Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің арнайы шақыртуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан репродуктивтік медицина Қауымдастығының президенті, PERSONA Халықаралық клиникалық репродуктология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Локшин және Америкалық денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі, Қазақстандағы профилактикалық медицина академиясының және Ұлттық дұрыс тамақтану орталығының президенті медицина профессоры Алмаз Шарман ашық дәріс өткізді.
Жиынға университетіміздің оқытушы-профессорлық құрамы, докторанттар, магистранттар,резидеттер мен студенттері қатысты.
Алмаз Шарман университеттің арнайы шақыртуы үшін алғыс білдірді. Көркейген көне Түркістанның жаңа бейнесі мен рухани азыққа толы қалаға қайта келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Профессор «Сындарлы денсаулық және денсаулық сақтаудың цифрлы экожүйесі» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Ол деструктивті медицина, конструктивті денсаулық, иммундық жүйенің қорғанысы сияқты маңызды тақырыптарды саралады.
Ал, Локшин Вячеслав Нотанович «Репродуктивті медицинадағы этикалық және адамгершілік аспектілері» тақырыбында баяндама жасады. Өз саласындағы этика нормалары мен зерттеулері жөнінде кеңінен баяндады. Әсіресе, дәрігерлік міндет, науқаспен психологиялық байланыс орнату сынды ақпараттармен бөлісті. Репродуктивті медицинаға қатысты ана мен бала өмірі, заманауи технологиялар мен зерттеулер нәтижесі, т.б осы сынды өзекті мәселелерді көтерді. Болашақта университетіміздің өз білімін жетілдіруге, репродуктивті медицина саласына қызығушылығы бар медицина факультеті студенттерімен байланыс орнатуға дайын екенін айтты. Екі апталық оқыту курсы бойынша да қолдау көрсетуге болатынын, тек, болашақ дәрігерлердің өз салаларын жаңылмай табуы керек екенін жеткізді.
Дәріс соңында студенттер мен оқытушылар баяндамаларға қатысты сауалдары мен өз пікірлерін ортаға салды.