Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев Келес ауданында болып, атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алдағы жоспарларды талқылады, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған r-factor.kz ақпараттық агенттігі.
«Абай» Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Сланов ауруханада заманауи медицинаның озық техникаларын қолдана отырып көрсетіліп жатқан көмектер мен қолданыстағы жаңа алынған медициналық құрал-жабдықтармен таныстырды, сондай-ақ жасалып жатқан оталар туралы баяндады. Алдағы уақытта аудан тұрғындарына медициналық қызметтің сапалы көрсетілуі үшін медициналық құрал-жабдықтар қажеттілігін атап өтті.
Басқарма басшысы аурухананың қабылдау бөлімінен бастап, бейінді бөлімдерді, мамандандырылған емхана бөлімдерін және аурухананың сыртқы ғимараттарын аралады. Биыл аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарын талқылап, сметалық құжаттары және аудан көлеміндегі емдеу мекемелерінің жай-күйі, сонымен қатар салынуы қажет нысандарға талдау жасалды.
Алдағы уақытта Келес ауданында медицина саласын дамытуға қажетті шаралар атқарылатынын атап өткен басқарма басшысы жоғары деңгейде медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды жандандыру бойынша тапсырма жүктеді.
Іссапар соңында денсаулық сақтау саласының мамандары басқарма басшысымен медицина саласының маңызды мәселелерін талқылап, мәжіліс өткізді.
Сонымен бірге, басқарма басшысы Асхан Байдуалиев Шардара аудандық орталық ауруханасының биылғы жылы атқарылған жұмыстарымен танысты.
Басқарма басшысы аудандық аурухананың қабылдау бөлімінен бастап, аурухана, амбулаториялық-хирургия бөлімдерін және БМСКО Қазақстанды және қалалық емхананың жаңа ғимаратын аралап шықты.
Сондай-ақ ауруханада жатқан науқастармен кездесіп, жағдайын сұрады.
Аурухана басшысы Мухитдин Сейтханов аудандық ауруханада атқарылып жатқан оталар, заманауи, жаңа алынған медициналық құрал-жабдықтармен таныстырды.
Аурухананың мәжіліс залында медицина қызметкерлерінің қатысуымен медицина саласының маңызды мәселелері талқыланып, мәжіліс өткізілді.
Басқарма басшысы аудандық аурухана қызметкерлерінің атқарылып жатқан жұмыстарына жоғары бағасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.