• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

ПЕРИНАТАЛДЫ ОРТАЛЫҚ – ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ КӨРІНІСІ

Автор:admin

Ноя 4, 2023
Spread the love

Көктем келіп, айнала шуаққа бөленіп, мал төлдеп, тіршілік мейірімге толып жатқан сәт. Әр істен жақсылық, әрекеттен қайыр күтеміз. Ал жақсы жаңалықтар тіптен жанды жадыратады. Мал төлдеп демекші, қазақ кез-келген ісін малмен қатысты мақалдармен өрнектеген. «Мал жанымның садағасы», «Үшінші байлық он саулық» дей келе, «Бір қозы артық туса бір түп жусан артық шығады» деп әдемі айтып өткен. Аллаға шүкіршілік, Түркістан облысында наурыз айында №3 облыстық перинаталды орталығында үшем дүниеге келді. Осынау қуанышты хабар және басқа да жаңалықтар жайлы білуге №3 ОПО жоғары білікті дәрігері, акушер-гинеколог, бөлім меңгерушісі, 26 жыл бойы адам жанының арашасы болып, қаншама сәбидің аман-есен өмірге келуіне ықпал етіп келе жатқан Досжанова Роза Мұратқызына жолыққан едік.

– Роза Мұратқызы, алдымен перинаталды орталықтағы жақсы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз.

– Иә, жақында орталығымызда Құрман Әсел есімді Түркістан қаласының тұрғыны бір ұл, екі қыз босанды. Үшемнің аман-есен дүниеге келуі бәрімізді де қуантты. Нәрестелердің салмағы 2900 гр, 2420 гр және 2500 гр болды. Сәбилер дәрігерлердің бақылауында болды. Осы орайда айта кетейін, босанушы әйел бізде соңғы үш ай бойы тұрақты бақылауда, арасында патология бөлімінде жатып жүрді. Жүктіліктің 35 аптасын-да кесарь тілігімен перзенттері аман-есен туыл-ды. Нәрестелерге Мерей, Мансұр, Мейірім есім-дері берілді. Сәбилердің жағдайы жақсы, 8 күн-нен соң үйлеріне шығарылды. Сонымен қатар, Нау-рыз мейрамы қарсаңында, яғни 22 наурыз күні 28 сәби дүниеге келіп, шаңырағын шаттыққа бөледі, оның 16-сы ұл, 12-сі қыз, олардың арасында бір егіз бар. Жалпы наурыз айында 865 сәби өмірге келді, оның 173-і кесарь тілігі арқылы туылды.

– Роза Мұратқызы, дәрігер болу оңай емес екенін білеміз. Бүгінде әйел босанғанда соңы қиындықтарға алып келсе, яғни ауыр аяқталған босануда міндетті түрде дәрігерді кінәлайды. Осы жөнінде не айтасыз? Жүкті әйел мен дәрігер және оның туыстары арасында өзара түсіністікке қалай қол жеткізуге болады?

-Дұрыс айтасыз, әйел аман-есен босанса – қалыпты жағдай, ал егер бетін аулақ дейік, соңы өкінішті жағдайға алып келсе дәрігерді кінәлап, аяғы дауға ұласып жатады. Жалпы айта кетейін, әйел босанар алдында міндетті түрде кемі 3 дәрігерден тұратын консилиум құрылады. Мұны жалғыз бір дәрігер шешпейді. Әйелдің жағдайы ауырлау болса, мысалы, жатырдың жиырылу қабілетінің төмендеуі, жатыр қуысында бала жолдасының бөліктерінің іркіліп қалуы, қан ұюының бұзылуы, ірі салмақты нәресте т.б. көптеген факторларда операция жасалу керек пе, сонымен қатар, жатыр органын алып тастау жағдайлары, оны қалдырсақ ертең әйелге оның қандай қаупі бар деген қатерлерді ескеріп, жан-жақты талқылап, ойласамыз. Содан кейін барып нақты шешім қабылдаймыз. Әйелдің жатыр органын алу моральдық-психикалық тұрғыдан дәрігерге де оңай соқпайды. Мысалы, орталығымызға 28 апта жүктілігінде ауыр халде босанушы келіп түсті. Қалыпты орналасқан плацента уақытынан бұрын, яғни бала жолдасынан ажыраған. Сондай-ақ әйелде идиопатиялық тромбоцитопениялық пурпура, ІІІ дәрежелі семіздік, ауыр темір тапшылықты анемия аурулары болған. Осындай бірнеше аурулары бар жүкті әйел шұғыл оперативті босануға алынады. Тиісті реанимациялық шаралардың арқасында әйелдің ауыр жағдайына, жүктіліктің толық емес мерзіміне қарамастан ана мен баланы аман алып қалдық. Мұнда ең бастысы ана мен баланы аман алып қалу үшін күттірмейтін шұғыл шешім қабылдауымызға тура келді. Өкінішке қарай, жатырын алмаса әйелде қан кету қаупі болды. Ақ халатты дәрігерлердің жұмыла жүріп, күндіз-түні бақылауда ұстап қарауының арқасында әйел сәбиін көтеріп, аман-есен перзентханадан алып шықты.

Бірақ, әйелдің туыстары, яғни анасы мен жолдасы болған жәйтқа қанағаттанбай, дәрігерлерді кінәлап «Астарлы ақиқат» бағдарламасына жүгініп, басымызды біраз дау-дамайға қалдырған келеңсіз кездер де болған еді. Дегенмен, студияға шақырылған астаналық гинеколог-дәрігерлердің жағдайға үңіліп, мұқият түсіндіруінің арқасында біздің ана мен баланы аман алып қалу үшін қолдан келгенше әрекет еткеніміз дәлелденген болатын. Кейін қателігін түсініп, орынсыз кінәлағаны үшін әйелдің жолдасы дәрігерлерден кешірім сұрап кеткен болатын.

– Көпшіліктің көңілінен шығу оңай емес… Арты дау-дамайға ұласатын жағдайлар дәрігердің қаншама жүйкесін тоздыратыны анық. Сонымен әйел денсаулығын бақылауда ұстау үшін тексерістің қандай түрлерінен өту қажет?

– Әйел тұрмыс құрып, бала көтергеннен кейін міндетті түрде аймақтық дәрігерге есепке тұруы тиіс. Онда қыз кезінде қандай аурулармен ауырғаны, созылмалы аурулардың, анемия, бүйрек ауруларының бар-жоқтығы анықталады. Мұнда жүктілік кезінде болатын асқынулардың, қауіп факторларының ерте диагностикасы және профилактика шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар, балада туа пайда болатын ақаулардың болу қаупін біршама төмендететін дәрумен-минералды кешендер – жүктілікті жоспарлау және жүктілік кезінде қажет міндетті дәруменнің бірі – фолий қышқылы, йод, антиоксидантты препараттар ұсынылады. Сала мамандары гормондарға және басқа да анализдерге сынамалар тапсыру қажеттігін айтып, ары қарай маммолог, эндокринолог сынды мамандардың қабылдауына жолдама береді. Ультра-дыбыстық тексерулерден өткізіп, ана мен бала жағдайы тұрақты бақылауға алынады.

– Бүгінде гинеколог қабылдауына келген әйелдерден көп түсетін шағым қандай?

– Қазіргі таңда жастардың көпшілігін анемия, бүйрек аурулары, қан қысымының жоғарылығы немесе төмендігі, варикоз, миома, жатырдың, аналық бездердің патологиялық жағдайлары сынды аурулармен қатар, бедеулік мәселесі де алаңдатып отыр. Барлығын кейінге қалдырмай, уақытылы емдеген абзал. Себебі денсаулығы төмен анадан әлсіз балалардың туылатыны анық. Сондықтан ішке бала біткеннен кейін генетик мамандарға көрініп, іштегі баланың дамуына толықтай көз жеткізу керек. Бұл он екі мүшесі сау баланың дүниеге алып келуіне септігін тигізеді.

– Қазіргі таңда ең жасы үлкен босанушы әйелдер жасы нешеде? Бұл қауіпті ме?

