт. Ноя 26th, 2024
Популярные метки

Бала денсаулығы бөлек әлем!

Автор:admin

Ноя 7, 2023
Spread the love
Халқымызда «Бірінші байлық – денсаулық» деген жақсы сөз бар. Сондай-ақ, «Қай жерің ауырса – жаның сол жерде», «Денсаулық – зор байлық» деп те бекер айтылмаса керек. Себебі, бір жерің ауырса саған ешқандай байлығың да, жинаған бақ-дәулетің де көмектесе алмайды. Бұл мезетте сіздің қасыңыздан табылып, жаныңызға жалау болатын дәрігер ғана. Шын мәнінде, ақ халатты абзал жандардың біздің ортамыздағы алар орны ерекше.
Жарқын елдің болашағы саналатын сәбилердің, яғни, қоғамның басты байлығы адам өмірінің сақшысы бола білген дәрігерлердің ерен еңбегі, атқарған істері әрқашан елеулі. Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы деймiз. Сол балдырғандардың денсаулығына қатты мән береміз. Бүгінгі тақырып бала денсаулығының кепілі ақ халатты балалар дәрігері жайында болмақ…
Дәрігер өмір сақшысы, олар – қолын жүрекке қойып, адам өмірі үшін күресуге ант берген арашашы жандар. Бірақ, дәрігердің де дәрігері бар. Ерінбей еңбек етіп, зор ізденіс үстінде тәжірибе жинақтап, өз білгенін науқасқа қолданатын кіршіксіз пәк жүректі абзал азаматты нағыз маман деп білеміз.

Педиатрия — бұл медицинаның ерекше саласы, онда бастысы – баланың денсаулығына мұқият және қамқор болу. Бұл адам өз пациенттерін тек кәсіпқойлықпен ғана емес, сонымен бірге сеніміне кіру қабілетімен де бағындырды. Ол өмірін қорғауға тура келетін ең кішкентай пациенттерден бастап, тасымалдау кезінде де, пікірлер мен ұсыныстар кітабында да дәрігерге алғыс білдіретін ата-аналарына дейін жоғары сенімділікке ие болды.

Медицинаның қажет емес дейтін саласы жоқ. Ал балаңыздың денсаулығын қадағалаушы дәрігер педиатрдың орны ерекше. Ата-ана вакцинацияның не үшін қажет екендігін, баланың эмоционалды проблемаларын біле бермеуі мүмкін. Бірақ оларды қашанда «Біздің сәбиіміз дұрыс дамып келеді ме?» деген сұрақ мазалайды. Осындай сұрақтарға жауап беріп, баланың ағзасындағы өзгерістерді бірден анықтай алатын дәрігер — педиатр.

Бала жаны жұмбақ әлем. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал, өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. Осы орайда, аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінде тек нәзік жанды, өз ісінің хас мамандары жұмыс жасайтынына куә болдық. Медицина қызметкерлер күні мерекесі қарсаңында нәзік жанды жаратылыс иелерінің елеулі еңбектерін ескерусіз қалдырмауды жөн санадық. Осындай абзал жандардың бірі —  Кентау қалалық ауруханасы балалар бөлімшесінің меңгерушісі Джандарбекова Гаухар Мадиярқызы.

Джандарбекова Гаухар Мадияровна Кентау қаласының тумасы. Бүгіне өзі туып-өскен қала медицинасының дамуына үлес қосып жүген абзал азаматтың бірі.

Г.М.Джандарбекова: Әкем — Джандарбеков Мадияр Нахыпұлы заводта инженер мамандығымен қызмет жасаған. Анам — Ермекбаева Бибихадиша тігін цехында тігінші мамандығымен жұмыс аткарған. Отбасымызда алты бала, ата-анамыз барлығымызды бауырмашылыққа, мейірімділікке  және сүйіспеншілікке баурап өсірді.

Дәрігер болуды мен бала кезімнен армандадым. Орта мектепті бітірген соң бала кездегі арманымды жүзеге асырып, өз мақсатыма жету үшін  Түркістан қаласындағы  медициналық колледжінің мейірбике мамандығына түсіп, кейіннен Х.А. Яссауи атындағы халықаралық Қазақ -Түрік университетінің   медицина факультетіне түсіп, Шығыс медицина мамандығы бойынша және жалпы тәжірбиелі  дәрігер ретінде  интернатураны бітірдім. Еңбек жолымды 2003 жылы Шымкент қаласындағы СВА Қайтпаста  участкелік педиатр болып жұмыс бастадым. Содан кейін әр жылдары Кентау қаласының балалар емханасында участкелік дәрігері, Кентау қалалық ауруханасының балалар бөлімінде ординатор дәрігері  болып жұмыс жасадым. Соңғы жылдары қалалык ауруханасынын балалар бөлімінде  бөлім  менгерушісінің міндетін атқарып келемін.

Жалпы,  медицина саласында жүргеніме жиырма жуық уақыт болғанымен,  аталған сала оның ішінде педиатрия саласы өте өзгеше, қиын әрі жауапкершілікті талап ететін мамандықтардың бірі екенін әрдайым айтып отырамыз.

Педиатрия — ол  сезімталдық ,ұқыптылық  тәжірбиені қажет ететін аса маңызды мамандық деп айтуға болады. Әр бір ата-ананың бала үшін жаны ауырғанын түсініп, оларға  сабырлықпен түсіндірудің  өзі білім мен шеберлікті қажет етеді. Егер оны да дұрыс жасамаса, ауруда кері асқынулар пайда болатыны анық. Балалар мен олардың ата-аналарының арасында туындайтын тусінбеушілікті жойып, қаншама баланың аяқтан тұрып сауығып кетуіне себепші болып келеміз және болашақта барлық балалардың  дендеріне  саулық тілейміз», дейді дәрігер.

Педиатрия саласы  — медицинаның басқа да саласы сияқты өте күрделі саланың бірі екен белгілі. Күнделікті дамуды, білімді үнемі жаңартып отыруды талап ететін сала.

Иә, дәрігер мамандығы қашан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, жұмысың балғын балақайлармен байланысты болса, тіпті, оңай болмасы анық. Кішкентайлардың ауырған жерін анықтау, дертіне шипа табу аса ұқыптылықты қажет етеді емес пе, – деген сұрағымызға кейіпкеріміз: «Балаларға ана ретінде барынша сүйіспеншілікпен қарауға тырысамын. Сәбилер – өте пәк, жұмбақ болады. Олардың тілін табу, бабын жасау әрине, қиынның-қиыны. Әйтсе де, қиналғанын жүрегіңмен сезу, аурудың алдын алуға кеңес беру біздің басты міндетіміз» – деп жауап қатты.

Олай болса, міндетіне адал жан  Джандарбекова Гаухар Мадияровна бастаған балалар бөлімінің, жалпы барша нәзік жанды ақ халатты дәрігерлерді мерейлі мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс тілейміз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика