Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дей келе, денсаулық саласын дамытуды тапсырған болатын. Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Шымкент қалалық №1 емхана ұжымымен кездесті, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
— Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда, — деді Болатбек Нәжметдинұлы.
№1 қалалық емхананың бас дәрігері Бейсеуов Махамбет өз кезегінде мәжілісменге қалаға жұмыс істеуге келген жас мамандардың тұрғынүй мәселесіне қатысты сауал жолдады. «Дипломмен ауылға» деген секілді бағдарлама қала мамандары үшін де қарастырылса, жас мамандар қызметтік пәтермен қамтылса деген ұсынысын білдірді. Сонымен қатар, дәрігерлер соңғы кезде кішкентай балалардың түрлі ауруларға қарсы екпені алуға келіспейтіндердің қатары көбейіп жатқаны алаңдататынын жеткізді. Ата-аналар екпеден бас тартып балаларының өмірін қандай қауіпке тігетінін ескермейтіндері алаңдатады. Халық қалаулысы осы бойынша республика деңгейінде сауал көтеріп, тиісті жауап болатынын айтты.
Дәрігерлер қолжетімді баспана бағдарламасы, медицина қызметкерлерінің демалыс күндерінің санын ұлғайту, медициналық сақтандыру және дәрі-дәрмектердің бағасының өсуіне қатысты бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді.«Жақында жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданды. Бұл еліміздің әлеуметтік саясатын жақсартудағы маңызы зор қадам екені даусыз. Жаңа әлеуметтік саясат – Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды өзгерістердің бірі болып табылады. Әр отбасында жаңа цифрлық картаның болуы, жұмыспен қамту саласында жаңа тәсілдерді енгізу және арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру де сондағы жаңалықтардың ішінде. Бұл біздің отандастарымыздың өміріне де, сала қызметкерлеріне де оң әсерін тигізеді», деп атап өтті халық қалаулысы.