– Қазір жасы үлкен босанушы әйелдердің жасы 44-46 жаста. Өткен жылы 49 жаста әйел босанды. Әрине, кеш жүктілік қазіргідей экологиялық жағдайда қауіпті екенін мойындауымыз керек. Кеш жүктілік сәбиде жүрек ақауы, Даун синдромы, қоянжырық немесе қасқыр ауыз, генетикалық, хромосомды аномалия, яғни дамымаған жүктілік сынды аурулардың пайда болуына алып келуі ықтимал. Ал мұны алғашқы 11-13 аптаға дейін УДЗ тексерісінде, екінші – биохимиялық скрининг, үшінші – хорионбиопсия, яғни хорион бүрлерінің кесінділерін алу, амниоцентез, яғни жатырда ұрықты қоршаған сұйықтықты алу арқылы айқындап, өкінішті жағдайдың алдын алу үшін жүктілікті тоқтатуға әбден болады. Кейде ақау­дың пайда болуы генетикалық жүйенің ток­сикозға, психоәлеуметтік стресс­терге, антибиотикалық терапияға, ин­фек­циялық ауруларға байланыс­ты болуы мүмкін. Жүктіліктің бірін­ші три­местрінде ұрыққа теріс фактор­лардың әсері өте қауіпті деп саналады. Негізі аурудың басталуын қоздыратын гендік мутация – кеш босану себебінен екені дәлелденуде.

Бірақ ақау анықталды деп, бірден жүктілікті тоқтатып тастау керек дегеннен аулақпыз. Оның ішінде «курабельді аурулар» және «курабельді емес аурулар» болып бөлінетінін айта кетейік. Яғни, бұл дегеніміз босанғаннан кейін емдеуге келетін аурулар. Мұндай жағдайда ерекше бақылауға алып, аман-есен босанып алу жолдарын қарастырамыз.

– Перинаталды орталыққа тәжірибе алмасуға еліміздің өзге қалаларынан келетін білікті дәрігерлер жайлы айтып өтсеңіз.

– Әлбетте, Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстандағы ең ірі ғылыми мекемелердің бірі Алматы қаласындағы Акушерлік, гинекологтар және перинатология ғылыми орталығынанан, Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығынан, сонымен бірге көшпелі оқу циклі бойынша жоғарғы санаттағы акушер-гинеколог дәрігерлер келіп семинар оқуларын өткізеді. Әр кездесуде акушерлік-гинекологиялық қызмет бойынша шешілуі қажет мәселелер мен міндеттер, атап айтқанда, ана мен перинаталдық өлім және т.б. өзекті мәселелер қозғалады. Сонымен қатар Отырар, Созақ аудандарының, Кентау қаласының гинеколог-дәрігерлері біздің перинаталды орталыққа келіп, операция жасаудың заманауи әдістерін, жаңа технологияларды қолдану тәсілдерін үйренуге келіп, тәжірибелерін арттырады.

– Гинекологияда дәрігерлердің біліктілігінен бөлек жаңа технологиялар, әдіс-тәсілдер мен заманауи құрал-жабдықтарды қолданатындарыңызды байқадық. Олардың түрлерін атап өтсеңіз.

– Біздегі заманауи әдістердің бірі – лапароскопиялық әдіспен жатыр миомасы, кистасын емдеу. Атап өтсек, миома лапароскопиясы. Миоманы лапароскопиялық алып тастау іш қуысының кішкентай инесі арқылы енгізілген арнайы құралдармен жүзеге асырылады. Құралдармен бірге бейнекамера қолданылады, бұл дәрігерге жатырдың құрылымын бейнелеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар гистероскопия – оперативті әдісі де миоманы, бедеулікті, жатырдың диагностикалық ісіктерінде патологиялық және жиі қан кетуде, кесарь тілігі операциясынан кейін жатыр қуысын қарау, емдеу және диагностикалау үшін қолданылуда.

Және КДБ – консультациялық-диагностикалық блок қызмет көрсетуде. Онда жоғары білікті 6 дәрігер, оның ішінде 2 УДЗ маманы жоғары тәуекел тобындағы, жоғары қауіпті әйелдерді қарайды, сонымен қатар онда ана мен баланың қан айналым бұзылысын бастапқы кезеңде анықтайды. Аталмыш білікті дәрігерлер жағдайы қауіпті әйелді қандай әдіспен емдеу қажет екенін, 3-ші деңгейлі ОПО-да қалдыра ма, әлде Алматыға 4-ші деңгейлі перинаталды орталыққа жібере ме деген сияқты факторларды жіті зерттеп, тиісті шараларды жүргізеді.

Соңғы үлгідегі аталмыш әдістер бүгінде ашық хирургияның үздік баламасы болып саналуда. Ал блок қызметі медициналық қызметтің мінсіз заманауи көрінісі деп толық сеніммен айта аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Жоғары білікті дәрігерлердің, соңғы үлгідегі заманауи технологиялардың арқасында жүкті әйелдер сапалы қызмет алады деп сенеміз!

Н.ИМАНҚҰЛОВА.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика